Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Абыржы күрі не деп кетті?

07.04.2022, 11:20 730

Сайлаубай  ЖҰБАТЫРҰЛЫ

жазушы,  қоғам қайраткері

Барыс  жылының абыржысы Қамбашқа әбігер әкелді. Көл жағасындағы жұрттың тірлік­ті мекендерін тасқын судың күрі ұрып кетті. Бір келеңсіз істің ойламаған нәтижесі осылай  шықты.

Өткен жылы «Аманөткелдегі аспайды бекіттік, бұрмақұлақ жабылып, Қамбашқа су бере бастадық!» деген дабыра, түрлі сурет-видик­терімен әрленіп, тіпті бүткіл Аралды көте­ріп жатқандай даңғазаға жеткен. «Дәл осыны дабыралатудың реті жоқ, бұл анығы, кешегі кеңестік амал-әрекетке қайтып келу амалы» деген басу сөз құлаққа ілінбеді. (Сәл тірлікті желпілдете жарнамалай беретін «сырқатқа» ұшырадық қой…) Аралды қор өліммен өлтірген кеңес саясаты, кешегі күні: енді теңіз жоқ, егіс­тен қалған сарқынды сумен көлдеріңді толтыр, артық-ауыс қалған-құтқан кепілсіз су, бөгет асып төменге бара жатар деген есеппен сол Аманөткел аспайын салып берген. Солай, теңізді айтпағанда, төмендегі Ақжар, Тұщы, Қарашалаң, Қаратерең көлдері, Жаңақұрылыс алды жайылмасы есептен тыс қалған. Кеше сол «аспай» қайта бекітілгенде, Кіші Аралды айтпағанда, төмендегі сол көлдер жайы тағы не болады деген сұрақ ойда тұрды. Әрине, Қамбаштың жағдайын түзеу керек. Біздің Арал үшін күресіміздің бір парасы –  осы Қамбаш. Ол ешқашан біздің назардан тыс қалған емес. Бірақ, «айдың-күннің аманындағы» мына алақол амал не береді, төмендегі жерлер жағдайы не болады деген сұрақтың басы ашық еді. Баяғы «Сарышығанақ» авантюрасы да осы сұрақтардан жер қапқан жоқ па еді?

Жалпы Аралдың түбіне жеткен ұзына дария­лардағы алақол-алалау саясаты ғой. Енді сол алалау дерті жаңа елдігімізде алақандай Аралдың өз жеріне жеткен бе деген ащы сұрақ сол даңғаза-дабыраның тасасында қала берді. Мұның кері нәтижесі көп күттірген жоқ. Әлгі күр басқынына жетпестен бұрын-ақ, төмен­дегі көлдер қурады, Қарашалаңда қыста болмайтын жаппай балық қырылуы (су жетімсіздігінен) бүкіл Республика деңгейінде сөз болды, Арал экологтары кешегі ақпанда, – қыстың өзінде-ақ, – теңіз суы борсып, Көкарал басында адам тұра алмастай екенін айтып келген. (Қыстың күні теңіздің шіруі Аралдың қай тарихында болып еді?!) Енді міне, жөнсіздіктің соңғы аккорды – Қамбаш жағасындағы жұрт тірлігін тым тасу судың күрі қиратып кетті. Егер  осы  жаңсақ  істің  соңғы  әсері  болса…

Төмендегі ел-жер мен әупіріммен көтерілген  Кіші Аралдың жағдайын  3-4 жылға тәрк еткен (САРАТС-2 кезеңі басталғанша) бұл шара­ны ойластырғандар бір қателікті ескермеді. «Өле жегенше, бөле же» дейді халық. Аспайдан Қамбашқа су беру мәселесі ғана емес, жаңа тарих талабында, төменге де тең үлесті су босату тетігі қарастырылуы керек еді. «Біз оны ойлап едік, бірақ…» деген тайғанақ уәж бұл жағдайда ақталым бола алмайды. Төменгі ел-жердің сыбағалы суы – еш жер, ешкім өктем сөзбен бөліп әкете алмайтын өз нәпақасы. Сол міндеттің  тиімді  тетігі  ойластырылмаған.

Бұл жайттан шығатын қорытынды: Қамбашты сонша қанадан асыра толтырудың қажеті жоқ еді. Әсіресе, Сырдың суалыңқы ахуалын көзіміз көріп отырғанда… Мұндай стихиялы режімнің пайдасынан – зияны. Сауат­сыз саясаттан гөрі, икемді, ескерімді іс керек еді. Асылы «күптілік» деген сүйкімсіз жағдай. Әсіресе, жалпыға ортақ қиын жағдайда, көршіңнің сыбағасы есебінен… Маңайдағы халықтың да, табиғаттың да Қамбаш суының соңғы қалыбына бейімделген тіршілік-тірлігі бар еді. Аспай-бұрмақұлақ, уақытша болса да, осындай жайттарға сай, техникалық шешімде түсуі  керек  еді.

Болар іс болды. Ендігі ақыл ісі не? Бірер жылдан кейін Мырзастан түсетін реттеуші шлюздің Қамбаш және төңірек көлдерде сол шлюз реттейтін су ұстау деңгейін (режімін) заңды түрде бекіту керек. Иә, заңды түрде! Бұлай деуіміздің себебі, «Көкарал» бөгеті басында талай болғанымызда, ары құлап жатқан көп суды көріп, сол нысан басшылығына «жігіттер, мына бөгет тоспасын бір жарты метр­ге көтеріңдер, сонда үлкен Арал сорына балығымен қоса кетіп жатқан көп су Көне Мергенсай алдына, Бірлестік, Құмырсқалыға теуіп, Арал маңын су басатын болады» деп, ретті ұсыныс айтқанымызда, олар «ағасы, бұл тоспаның осы тұрысы (42 м.) заңмен бекітілген, біз заңды бұза алмаймыз» деп, азар да безер болған. Заңды ұстаған дұрыс әрине… Енде­ше, Мырзас бөгетінің режімі де сол ретпен заңды болуы керек. Заңдылық негізі – Қамбаш және басқа да көлдердің соңғы жарты ғасырда қалыптасқан өмір қалыбы болуға тиіс. Бұл жарты ғасырда қалыптасқан режімде Қамбаш өзінің жаңа өмір ырғағын қалыптастырған, бейімделген. Өлген жоқ. (Тек, өткен жылғы аномальді су тапшылығы ғана қиналыс әкелді). Орта деңгейлі Қамбашта балық өсіп, өріс­теп, құс ұялап – табиғат өзінің өмір қалыбын тапқан. Сол ретпен халық көл жағасына тіршілік нысандарын салған. Пішен ору, қамыс шабу тірліктерін қалыптастырған. Енді бұл тірліктер үшін асып-тасып, әбігерге салатын әсіре-Қамбаштың керегі жоқ. Осы кезге ше­йін ол қалай өмір сүрді, қалыптасты – сол өмірі ары  жалғасуы  керек.

Мәселенің екінші жағы да бар: үстеуі орта­ша Қамбаштан төмен қарай бір текше метр болса да су үнемделіп, Аралға ағатын болады. Төменде басқа да көлдер жүйесі бар. Олардың да тіршілігі бар. Олардың да халі Қамбаштан қиын болмаса, кем соғып жатқан жоқ. Алақол, дабыралы, ескерімсіз бастамалардан абай бол­ғанымыз  жөн.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: