Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бегзада балықшылар – бақ пен берекенің бастауы

12.11.2022, 19:00 276

Теңізі тулап, балығы шулап жатқан Арал қаласының абыройы асқақтап жатыр. Арал қаласының 95 жылдығына орай ұйымдастырылған шараларда аралдықтардың мерейі өсіп, мейманасы тасып жатқанын анық аңғаруға болады. Балықшы балықшыны алыстан таниды. Сондықтан ба, жергілікті халық бір-бірін жақсы түсінеді. Бірлігі жарасқан, тәңірі қарасқан осы бір қаланың шаттыққа толы күндері жергілікті тұрғындардың көңілін көтеріңкі етті. Арал – жарты әлемге балығымен аты шыққан тарихи мекен. Бүгінде теңізді өлкенің балығы әлемнің 10 еліне экспортталады. Қазіргі таңда мұнда 10 балық өңдеу зауыты жұмыс жасап, 31 бригададағы 700-ден аса балықшы су маржанын сүзумен айналысады. Балығы байлығына айналған аймақта адал еңбектің иелері саналатын балықшылар қауымы «Балықшылар слетінде» бас қосып, дүбірлі думанды ерекше тойлады.

Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Алмас Асылбеков, мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов, сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысты. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы аудан тұрғындарын Арал қаласының 95 жылдық мерейтойымен құттықтап, аймақ үшін балық шаруашылығының маңызын атап өтті.

Теңіз батырларының тарихта ізі сайрап жатыр

Арал қаласы әлемге ертегі теңіз атанған, айдынды Арал теңізімен танымал екені белгілі. Бүгінде Арал құлашын көкке сермеген үлкен алып шаһарға айналды. Айбынды Арал үшін тер төкпеген туған елдің төл перзенттері жоқтың қасы. Тарихқа көз жүгіртсек, Аралдың шалқығанын, тасығанын, өскенін, сонымен қатар тартылғанын, тұзданғанын, арып-ашығанын көреміз. Бірақ келешегінің кемел, болашағының жарқын екенін бүгінгі күннің айшықты белестерінен аңғаруға болады. Балықшылар слетінде теңіз батырларына арналған монументтің ашылу салтанаты өтті.

– Биыл айдынды өлке үшін ерекше жыл. Әлем таныған Арал қаласына 95 жыл толса, ашаршылық жылдары Поволжье тұрғындарына 14 вагон жіберген қайырымды іске 100 жыл толды. Теңіз дауылына желкенін жықпай, өмір соқпағына мойымаған ата-бабаларымыздың ерлігін де естен шығаруға болмайды.

Еділ бойы мен оған жақын аумақтағы жұттан ашыққан жұртқа, сондай-ақ 7 миллионнан астам балаға көмек көрсеткен кешегі балықшыларымыздың еңбегі батырлықпен пара-пар. Арал өңірінің бүгінгі бет-бейнесінің қазіргідей кейіпке енуі – кешегі күнгі жанкешті еңбек еткен ерлердің, оның ішінде балықшылар қауымының құрышты да қажырлы қызметінің жемісі.

Дана халқымызда «Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» деген тағылымды сөз бар. Осы ретте бұл ескерткіш біздің өткен тарихымызға елеулі еңбегі сіңген балықшы бабаларымызға құрмет, олардың бүгінгі ізбасарларына деген зор ілтипаттың үлгісі деп білемін, – деді Н.Нәлібаев.

Слетте облыс әкімі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Балық шаруашылығы министрі, Қызылорда облысының және Арал ауданының құрметті азаматы Құдайберген Саржановқа Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Алғыс хатын табыстады.

– Құдайберген Саржанұлы аймақтың экологиялық проблемасын, Арал тағдырын жоғары мінберлерде көтеріп, балық шаруашылығын дамытуға ерекше үлес қосып келе жатқан ардақты азамат. Тоқсаныншы жылдары теңіз жағалауынан ел үдере көшкен кезде Қапшағай аймағынан «Толқын» деген балықшы ауылын құрып, оған Арал балықшыларын көшірген бастамасын әлі күнге дейін жергілікті халық ерлікке теңейді. Сексеннің сеңгірінен асса да, ата кәсіптен қол үзбей, «Қызыл кітапқа» енген Арал қаязы шабағын өсіріп, бағалы балық тұқымын қайта қалпына келтіру бағытында еңбек етіп келеді, – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов жерлестеріне алғыс білдіріп, биылғы слеттің балықшылардың өз ордасы Аралдың орталығында өтуінің символикалық мәні бар екенін жеткізді.

Сыр өңірінде Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін еуропалық сапа стандартын растайтын белгісі бар төрт кәсіпорын нәтижелі жұмыс жасайды. Қазірде облыстағы балық өнімдерінің экспорт көлемі еселеп артып, биылғы жылдың 9 айында 3435 тонна өнім шет елге шығарылды.

Өңірде балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарлама бекітіліп, Арал ауданына қатысты тауарлық балық өндірісін ұлғайту үшін 7 тауарлы көл тізімге енгізілді. Олар: Ақшатау-Сорғақ, Домалақ, Тұщы, Қаракөл, Алаша, Ақбілек және Шөмішкөл көлдері.

Аралда балықшыларға құрмет жоғары

Ауданның мерейтойына орай «Балықшылар монументі» мен «Балықшылар аллеясы» ашылды. Арал ауданына барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев балық шаруашылығының даму барысын суреттейтін нысандарды аралап көрді. Алдымен аймақ басшысы мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржановтың «Суреттер сыр шертеді» тарихи мұражайының жұмысымен танысты. Музей 2018 жылы жұмысын бастаған, мұнда 500-ге жуық фотосурет пен тарихи жәдігер сақтаулы.

Әрі қарай облыс әкімі басшыларымен бірге жаңғыртылған «Балықшылар аллеясының» жұмысымен танысып, «Балықшылар монументін» салтанатты түрде ашу рәсіміне қатысты. Мерекелік іс-шарада «Арал антологиясы» жинағын көпке таныстырды. Айдынды өлкенің тарихы мен даму барысын сипаттайтын бұл жинақ айдынды Арал тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертеді.

Зиялы қауыммен кездесу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының қолдауымен Арал өңірінің жағдайын жақсарту, балық шаруашылығын дамытудың нақты жолдары іске асқанын тілге тиек етіп, теңізді өлкедегі өзекті мәселелер кезең-кезеңімен оңтайлы шешіліп келе жатқанын айтты.

– Арал – тек еліміздің ғана емес, әлемнің назарындағы өңір. Тіршіліктің өзегі сумен байланысты болғандықтан су деңгейіне қатысты көптеген қиындықтар еңсерілді. Президентіміздің қолдауымен Көкарал бөгетіне де ерекше мән беріліп, жөндеу жұмыстарына қажетті қаржы бөлінуде.

Бірнеше балық зауыты ашылып, кезінде жоғалып кеткен балықтың түрлері қайта оралуда. Мәселен, Арал теңізінде тек бір камбала балығы ғана қалса, қазір 23 балық түрі қайта келді. Балық аулау көлемі 400 тоннадан 8000 тоннаға дейін ұлғайды. 10-нан аса зауыт жұмыс жасап, балық өнімдері шетелге экспортталуда. Аралда тіршіліктің көзі мен балық пен мал шаруашылығы болғандықтан бұл бағыттағы жұмыстарға қолдау болады, – деді Н.Нәлібаев.

Жиынға қатысушылар «Балықшылар музейінің» жұмысымен танысты. Бұл мұражай 2012 жылы ашылған. Мұражайда түйе шана, ат шана, шығыр, көптеген кемелер мен қайықтардың экспонаттары қойылған. Әр кеменің сыртқы бетінде кеме капитандарының аты-жөні жазылған. Бұл экспонаттар бұдан бірнеше жылдар бұрын қолданыста болған. Бірақ, 1962 жылы Арал теңізінің тартылуына байланысты порт жабылып, порттың маңайына спорт кешені, спорт алаңы салынып, көгалдандырылып, ашық аспан астындағы мұражайға айналды. 2021 жылы музей қайта жаңғыртылып, жаңа экспонаттармен толықты. «Балықшылар аллеясында» жаттығу алаңы, балалар спорттық ойын алаңы, субұрқақ, балықшылар мүсіні, балықшылар есімі жазылған тақта және вагон орнатылған.

Салтанатты іс-шара «Поволжье тұрғындарына 14 вагон балық жіберілгеніне 100 жыл» театрландырылған қойылыммен аяқталды. Қойылымда жаппай ашаршылық пен қуаңшылықтың қиын-қыстау заманында Арал балықшылары аштықтан зардап шеккен Еділ аумағының тұрғындарына 14 вагон балық жолдап, миллиондаған халқын құтқару оқиғасы сахналанды.

«Көкарал» бөгетінің бүгінгі көрінісі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарында «Көкарал» бөгетінің жұмысымен де танысты. Сала мамандарымен пікірлесіп, бөгетті жөңдеу жұмыстарының барысын саралады. Аймақ басшысы Көкарал тек Арал өңіріне ғана емес, республика үшін өте маңызды нысан екенін алға тартып, Президент тапсырмасы аясында бөгетті жөндеу жұмыстары қолға алынғанын тілге тиек етті.

– Мемлекет басшысы Кіші Аралды сақтап қалу бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Осы орайда, республикалық бюджет есебінен «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасының жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, биылғы жылдың тамыз айында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Ал, қыркүйек айында республикалық бюджеттік комиссияның отырысында Су ресурстары комитетінің бюджетін қайта бағыттау есебінен жобаны іске асыруды бастауға биыл 500 млн. теңге бөлінді. Сондықтан жұмысты сапалы деңгейде үйлестіріп, механикалық тазарту жұмыстарын жүргізу қажет, – деді Н.Нәлібаев.

Жоба-сметалық құжаттарда қаралған негізгі жұмыстардың бірі Солтүстік Арал теңізінің солтүстік бөлігінің тұздылығын азайту мақсатында Тұщы, Сарытерең, Қарашалаң-1, Қарашалаң-2 каналдарына механикалық тазарту жұмыстарын жүргізу басталды. Бұған дейін бөгет мәселесі Өзбекстан мен Қазақстан Парламенті Сенатында жан-жақты қаралып, бірлескен топ Көкаралға келіп, бөгеттің жағдайымен танысқан болатын.

«Көкарал» бөгеті 2005 жылғы қараша айында пайдалануға берілген. Бөгеттің ұзындығы 13 километрді құрайды. Жоба құны 4,6 млрд. теңге. Су тоспасы салынған уақыттан бастап теңіздің құрғаған ұлтаны ауданы 870 шаршы метрді құрайтын сумен жабылды. Теңіздегі судың көлемі 11,5 текше метрге ұлғайды. Сондай-ақ, судың минералдылығы 23-тен 17 г/л-ге дейін азайып, балықтардың жергілікті түрлерінің дамуы артты және бекіре тұқымдас балықтарды өсіруге қолайлы жағдай жасалды. Облыс әкімі белгіленген жұмысты уақытылы әрі сапалы аяқтауды міндеттеп, сала мамандарына бірқатар тапсырмалар берді.

Туған жердің экономикасының қарыштап дамуы, үлкен жоспарлар мен қажырлы еңбектің арқасында. Арал қаласы әлемге теңіз маржандарымен, ақ алтынға баланған тұз өнімімен танымал екені белгілі. Тартылған теңізге қайта дем беріп, өткен кезеңдегі уақытқа жету үшін Арал теңізі әлем назарынан тыс қалмады. Елдің атқамінер азаматтары теңіздің бүгіні мен келешегіне үлкен үмітпен қарап, соған сәйкес бірнеше жобалар аясында тер төгіп жатқаны көңіл қуантады.

Арал қаласына биыл 95 жыл толды. Біз жасаған Арал, біз көрген Арал енді біздің мақтанышымызға айналары сөзсіз. Талайға таңдай қақтырар туған өлкенің даму жолын бірге жасауымыз керек. Кіші Аралды сақтап қалуда әрбір перзенті аянбай еңбек етіп, қаланың тарихын тек жарқын белестерге толтырып, дамуына сүбелі үлес қосады деп сенім артамыз.

Айдар ӘДІЛЖАНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: