Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дүниенің бәрі – боқ

14.06.2024, 8:50 768

HALYQLINE.KZ

«Шіркін, билік!

Билік үшін хан тұқымы да, қара да қан төгеді.

Ақылды да, ақымақ та арпалысады.

Жас та, кәрі де күреседі.

Үлкендерді қойшы, өз ортасына үстемдік жүргізу үшін балалар бақшасының бүлдіршіндеріне дейін бар күшін салады. Ақыры біреуі басым шығып, «атаман» болады. Соның дегені деген!

Адамдарды айтамыз, хайуандардың өздері де сондай! Қай қошқар жеңсе, отарға сол қожа. Қай айғыр жеңсе, үйірге сол ие!

Жыртқыштарға жалпы дауа жоқ!

Бұлардікі түсінікті. Құрт-құмырсқа, қоңыз-моңызға не жорық?! Болеслав Прустың «Перғауын» романы бойынша түсірілген көркемсуретті фильмді көрдім. Қанша жыл өтті, содан бері бір көрініс есімнен кетпейді. Фильм әлі басталған да жоқ. Тап-таза экран. Экранда қып-қызыл құм. Аспанда шөкім бұлт көрінбейді. Жерде бір түйір шөп жоқ. Құм. Құм. Құм ғана. Бір кезде оператордың аппараты кәдімгі малдың тезегіне таласып, жан алып, жан беріп жатқан екі боқ қоңызды көрсетеді. Көне Мысырда бұл қоңыздарды әулие және қасиетті жәндік деп есептеген екен. Мейлі, есептесе, есептесін. Сол қасиетті деген осырақ қоңыздардың біреуі өзі үшін илеп үлгерген домалақ тезекті екіншісі тартып алмақ! Мәнсіз, мазмұнсыз, пәтуасыз тірлік. Көрермен солай ойлайды. Бірақ көп кешікпей сахнаға адамдар шығады. Олар билік үшін таласады. Таласады да бостан-босқа боқ басында өледі.

Авторлардың ойы сондай әдемі. Дүниенің бәрі боқ. Адамдар – қоңыз. Боққоңыздар, осырақ қоңыздар, дүние қоңыздар. Ал өмір – жалған. Өмір алдамшы.

Бірақ адамдардың бәрі бірдей Диоген емес. Оларға үлкен философияның керегі жоқ. Оларға тамақ бер, оларға киім бер. Әйтпесе, билік бер. Билік берсең, өзі-ақ молырақ алады. Күшпен алады, айламен алады, тартып алады. Ал басқалардың бергісі келмейді. Неге ол артық алуға тиіс? Ол кімнің Құдайы? Ала алмайды? Алғызбаймыз!

…«Кімнің кім екенін білгің келсе, қолына билік бер!» деген даналық сөз бар.

…Адам тапқанды адам табады. Бірақ айналаң толған әзәзіл: Байлық – әзәзіл, билік – әзәзіл, арақ – әзәзіл. Тіпті әйелдің өзі – әзәзіл. Күндердің күнінде адамның адамы ғана Адам боп қалып, қалғандары түгелдей сайтанға айналатын шығар. Ақылды азаматтардың өздері билікке ұмтылғанда, осы оңбаған тірлікті түзетемін деген ниетпен ұмтылады. Бірақ, өкініштісі сол, ол тірлікті ол түзете алмайды. Керісінше тірлік оны қайтып ешкім түзете алмастай етіп қисайтып береді.

…Басқаны білмеймін, ал хан сарайында ұзақ қызмет істеген адамдардың сөзіне де, ісіне де сенуге болмайды. Олардың ақыл-ойлары, тіпті адамдық-азаматтық сезімдері де деформацияға ұшырамай қоймайды. Өзгелерді айтпағанда олар өз үйлеріндегі сүйген жарларымен, бала-шағаларымен де дипломатиялық қарым-қатынас жасайды. Өзінің қабағын, өзінің тілін күзетумен күндері өтеді. Қарқылдап күле алмайды, еңкілдеп жылай алмайды. Ғабит Мүсірепов ағамыз айтқандай: «Аузын толтырып, айызын қандырып боқтай да алмайды».

Бұл сөздерді мен айтып, мен жазып отырғам жоқ! Кеше ғана ортамызда жүрген қазақ ұлтының ұлы ақыны Қадыр Мырзалиев осыдан он жыл бұрын жазып қойыпты.

«Елге, әсіресе, басшыларға, тірі ақыннан гөрі өлген ақын тиімдірек. Олар өкіметтің мазасын алмайды. Айтатынын олар баяғыда айтып, сынайтынын олар баяғыда сынап кеткен. Енді олар оппозиция емес, бар болғаны цитатаға, мысалға айналған». Бұл сөзді де мен айтып отырғаным жоқ. Әулие Қадыр Мырзалиев өзі жазып кетіпті.

***

Бізге алып қосар ештеңе қалдырмай бәрі де айтылыпты деп ойлаймын. «Жаның жәннатта, тұрағың пейіште болсын! Ұлтымыздың ұлы ақыны!» (Қазір біз сізге осыны ғана айта аламыз.)

Амантай  ТОЙШЫБАЙ

 Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: