Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Черныч»

11.03.2024, 22:00 198

HALYQLINE.KZ

(Мөлтек  әңгіме)

Кіп-кішкентай канден иттің күшігі. Төрт пәтерлі, екіқабат шағын үйдің кіреберісінде таң алдында жауған қардың аязына бүрісіп, бүк түсіп жатқан. Пәтердің бірінен шыққан тұрғын ақ қардың үстінде болар-болмас қимылдап жатқан «қара ноқат» тіршілік иесін аяғымен ысырып, жылы дәлізге кіргізіп кетті.

Бойы жылығаннан кейін тамақ іздеді ме бауырын көтеріп, тіміскілеп апыл-тапыл қозғалды. Бір тұстан жағымды иіс келді. Жолдағы аяқкиімдерге сүріне жүріп, тұмсығын көтеріп иіс шыққан жерге жақындағанда есік ашылды.

– О..оо… Күшік, – деген балалардың дауысы жарыса шықты.

Есіктен шыққан бір ер, бір қыз бала қолдарына аялай алып, алма-кезек сипалады. Қарсы есіктен шыққан қыз бала да басынан сипап, «аш қой» деп, ішке қайта кіріп, тәттілер алып шықты.      Біреуі ескі киім алып шығып, подъездің бір бұрышына төседі. Лезде тамақ, су құятын ыдыстар пайда болды. Не керек, балалар мектепке кетемін дегенше суын, тамағын беріп, тіршілік иесіне мейрімділік көрсетті.

Түс ауа оқуынан оралған балалардың біреуі төсеніш төселген орында күшіктің жоқ екенін көріп, есікті ашып:

– Мама, Черныч қайда? – деді.

Ештеңеге түсінбеген анасы:

– Ол кім еді, шырағым-ау.

– Күшік… Қара күшік, мама.

Ойда жоқта осылай «Черныч»аталып кетті.

Ол есейгелі подъездегі жоғала беретін жарықшам орнында тұратын болды. Шатырдағы жабайы кептерлерді аулап, есіктердің алдын саңғырыққа толтырып кететін көше балалары да жоламайтын болды.

Төрт пәтердің үлкен-кішісінің жүріс дыбысынан таниды. Келе жатқанын анадайдан біліп, алдынан шығып, аяғына оратылып еркелеп, подъезге кіргенше еріп келіп, өзіміз ғой дегендей жағымды дыбыс шығарып үре бастайды. Ал, бөгде адам көрсе дауысы ап-ащы. Әлігінің апшысын қуырып алады. Ашуына тисе балаққа жармасып, теуіп жатса да қайтпайды. Енді оралмайтындай қылып жібереді. Жанды дабыл қағушы.

Балалармен ойнап, кішілеріне тісін батырмай тістелеп, мәре-сәре боп жатады. Үлкен-кішімен үйреніскені сондай, көрші Қалида жазда арықтағы суға жуындырып, жүнін тарап «Қыз ғой, әдемі болып жүрсін» деп көршілерді күлдіріп отырғаны. Күзге қарай күшіктегенде де «тұмса ғой» деп ыстық тамақ беріп жүрді.

Пәтердегілер жер үйге ие болып көше бастады. Ондай кезде екі-үш күнге дейін көрінбей кететін. Е…е… көшкендерге біражолата еріп кетті-ау деп отырғанда қайтып келіп, кіреберісте мұңайып жататын. Жаңа қонысына еріп барып, бір-екі түнеп қайтады екен.

Тұмсығында, жүндерінде ақ қылшықтар пайда бола бастаған. Ойнайтын, еркелететін балалар да есейіп кеткен. йда жоқта аулаға келген көліктің доңғалағын көлеңкелеп жатып, сол доңғалақтың астында қалыпты.

Адамның мейірімін көрді… Адамға адал қызмет жасады… Ажалы да адамнан болды…

Есекей  Құдайберген,

Қазалы  ауданы,

Әйтеке  би  кенті

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: