Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бір ел – бір уақыт

29.02.2024, 12:40 431

Бүгін түнде, яғни 2024 жылдың 1 наурызынан бастап елімізде сағат ауысады. Бұл жаңалықты адамдар әртүрлі қабылдап, өзінің пайым-пікірін ортаға салуда. Біз Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетіне хабарласып, сағатты біріздендірудің мән-маңызын білдік.

ӘЛЕМ  ЕЛДЕРІНІҢ  ТӘЖІРИБЕСІ

Алдымен әлем елдерінің тәжірибесіне мән берсек. Жер бетінде бойлық сызыққа байланысты біріккен 24 сағат белдеуі бар. Кейбір уақыт белдеуіндегі айырмашылық 30-45 минутты ғана құрайды. Теорияда әрбір 1 сағат уақыт белдеуі ені 15 градус, бұл орташа күн уақытындағы 1 сағат айырмашылықты көрсетеді. 1884 жылы Гринвич меридианы (солтүстіктен оңтүстік полюске өтетін сызықты немесе шеңберді сипаттайды) бойынша орташа уақыт анықталды.  1929 жылы әлем елдері осы шеңбер бойынша сағатын түзетті. Бұл бойынша Токио қаласында сағат уақыты 17:00 болса,  Пекинде 16:00-ді, Астанада 14:00-ді, Бакуде 12:00-ді, Мәскеуде 11:00-ді, Берлинде 9:00-ді, Лондонда 8:00-ді көрсетсе, Вашингтонда түнгі 3:00-ге  сай  келеді.

Әлемде уақыт белдеуі ең көп ел –  Ресей Федерациясы. Онда 11 уақыт белдеуі бар. Мәселен, Калининградта сағат  9:00 болғанда, Мәскеуде 10:00-ді, Омбыда 13:00-ді, Иркутскіде 15:00-ді, Владивостокта 17:00-ді, соңғысы Чукотка автономиялық округінің астанасы Анадырьда 19:00-ді көрсетеді. Яғни Ресейдің бір шетінде таң атып жатса, бір қиырында күн батып жатады. Еуропа мен Азияны тұтас қамтитын Ресей сынды Қазақстанда сағат айырмашылығы болмаса да, оразаның кезіндегі ауызашарда Алтай мен Атырау арасындағы уақыт айырмашылығының әрбір минутын сезінеміз.

АҚШ  4  уақыт  белдеуі  бойынша сағатын белгілейді. Олар: Тынық мұхиты сағат белдеуі – UTC08, таулы аймақтың сағат белдеуі – UTC07, орталық сағат   белдеуі – UTC06, шығыс сағат белдеуі UTC05 болып бөлінеді. Дегенмен, территориясы үлкен елдер, мысалы, Үндістан мен Қытай тек 1 уақыт белдеуін пайдаланады. 1912-1949 жылдар аралығында Қытайда 5 уақыт белдеуі болды. 1949 жылы Мао Цзэдун билікке келуімен елде ортақ уақыт – Бейжің сағатына бағыну басталды. Пекиннің уақыты Ресейдің Иркутск  қаласына тең, яғни UTC+8 белдеуіне сай келеді. Оның  қиындығы да жоқ емес. Қытай  астанасында  түс  болғанда,  шығыс өңірлерінде  таң  атып жатса, батыс өңірлерді қараңғылық  басады. Алайда  ресми  Пекин  бір  уақыт  белдеуінен  бас  тартпайды. Өйткені  орталықтандырылған  билік  жүйесіне  ең тиімдісі  UTC+8 белдеуі  болып  тұр.

Стандартты бір уақытқа бағынатын 175 ел бар. Бұл қатарға Өзбекстан мен Иранды қосуға әбден болады. Бұл елдер орталықтандырылған билік жүйесімен ерекшеленеді. Бір қызығы, мұхит аралдарындағы бағынышты жерлерін қосқанда, Францияда – 12, Британияда 8 уақыт белдеуі шығады. Алайда Батыс Еуропадағы екі ел де бір сағат белдеуіне бағынады.

ҚАЗАҚСТАН  ҚАДАМЫ  ҚОЛАЙЛЫ  МА?

2023 жылдың сәуірінде Сауда және интеграция министрлігі жанынан ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, оның құрамына В.Фесенков атындағы Астрофизика институты, Генетика және физиология институты, География және су қауіпсіздігі институты, М.Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институты, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары, Парламент депутаттары, қоғам белсенділері еніп, UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейтінін айтып, денсаулыққа теріс әсер ететінін анықтады (Қазақстан UTC+5 және UTC+6 уақыт белдеуін қолданады). Енді сарапшылар ағзаның биологиялық сағаттарын сақтау үшін бүкіл ел бойынша UTC+5 бірыңғай уақытына көшуді ұсынды.

– Уақытты есептеудің әлемдік практикасын, басқа елдердің уақыт белдеуін қолдану тәжірибесін зерделеп және Барселона декларациясының ғылыми консенсусына сүйеніп, ел аумағында бірыңғай UTC +5 уақыт белдеуін қолдану тиімді деген шешім шығардық. Бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу мемлекеттегі логистика, көлік, банк мәселелерін үндестіруге мүмкіндік береді. Яғни бизнесті жүргізуге жағымды әсер етеді, өңірлер арасындағы үйлестіруді жеңілдетеді және трансшекаралық байланысты орнатуға көмектеседі, – деп жауап берді Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.

Атырау, БҚО, Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облысы 4-сағат белдеуі UTC+4, UTC+1 орналасса, Астана, Шымкент қаласы мен қалған 14 облыс 5-уақыт UTC+5, UTC+1 белдеуінде. Адам денсаулығы, экономика және қауіпсіздік үшін табиғи уақытқа барынша жақын және тұрақты уақыт белдеуін пайдалану маңызды. Екі түрлі сағат белдеуі Түркістан және Қызылорда облысының тұрғындарына қолайсыз болатын. Мәселен, Жаңақорған ауданында сағат 9:00-де жолға шыққан азамат Түркістан облысының бір ауылына дейін бір сағат жүрді дейік, сонда екінші елді мекенге келгенде әлі сағат 9:00-ді көрсетіп тұрады немесе керісінше болса, уақыттан ұтылады. Бұл адамдарды уақыттан жаңылыстырып, жұмыс өнімділігін төмендететін жайсыз жағдай еді.

Қолданбалы хронобиология бойынша маман, қоғам белсендісі Болат Нұрхожаевтың сөзінше, ғылыми консенсусқа сай, уақыт белдеулерін барынша тиімді пайдалану керек. Елдің барлық аймағы UTC+5 бірыңғай уақытына көшуі ұтымды шешім болды.

Қысқасы, 1 наурыздан бастап ел батысындағы өңірлер қолданатын UTC+5 уақыт белдеуімен барлығымыз жүретін боламыз. Бәлкім, алдағы уақытта жазғы уақытқа ауысатын шығармыз.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: