Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бұл – жаудың ісі!

08.09.2022, 12:20 645

Қостанай облысындағы өрт, бұл – диверсия! Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын болдырмау мақсатында жасалған террорлық акт! Бұған Ресейдің арнаулы қызмет орындарының қатысы болуы мүмкін.

Қазақтың ұлттығын сақтауда нақ Ахмет Байтұрсынұлындай қызмет еткен тұлға қазақ тарихында кемде-кем. Ахаң – қазақ ұлтын сақтаудың ғылыми-теориялық негізін жасаған кемеңгер. Сол үшін де Ахаңды «Ұлт ұстазы» дейміз. Бір дүние анық – Ахмет Байтұрсынұлы қазақ ұлттығының символы! Ал ішкі-сыртқы дұшпандардың қазаққа қарсы жүзеге асырып жатқан қасақы әрекеттерінің ішінде ұлттық символдарды дәріптеуді болдырмаумен күресетін арнайы күштер бар. Бұл – солардың әрекеті! Осы мақсатта ішкі-сыртқы жау күштері әртүрлі тәсілдермен қазақтың ұлттық санасының оянуына қарсы бағытталған барлық деңгейде майдандар ашуда. Мұнымен бел шешіп күресуге біздің билік дәрменсіз. Қайта көп жағдайда билік сыртқы күштердің сойылын соғып кетуде. Мұны халық көріп отыр. Осыны көріп, Ақорда ішінде жансыздар өріп жүр ме дейміз.

Кейінгі кезде Ел Тәуелсіздігіне, мемлекетіміздің тұтастығына қарсы сырттан да, іштен де неше түрлі мәлімдемелер айтылуда. Бірақ олар көп жағдайда жазасыз құтылуда.

Ал мына Әулиекөлге жан-жағынан өрт қойғандар тез арада ұсталып, қатаң жазасын алуы керек. Әйтпесе, бұл диверсия еліміздің басқа өңірлерінде де жалғаса бермек.

Сосын тағы бір айтарым, халқымыздың ұлы тұлғаларының мерейтойын олардың туған жерлерінде ауылдық деңгейде өткізуді доғару керек. Бұл – барлық жағынан зор шығын. Мұның рухани-саяси қайтарылымы кемшін. Ішеді, жейді, кетеді. Атшаптырым той орнында шашылған пластик, үйілген қоқыстан  басқа  ештеңе  қалмайды. Ел  есінде  де…

Әрине, мерейтой  тұлғаның туған жерінде бастау алсын. Ескерткіші ашылып, мұражайы бой көтеріп, ауылы абаттандырылып, жолдары салы­нып дегендей. Бірақ негізгі, қорытынды мереке салтанаты Ел­ордада  өтуі тиіс. Бұған Президент пен Үкімет мүшелері толық құрамда, сондай-ақ ел зиялылары қатысуы керек, яғни Ахаңдай ұлы тұлғалардың мерейтойы Елордада өтуі арқылы мемлекеттік тұрғыда ресмилендіруі керек. Әйтпесе, ұлт һәм мемлекет тұлғаларын ұлықтау іс-шаралары  ауылдық  деңгейде  қалып  барады. Мәселен, Абайдың кешегі өткен 175 жылдығы да кеңестік кезеңдегі шопандар тойының деңгейін­де өтті. Абайдың 150 жылдығы ғана Алматыда (сол кездегі астанамыз) ресми мерекеленді. Содан бері Абай бастаған ұлыларымыз­дың  ешқайсысы  ел  Астанасына кіре алған жоқ. Қазақша айтқанда Назар­баев билігі Ақмола астана болғалы қазақтың бір жақсысын – сонау Абылай мен Бұқар жыраудан бастап, Елорданың есігі түгілі тесігінен сығалатқан жоқ. Бірақ Елордаға өзінің атын бергізді. Осы әділет пе?!

Осылайша Қазақ Мемлекеттігіне өлшеусіз қызмет еткен, осы жолда қанын төгіп, жанын берген тарихи тұлғаларымыз ауылда шаң жұтып қалып қойды. Керісінше, неше түрлі діндер съезі, мемлекет идео­логиясына түк пайдасы жоқ қаптаған саммиттер, халықаралық жиындар мен Астананың бес-он жылдығы деп Елорданы басып кеткен небір нашақор әлемдік жұлдыздар үшін Бас қаламыз «проходной двор» болды. Мұның бәріне бюджеттің (халықтың) қаржысы шашылатынын ескерсек, бұған  тоқтам  болуы  керек.

Сөз соңында айтарымыз, ұлы тұлғаларымыздың есімдерін Елорда төрінде мемлекеттік деңгейдегі салтанатты жиындар арқылы ресми түрде  ұлықтамай, олардың мәртебесі еш көтерілмейді. Ал ұлы тұлғалар осылай  ұлықталмайынша, олардың өнегелі өмірі  мен  артында  қалдырған мұрасы тұрақты түрде толассыз жаңғыртылу арқылы халық санасына  жетпейінше, ұлт  оянбайды, ел  еңсесі  көтерілмейді.

Алда әлі уақыт бар, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы осы күздің аяғына дейін Елордада, мемлекеттік деңгейде, барлық ресми талаптарға сай, өз мәнінде атап өтілуі керек.

Ал Қостанай облысының Әулиекөл ауданында өрт қоюды ұйым­дастырған  диверсиялық  топтар  ұсталып, жазалануы тиіс. Үкіметтен  бұл  жөнінде  ресми  жауап  күтеміз!

Ерлан  ТӨЛЕУТАЙ,

өнертанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: