Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

БІРЕУ – БАЛАСЫЗ, БІРЕУ – САНАСЫЗ

24.02.2022, 11:00 876

Бір балаға зар болып жүргендер көп. Олар кейбіреулер секілді «маған ұл керек не қыз керек» деп көлгірсімейді. Әйтеуір ата-ана болу бақытын сезінуге құштар жандар жетіп артылады. Ерлер мен әйелдер арасындағы бедеулік белең алған заман болды. Еліміз бойынша 14 мыңнан астам әйел бала сүю қабілетінен айырылған. Денсаулыққа дұрыс көңіл бөлмеу, зиянды ас-суды жиі қолдану, алкогольдік ішімдіктерге тым әуес болудың түбі ұрпақсыз қалу қаупіне әкеліп соғып жүр. Осындай көңілі түсіп, жігері жасыған жандарға жасанды ұрықтандыру жолы көптеген отбасыға үзілмес үміт сыйлап үлгерді.

ЖАҢАҚОРҒАНДА  45  ЖАСТАҒЫ  ӘЙЕЛ  БОСАНДЫ

Президент Қ.Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйе­гінде  «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа жолдауында «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастап, экстракорпоралдық ұрықтандыруға квота санын жеті есеге көбейтуді тапсырған болатын. Былтыр облысқа «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 281 квота бөлінген. Соның нәтижесінде 3 отбасы сәбилі болыпты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі бөлімінің маманы  Мира  Мырзаханова  мәлімдеді.

– Биыл облысқа 277 ЭКО квота бөлініп отыр. 2021 жылы бөлінген қаржы толық игерілді. Дегенмен, 163 жүктілік тіркеліп, оның 62-сі түсікпен аяқталған, қалған 56 әйел стимуляция сатысында. ЭКО нәтижесінде 45-60% әйел бала көтеруге мүмкіндігі бар. 45 жасқа дейінгі әйелдер ЭКО әдісін пайдалана алады. Қазіргі таңда облыс бойынша 6320 бедеу отбасы бар. 2014 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 703 отбасы кезекте тұр. Ол отбасылардың барлығы өңірлік комиссия арқылы тексеруден өтеді, – деді  ол.

Бұл бағдарламаға екінің бірі қатыса алмайды. Оған  қатысу  үшін де  бірнеше талапқа сай болуың керек. Мәселен, әйел денсаулығында жатырдың туабітті немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген локализация онкологиясы, денедегі қатерлі өскіндер кездесетін болса, өкінішке қарай квота алу мүмкіндігінен айырылады. «Аңсаған сәби» бағдарламасы  аясында ЭКО-ға жолдама алу үшін алдымен тіркелген жері бойынша емханаға бару міндетті. Сол жерде үміткерді бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тізіміне қосады. Одан кейін тексерістен өтеді. 12 айдың ішінде емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, емшараға дайындық басталады. Пациент экстракорпоралды  ұрықтандыру  клиникасын өзі таңдайды. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша экстракорпоралды ұрықтандыру процедурасы жылына бір  рет  тегін  жасалады.

Қызылорда  облысында квотаға кезекте тұр­ған әйелдердің 10 пайызы – егде жастағылар, қалғандары – 17 жастан 40 жасқа дейінгі  әйел­дер. Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша дүние­ге келген баланың  анасы  Жаңақорғанда,  жасы  45-ке  келген.

ОБЛЫСТА  1000-ға  ЖУЫҚ  ЖЕТІМ  БАЛА  БАР

«Жетім» деген сөз жағымды болмаса да ай­тайық. Қызылорда облысында 0-18 жас аралы­ғында 1000-ға жуық ата-анасының қамқорлы­ғынсыз қалған бала бар. Оның ішінде 750 бала отбасында тәрбие алса (қорғаншылық пен қамқоршылықта – 685 бала, патронаттық тәр­биеде – 65 бала)  және  85 бала жетім және ата-анасы­ның қамқорлығынсыз қалған балаларға арнал­ған білім беру, денсаулық сақтау, әлеумет­тік  қорғау  ұйымдарында тәрбиеленуде.  Ал «Атамекен»  бала­лар  ауылында 40-тай бала  тәрбиеленіп жатыр. «Қазақ жетімін жылатпаған елміз» деген әлімсақтан ұранды сөзіміз бар. Және «біз осы уәдені ұстап тұрмыз ба, әлде ұранымызды айналсо­қтап тиіп-қашып жүрміз бе?» деген де сауал жоқ емес. Бала асырап алғысы немесе қамқоршы болғысы келетіндер көп. Алайда мемлекет бұл жағдайда да қалаған баланы қолыңа жетектетіп жібермейді. Оны алудың да алапат шарттары бар. Жетім және ата-ана­сының қамқорлы­ғынсыз  қалған  баланы  отбасы тәрбие­сіне (қорғаншылыққа, патронаттық тәрбиеге, асырап алу, қабылдаушы  отбасы тәрбие­сіне) алу үшін, бірінші  кезекте, асырап алушы ата-ана­лар мектебінде 3 ай  психология­лық дайындықтан, яғни оқу курсын өтуі қажет. Қолыңыз­ға  сертификат  тигеннен кейін бала асырап алуға тілек білдірген  адамдар  есебіне тіркелесіз. Бала­ны алатын  отбасы толық болуы керек, яғни ер мен әйелі болу керек. Сондай-ақ, денсаулық жағ­дайлары, айлық табыстары мен әлеуметтік жағдайлары да ескеріледі.  Балалар ауылының түлектерін  әлеу­меттік қолдау үшін «Жас жеткіншектерді  әлеуметтік  бейімдеу  орталығы» қыз­мет  етеді.  Онда 16-23 жас  аралығындағы  29  (кәмелетке толмағаны-9) жасөспірім  тәр­биеленуде. Оның 12-сі жоғары оқу орындарында, 17-сі кәсіптік техникалық білім беру ұйымдарында оқиды. Арнау­лы әлеуметтік қыз­меттер көр­сету  балалар  орталығында  әртүрлі  диагноз­бен 33 бала тәрбиеленуде, балалар  уақытылы  қажетті  ем-оңалтудан  өтеді.

«Облыстық мамандандырылған сәбилер үйі» мемлекеттік мекемесіне сәбиін әкеліп тас­тайтындардың дені «асырауға қауқарым жоқ», «әлеу­меттік жағдайым төмен» деген сылтаумен келеді  екен. Мұны мекеменің бас дәрігері Гүлсім Ержанова  айтып  отыр. Және баласынан «безіну­ге» даяр  келіншектің ең жасы – 17-де. Ол да бала­сын баға  алмайтын болғандықтан осы жерге әкелу­ге  мәжбүр  болған.

– Облыстық мамандандырылған сәбилер үйі – өмірлік қиын жағдайға тап болған сәбилерге сая болатын мекеме. Туғаннан бастап 3 жасқа дейінгі ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға психикалық және денсаулық жағдайында кемістігі бар балаларға арналған баладан бас тарту қаупі бар отбасыларды психологиялық-педагогикалық қол­дауды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымы­ның ережесі  негізінде қызмет етеміз. Мекеме­де  бүлдіршіндерге  емдеу, профилактикалық оңалту және психологиялық қолдаулар көрсетіледі. Сондай-ақ, педиатр, терапевт, психолог, логопед маман­дары топтасып балалардың денсаулығын жақсартуға  жұмыс  істейміз, – деді  ол.

ТҮЙІН. Баланы дүниеге әкелу бар және сол бала үшін ата-ана міндетін мүлтіксіз атқару және жауапкершілік алу бар. Біз мұнда бір-бірімен  кері ағысты байқап отырмыз. Бірі баласынан бас тартып жатса, бірі балалы болу үшін басын тауға да, тасқа да соғып жүр. Бардың қадірін білмейтіндерді, жоққа жеткізбейтіндерді сеңдей соғыстырып қойған өмір осындайымен құнды ма екен?!.

Ә.НАЖМАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: