Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Бөжайлар мешітте жүр…»

18.08.2022, 12:00 276

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бірақ елімізде Ислам дінін ұстанушылар көп екені рас. Сол себепті мешіт те елімізде жетіп артылады. Әлеуметтік желіде Серік Хасенов есімді қолданушы мешіттің жиі салынуына қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, бөжайлар мешітте жүр екен. Бұл сөздің мағынасын былай жіктейді.

«Ресейдің Кеңес Одағынан қал­ған ескі артиллериясы сияқты түкке жарамсыз адамдар топырлап, бір-бірін көріп мәз. Қаңтардан кейін тірі қалғандарына риза болып көрісіп жатқан түрлері шығар… Көршілес Өзбекстан мемлекетінде 2000-ға жуық мешіт (35 миллион халық) болса, ал Қазақстанда 4000-ға жуық мешіт (19 миллион халық) бар екен. Жақында Өзбекстанда газ өңдейтін зауыт ашылады. Бізде жаңа мешіт ашылып жатыр. Енді бір 50 мың адамдық тойхана салса, Илон Маск өзі бара берсін Марсына… Мен қазақпын ғой, той тойлап алып, жолдан әжетханаға соғып, артынан мешітке барып дәрет алып, жалбарынып алсам болды. Қалғаны бос сөз, бас аман болсын. АҚШ пен Еуропа, Қытай мен Жапония аман болсын, инновация­ларының әлі қызығын көреміз. Университеттерде екі-ақ факультетті қалдыруды ұсынамын! Дінтану мен филология. Уағызшылар мен асабаларға қол соғып отыра берейік» деп ашуын білдіргендей жеке  парақшасына  жазыпты.

Бұл  жазбаға қоғамның пікірі екіге бөлінді. Бірі дұрыс десе, енді бірі бұрыс дейді. Шыны керек, автор бұл пікірімен бөлісер кезде сынға ұшырайтынын әлде­қашан білді. Өйткені 19 мил­лион халықтың жартысынан көбі – мұсылман. Дей тұрғанымен, реалис­тік көзқараспен қарасаңыз, автор айтылмай жүрген мәселенің бетін ашты. Бізде зауыт салар кезде қолы­мыз тарылып қалатыны сөзсіз. Алысқа бармай-ақ, Қызылорда облысында жыры бітпейтін шыны зауытының өзі бір төбе. Бірнеше ер әкімнің әуселесі жетпей, әйел әкім тұсауын кесіп еді. Алайда қуаны­шымыз ұзаққа созылмады. Сол салынып жатқанда, басты серіктестік Қытай мемлекетінің азаматы, «China Triumph International» кеңесінің төрағасы Пенг Шоу, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен облыстың экс-әкімі Гүлшара Әбдіқалы­қова «бірлесе жұмыс істейміз» деп айт­қан болатын. Бірақ зауыттың тоқтап тұрғанына біраз болды. Кейде кеудеге сан түрлі күдік ұялайды. Өйткені ашылу салтанатында Пенг Шоудың сөзін БАҚ өкілдеріне жариялауға рұқсат бермеген еді. Соған қарағанда әу бастан шыны зауытын салу емес, бағыты басқа болды ма? Хош. Өңірдегі зауыттың жыры әкімнен-әкімге, қолдан-қолға эстафета болып, берілуі ұзаққа созылуы әбден мүмкін.

Мешітті көбіне жеке кәсіпкер­лер өз қаражаты есебінен салады. Сондықтан кәсіпкердің өз қалауына таласымыз жоқ. Десе де, еліміздің кенжелеп тұрғаны – нақты мәселелерді қарастырмай, өз мүдделерін бірінші кезекке қою. Көп жерде қашанда «былық» та қатар жүреді. Мәселен, Ислам дінін ұстанушыларды өзге діндегілер террористік топтармен теңестіріп жатады. Бұның басты себебі адас­тырушы ағымдардың арбауында кеткендердің кесірі. Алланың да «аузына сөз салып» һәм «атынан сөйлейтіндер» көбейді. Өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай аруақтармен тілдесіп, талай-талай мықтылардың аруағын «кабинеттеріне» шақырып алатын дәрежеге жетті. Одан қалды, дінді өз қалауымен таңдап, сол жолда жүріп, жақындарын да тартатындар бар. Егер көнбесе, отбасынан безіп кететіндері де жоқ емес. Ең өкініштісі, бесіктен белі шықпаған жасөспірім қыздардың жақсы мен жаманның аражігін ажырата алмай, өз еркінсіз хиджаб киюі де қоғамды алаңдатуы керек. Дін – бұл әр адамның сенімі. Сол себепті ешкім бір адамның таңдауына қарсы келуге құқы жоқ. Алайда өзге ағымдардың әсерінен «мешіт салынбауы керек» деген тұжырымға келу  де  ақымықтық  екені  сөзсіз.

ТҮЙІН. Жаратқанға құлшылық етуге ешкімнің қарсылығы жоқ. Тек құлшылық ететін орындардың көптігі қаншалықты дұрыс деген сұрақ туындайды? Өйткені бес парызды орындау үшін көпэтносты мемлекетке қанша мешіт керек? Шынтуайтына келгенде, елдің дамуына мешіт те кедергі келтірмейтіні хақ. Әйтсе де, әр ауылда бір мешіт салынғанымен, қоғам түзеліп кеткен жоқ. Бәрі ынта мен ниетке келіп тіреледі. Халқымыздың жарты бөлігінде масылдық көзқарас қалыптасса, жартысында біреудің жинап бергенін таратып беріп, жалған бедел жинап, дүмше молданың шаруасын жасайтындары жалған емес. Құй сен, құй сенбе, тек халықтың аз бөлігі ғана еңбек пен ғылымға машықтанған. Азды көп қылу үшін жұмыс істеуіміз керек. Орта Азияда ең үлкен мешіт бізде бар. Барды еселей бергеннен түк шықпас, жоғымызды түгендеген әлдеқайда дұрыс шығар. Құр атақ пен мақтанышқа емес, қажеттілікке жұмыс істейтін кез келді.

ҚҰЙЫН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: