Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бәрі бірден бола қоймайды

15.12.2022, 9:40 423

Өткен күнімізге көз тастап, ой елегінен өткізіп қарасақ, арыға бармай-ақ тәуелсіздік алған күннен бері қарай елімізде қаншама игі іс атқарылды. Осындай толымды тірлік Арал ауданынан шалғай, яғни 165 шақырым қашықтықта орналасқан Жаңақұрылыс  елді  мекенінде  де  жүзеге  асуда.

Негізгі тақырыпқа көшпей тұрып, өткенді тіз­белесек. Әрине, халықтың тілегі бір күнде орындала бермейді. Әрбір іс кезең-кезеңімен атқарылады. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай Жаңа­құрылыс елді мекенінде халық игілігі үшін бірталай жұмыс атқарылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары елімізде көптеген қиыншылық туындады. (Яғни, балалардың жәрдемақысы, зейнетақы, жұмысшы-қызметкерлердің еңбекақысы, т.б.). Сол қиыншылықтар кезінде ауыл тұрғындары ауызбірлігінің арқасында еңселерін түсірмей, ата-бабасының туған жерінен көшпей, еңбек ете білді. Егінін егіп, шөбін дайындап, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарта түсті. Халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан салына бастады. Атап айтқанда, екі қабатты жаңа мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункт, малдәрігерлік пункт, ұялы бай­ланыс мұнарасы, әрбір үйге ауызсу желісі тартылды. Көшелер жарықтандырылып, бірнеше шаруа қожалығы тұрақты жұмыс істеп келеді. Ауыл жастары заман талабына сай, өз қабілеттеріне орай кәсіп түрлерін ашып, еңбек етуде. Тұрғындардың ауызбірлігінің арқасында «Өтеш Ахун» мешіті және жанынан 100 орындық асхана салынып, ел игілігіне берілді. Мұндай халық үшін жасалып жатқан игі істерге елдің бірлігі, ел басқарған басшылардың жүйелі  жұмыстары  сеп  болды.

Әрине, әрбір істің атқарылуы басшыға байла­нысты. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасы­сын» деген. Ауданға екі жылдың көлемінде басшы болып келген Серік Сахитжанұлының бір ғана Жаңақұрылыс елді мекеніне істеген жұмыстарын орайы келгенде айтуды жөн көрдім. Бүгінгі таң­да аудан әкімі 3 ай сайын жергілікті халықпен кез­десіп, тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, оның атқарылуы туралы есеп беруі үрдіске айналды. Жыл басындағы аудан әкімімен кездесуде ауыл тұрғындары «Нұралы» және «Ералы» жармаларына тоспа салу жайлы айтқан-ды. Аудан әкімі жоғарғы басшыларға шығып, каналдарға тоспа салудың маңыздылығын жеткізіп, қаражат көздерін қарас­тырып, қолдан келгенше елдің тілегін орындауға күш-жігерін салатындығын айтты. Сөз кезегі келгенде айтайын, «Нұралы» жармасына тоспа салу халықтың көп жылдан бері айтып келе жатқан жыры еді. Сырдария өзені тасығанда көлдерге су құяды. Мұз қатқан  кезде көлдегі су қайтадан дарияға құйып, көл құрғап қалады. Егер де тоспа болса құйған су кейін қайтпайды. «Ақбасты», «Үлкен Қаракөл», «Кіші Қаракөлдегі» су қалпында тұрса, шабындық, мал жайылымдық жерлері кеңейіп, тіпті насос арқылы ауыл тұрғындары мал азығы, жоңышқа, бақшаларын егуге болады. «Ералы» каналының да  маңыздылығы  осында.

Осы жағдайларды ескерген аудан әкімі Серік Сахитжанұлы тұрғындар талабын орындау үшін бар күш-жігерін салып, «Нұралы» жармасына 166 мил­лион теңге қаржы көзін тауып, оны «Техос­настка-Ремсервис» ЖШС тендерден ұтып, 4 ай ішінде аталған каналға үш көзді, екіжақты қақпалы тоспа, жарманың екі қапталына 400-600 метрге дейін биіктігі 1,5 метр бөгет соғып, жол салды. Әрине,  жұмыстың  сапалы  да  тиянақты,   өз мерзімінде  аяқталуын   күнделікті   бақылап   отырды. «Ералы» каналының да 5 шақырымы қазылып, 3 ша­қы­рымы ішінара  тазаланды.  Каналдың бастау алар сағасынан суды реттеп отыратын тоспа салынып, халықтың игілігіне берілді. Бұл атқа­рыл­ған жұмыстар – келешек халықтың әлеуметтік-тұр­мыстық  жағдайын  жақсартатын  жемістерінің  бірі.

Біздің болашағымыз – жастар. Оларға дұрыс тәрбие, бағыт-бағдар беру – біздің міндетіміз. Осыған орай ауыл ортасынан жастардың демала­тын, жазда ойын-сауық кештерін өткізетін жас­тар алаңы салынды. «Өлі риза болмай, тірі байымай­ды» деген, Ұлы Отан соғысынан оралмаған баба­ларымызға арнайы тағзым алаңы ашылып, ескерткіш бой көтерді. Бұл – мемлекетіміздің қам­қорлығы, егемендігіміздің арқасы, облыс, аудан басшыларының  іскерлігі. Алдағы жылдары да елдің, ауылдың  дамитынына  сенемін.

Сердалы  ШАЛБАЕВ,

Жаңақұрылыс  ауылдық  ардагерлер  кеңесінің  төрағасы.

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: