Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Басшыға тән қағида-қасиеттер

29.09.2022, 12:00 781

Қазақ халқы ерте кезден-ақ елін де, жерін де қорғай білген, жауына бас имеген батыр халық екені тарихтан белгілі. Халқымыздың батыр екеніне мына кең-байтақ жерімізді жау аяғына таптатпай, кейінгі ұрпағына аман-есен жеткізгені дәлел. Қаншама қиыншылықты, зұлматты көрсе де, ұрпақтарының осы күнге жеткені сол батыр бабаларының рухтарының қорғап, қолдағаны деп білеміз. Халқымыз қазіргі күні сауатты, көзі ашық, әсіресе, 2022 жылғы қаңтар көтерілісінен кейін кімнің кім екенін және Н.Назарбаевтың, Қ.Тоқаевтың кім екенін де, т.б. ішкі ойларын, пиғылдарын жетік түсінді. Бұл күндері халқымыздың жан-жақты ойланып-толғанып елімізді басқаратын адал, әділетті басшыны өз араларынан іздеп, таңдап жатқаны да өте құптарлық дұрыс шешім болды.

Данышпан ғұлама, ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Адам өз заманында жақсы да, дұрыс, әділ басқарылатын қоғамда ғана шын мәнінде бақытты өмір сүре алады» дейді. Сонымен бірге, бабамыз қағида-қасиет деп аталатын еңбегінде елді басқаратын адамның бойында адам баласына тән он екі  түрлі  жақсы қасиеттің болуы тиіс екендігін де дәлелдеп айтқан  екен.

Ондай жақсы қасиеттер мыналар:

1-қасиет: «Басшы болатын адамның сыртқы тұлғасы сымбатты, әдемі, иманжүзді болуға тиіс».

2-қасиет: «Басшы өзіне айтылған сөздің бәрін терең түсіне­тін, істің мән-жайын тез сезетін  аса  зерек  болуы керек!».

3-қасиет: «Басшы көрген, естіген нәрселердің бәрін зердесінде ұзақ уақыт сақтайтын адам  болуы  тиіс!».

4-қасиет: «Басшы терең ой иесі,  шебер  әрі  шешен адам болуы  тиіс!».

5-қасиет: «Басшы ғылым мен өнерге жаны құштар, оқып үйренуден шаршамайтын адам болуы  керек!».

6-қасиет: «Басшы адам та­ғам­ға, ішімдікке, сайрандауға келгенде қанағатшыл болуы керек!»

7-қасиет: «Басшы сауық құмарлықтан аулақ болуы шарт».

8-қасиет: «Басшы адам шындықты сүйіп, жалған-жағымпаздыққа қарсы тұруы тиіс!»

9-қасиет: «Басшы жаны жомарт, қайырымды, қолы ашық, кешірімшіл, ешкімге кек сақтамайтын  жан  болуы  шарт!»

10-қасиет: «Басшы пасық іс­тердің бәрінен  жоғары, игі  іс­терге  ынтызар  болуға  тиіс!»

11-қасиет: «Басшы әділетсіздік пен озбырлықты жек көретін  адам  болсын!»

12-қасиет: «Басшы адам өзі қажет деп тапқан, халыққа қажетті істі жүзеге асыруға келгенде шеберлік танытып, қорқыныш пен жасқануды білмейтін, батыл, ержүрек болуға міндетті!»

Міне, адам баласына тән осындай 12 түрлі  жақсы қасиетті  бойына  жинақтай білген  адам ғана елді басқарса, халық­ты биік белестерге, бақытты өмірге жеткізе алатынын  әл-Фараби бабамыз дәлелдеп кеткен екен. Дәл қазіргі күні біздің елімізге Фарабидің айтқанындай басшының өте қажет екені өзінен-өзі сұранып тұрғандай… «Алла адал, әділетті басшыны елімізді басқаруға нәсіп етсін!» деп  шын  ниетімізбен  тілейміз!

Айбол  БИТУҒАНОВ,

зейнеткер-ұстаз

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: