Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Батагөйлер сайысы өтті

25.08.2022, 12:50 807

HALYQLINE.KZ Қазақ бата арқылы ұрпағын адамгершілікке, имандылыққа, парасаттылыққа, шешендікке баулып, дуалы ауыз қариялардан бата сұрап, тәрбиенің биік шыңын қалыптастырған. Қасиетті өңірімізде де ата салтын ардақтап, айтар сөзін салмақтап, тыңдағанын зерделеп, жастарға ағалық етер, үлкеннен даналық күтер батагөй қарияларымыз баршылық. Кеше аудан орталығындағы кенттік клубта ардагерлер арасында өткен «Баталы елге бақ қонар» атты батагөйлер сайысы соның дәлелі болғандай.

Тағылымды іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Дәурен Оңғарбайұлы ашып, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Бекпанов, Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Жолтаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қ.Мәмбетжанов және аймақтық «Тұран Қазалы» газетінің бас редакторы Ғ.Әліш қазылық жасады.

«Бата – тәрбие бастауы», «Бата беру білесіз бе?» кезеңдері бойынша бақ сынауға елді мекендерден 16 ардагер қатысып, атадан қалған ақ батаны біреулері жатқа оқыса, енді бірі өзінің шығарған ақжарма батасын көпшілікке өлеңдетіп айтып берді.

Нәтижесінде, Бекарыстан би ауылының тұрғыны Сармолдаев Жәнібек атамыз І орынды иеленіп, Майлыбас ауылынан Нұрбаев Қойтанбай, Әйтеке би кентінен Көбесов Баймахан аталарымызға ІІ орын бұйырды. ІІІ орынды Әйтеке би кентінен Берденұлы Сержанқожа, Қазалы қаласынан Естайлақ Құдайберген, Бозкөл ауылынан Қибасов Бердалы еншіледі. Қалған қатысушыларға аудан әкімі М.Оразбаевтың және аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Бекбановтың «Алғыс хаттары» мен бағалы сыйлықтары табыс етілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: