Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Батырлығы бөлек Батыршаев

03.05.2023, 9:20 188

Үлкендердің «Қара су ішіп отырсақ та, қайғысыз күнге не жетсін!? Соғыс болмасын, әлемде бейбітшілік орнасын!» деген батасын естіп өстік. Иә, сұм соғыс талайды жесір етті, жетім етті. Бүгінгі бейбіт өміріміз бен тыныш тіршілігіміз үшін соғыс ардагерлеріне алғаусыз алғыс айтуға тиіспіз. Жеңімпаз жауынгерлер әрқашан адалдықты, батырлықты ту етті. Соғыс жылдары майданға Сыр елінен 70 мыңнан астам адам аттанса, 35 мың адам майдан даласынан оралмады. Артынан қара қағаз келіп қабырғасы қайысқан отбасылар қаншама!?  Сұрапыл соғыста Қызылорданың 21 азаматы көзсіз ерлігі мен қаһармандығы үшін Кеңес Одағының Батыры, 2-еуі «Даңқ» орденінің толық кавалері атанды. 20 мыңнан астам жерлесіміз орден, медальдармен марапатталды. Солардың бірі – батырлығы бөлек Тасмағанбет Батыршаев.

Тасмағанбет Батыршаев 1923 жы­лы 25 шілдеде Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тасарық (қазіргі Тасбөгет) ауылында дүниеге келген. 1 мамыр атындағы Қызылорда орта мектебінде 6-сыныпты бітірген. 19 жасында 1942 жылы 5 мамырда әскер қатарына шақырылып, 1942 жылы 11 мамырда Қызылорда станциясынан әскерге аттанған. 1942 жылы 19 мамырда Каспий теңізі арқылы Закавказье майданының 9-армиясының қарамағындағы Лени­накан (Армян КСР, қазіргі Гюм­ри) қаласына кемеде, одан ке­йін эшелондармен Баку және Тбили­си қалалары арқылы барды. Жас жауынгер курсын тамамдаған Тас­мағанбет Батыршаев 1942 жылдың 21 маусымында ант қабылдап, 1944 жылдың қаңтар айына дейін 97-шекара отрядының 13-ші заставасында жеңіл пулеметші болып қызметін жалғастырады. 1944 жылы қаңтарда 3-ші Белорусь майданының 24-шекара отрядына атқыштар отрядының командирі болып, ефрейтор, кейін кіші сержант және сержант шенінде жауынгерлік борышын жалғас­тырады.

1944 жылдан 1945 жылға дейін тура бір жыл 3-ші Беларусь майданының 24-ші шекара отряды құрамында Кенигсберг, Қырым, Украй­на, Литва жерлерін азат ету үшін шайқастарға  қатысты.

Тасмағанбет Батыршаев әскери ерлігі мен батылдығы үшін бір­неше рет әскери наградамен марапатталды. 1-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапаттал­ған. Ұлы Отан соғысындағы жеңіс­тен кейін Каунас қаласында (Литва КСР) қызметін жалғастырып, денсаулығына байланысты 1948 жылы әскер  қатарынан  шығарылады.

Соғыстан кейінгі жылдарда Қызылордада еліміздің түкпір-түкпірінен құрылысшылар жиналған су электр кешенінің құрылысы басталады. «Қызылордаплотинстрой» құ­рылыс басқармасы құрылып, оған Тасмағанбет Батыршаев жұмысшы болып қабылданады. Әсіресе, бөгет салған жұмысшылар үшін Тас­бөгет ауылының негізі қаланды. Бұл жұмысшылар поселкесінің дамуы мен қалыптасуының бастауында Тас­мағанбет Батыршаев тұрды. 1948 жылы алғашқы жартылай жеке үйлер қоныстанып, ауылға су құбыры тартылды. Осы уақытқа дейін Тасбөгетте 2,5 мыңнан астам халық тұрып, көп ұзамай Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысы­мен елді мекенге қала үлгісіндегі елді мекен мәртебесі берілді. Жұмыс барысында Тасмағанбет Батыршаев еңбекке деген адалдық сияқты ең жақсы қасиетін көрсетті, өз міндетін жауапкершілікпен атқарып, жақсы ұйымдастырушылық қабілетін байқатты. 1950 жылдың аяғында Тасбөгет поселкілік кеңесінің төрағасы болып сайланып, осы қызметте 13 жыл қызмет етті. Ол басқарған жылдары Тасбөгет кентінде теміржол, электр станциясы, бетон, кірпіш, ағаш өңдеу зауыттары салынып, құрылыс және гидромелиоративтік ұйымдар құрылып, 1955 жылы мамырда бөгет құрылысы да аяқталды. Еңбек қыз­метімен қатар Тасмағанбет Батыр­шаев 1959 жылы қазақ бөлімшесі жанындағы Тасбөгет кентіндегі жұмысшы жастардың кешкі мектебіне оқуға түсіп, 1960 жылы мектепті жақсы бағамен бітіріп, КСРО жоғары оқу орындарына түсуге құқық беретін орта білім туралы аттестат алды.

1963 жылы Тасбөгет құры­лыс-монтаж басқармасы кәсіподақ коми­тетінің төрағасы болып тағайындалып, осы қызметте төрт жыл еңбек етті. Одан кейін Тасмағанбет Батыршаев лайықты демалысқа шыққанға дейін Қызылорда облыстық су шаруашылығы басқармасына қарасты ПМК-29 мекемесінде мастер, прораб, геодезист, кейін партия ұйы­мының хатшысы болып қызмет атқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін бос отыра алмай, облыс­тық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесін басқарып, ауылдың, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты. Ол талай рет жоғары марапат алған. «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Социалистік жарыстың 1973 жылғы жеңімпазы» төсбелгісімен, көптеген Құрмет грамоталарымен де марапатталған. 1950 және 1953 жылдары Қызылорда қалалық депутаттар Кеңесінің депутаты болып сайланды. Бірнеше рет Сырдария аудандық Кеңесінің  депутаты  болды.

Тасмағанбет Батыршаев 1950 жылы Баку Танкамановамен (1930-1968 жж.) отбасын құрып, 18 жыл бақытты өмір сүрді. Одан кейін жалғыз өзі 6 баланы тәрбиелеп, ешкімнен  кем  қылмай  өсірді.

– Тасмағанбет әкеміз баласының барлығының жоғары білім алуына, нағыз азамат, азаматша болып қалып­тасуына ықпал етті. Көптеген жерде жауапты қызмет етті. Қай салада жүрсе де, адал, таза болып, зейнетке шықты. Әкеміз елге берген батасында «100-ге жет» деп жиі айтатын. Тірі болғанда өзі де жүзге толар еді, – дейді қызы Жамал Батыршаева.

2010 жылы Тасбөгет кентіндегі көшеге соғыс және еңбек ардагері Тасмағанбет Батыршаевтың есімі берілді. Бұл батыр есімін ел есінде жаңғырту үшін жасалған жақсы  шешім  болды.  «Ер есімі – ел есінде» деген, батырлығы бөлек Батыршаевтың наградалары, фотосуреттері және басқа да мұражайлық маңызы бар заттары облыстық Қызылорда мұражайында сақтаулы тұр. Ерлік ұмытылмайды деген – осы.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: