Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ажырасудың астарында не жатыр?

19.10.2023, 10:00 374

Мықты отбасы – мықты мемлекет. Айтқанға жақсы ұран сөз. Бірақ мықты мемлекетті құратын мықты отбасы идеологиясы қалай жүргізілуде? Мәселенің мәні осында. Біздің сан ғасырлар бойы сабақтасып келген отбасылық құндылық тәуелсіздік жылдары үзіліп қалды ма? Жастар арасында ажырасу көрсеткіші неге жыл сайын артып отыр?

СТАТИСТИКА  НЕ  ДЕЙДІ?

Статистиканы сөйлетсек,  2021 жылдың қаңтар-маусым айында 64951 неке тіркелсе, 2022 жылдың дәл осы айларында 55065 неке шарты жасалды. Көрдіңіз бе, екі жылды салыстырғанда некелесу дерегі  10 мыңға  жуық  кеміді.

Енді соңғы 20 жылдағы ажырасуды сараласақ, жыл өткен сайын неке бұзу дерегі артқанын көруге болады. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша,  2000 жылы ажырасқандар саны  27391 құраса, 2005 жылы – 32377, 2010 жылы – 41617, 2015 жылы – 53293, 2020 жылы 48002-ға жетті. 2021 жылы 140256 жұп шаңырақ көтерсе, 48239-ның дәм-тұзы жараспады.

Ажырасудың жоғарғы көрсеткіші Астана қаласында және Солтүстік және Шығыс Қазақстан облысында байқалады. 2021 жылы Астана қаласында ажырасқандар саны 824 болса, биылғы шілде айындағы көрсеткіш бойынша 749 жұп ажырасқан. 2005 жылы – 4022/1242, 2010 жылы – 7379/2011, 2015 жылы – 11213/3788, 2020 жылы – 10597/4183. Байқағаныңыздай, бес жыл өткен сайын неке санымен бірге ажырасу фактісі артып отыр. Ал бала туу көрсеткіші төмен солтүстік облыстардағы некелесу мен ажырасу фактісі тіпті жаға ұстататын деңгейде. Мәселен, 2020 жылы Павлодар облысында 4870 неке тіркелсе, сот алдында 2712-сі ажырасты. Сол жылы Солтүстік Қазақстан облысында 2932 адам некелессе, оның 1938-і неке шартын бұзды. Аталған екі облыста да соңғы жылдары шаңырақ көтеретіндер саны едәуір азайды.

Бұл – алаңдайтын мәселе. Үйленудің азайып, ажырасудың көбеюі ұлттың сапалық деңгейіне әсер етіп, жер жүзінен жойылған жұрттың  қатарына  қосылуға итермелейтіні  айдан  анық.

ӘЛЕМДЕГІ  АХУАЛ  ҚАНДАЙ?

Жалпы, әлемнің озық 30 еліне кіреміз деп ұрандап жүргенде, ажыра­су көрсеткіші бойынша үздік 15 елдің арасына еніппіз. Мақтанамыз ба, әлде сылтау айтып, ақталамыз  ба?

Жаһанданудың сценарийін жасайтын Батыс ажырасуды қалыпты жағдай ретінде дәріптеп, біржыныс­тылық қатынасты қарқынды насихаттауда. Ажырасу процедурасы туралы мол ақпарат беретін prorazvod.com деректеріне сенсек, Люксембургте бір жылда үйленгендердің 87 пайызы өз жөнімен кетеді. Бұл көрсеткіш Испа­нияда – 65 пайыз, Францияда – 55 пайыз, Ресейде – 51 па­йыз, Германияда – 44 пайыз, Анг­лияда 42 пайызы «өмір жолымыз бөлек» деген шешім шығарған-ды. Еуропалық отба­сылардың  үштен  бірі  алғашқы  1 жылда  сәтсіздікке ұшыраса, АҚШ-та 25 пен 40 жас арасы­ндағы отбасының тең жартысы 4 жылдан артық бірге тұра алмайды екен. Ал америкалық әлеуметтанушы мен психолог Констанция Аронстың мәлімдемесі тіпті қорқынышты. Ол әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасатынын есептеп, дәлелдепті.

Әлемнің есті елдері «ажырасу – ұлтқа төнген қауіп» деп мәселе көтеріп, мемлекеттік деңгейде шешудің жолын іздестіруде. Әлеуметтанушылар пен психологтар ажырасудың жоғары деңгейде болуында опасыздық, сенімсіздік, маскүнем­дік, нашақорлық, эмоционалдық зорлық-зомбылық, компьютерге тәуелділік, бедеулік, белсіздік немесе балалы болуды қаламау және т.б. алға тартады. Сондай-ақ отбасылық өмірде жұптардың бір-бірін түсінбеуі салдарынан жанжалдың жиі болатыны және әлеуметтік желілердің кері әсері  барын  жасырмайды.

Ал әлемде ажырасу деңгейі Үндіс­танда төмен. Онда жылына шаңырақ көтерген 1000 отбасының 13-і ғана ажырасумен аяқтайды. Индуизм­нің қағидаларын ұстанып, дәстүрге беріктігі үнділердің отбасылық құндылықты сақтауына септігі мол. Мәселен, Үндістанның үйлену тойлары, дініне қарамастан, некеден бұрын бірнеше айлық рәсімдерді талап етеді. Ерлі-зайыптылардың ата-аналары мен олардың туыстары қатысатын бүкіл «неке процесі» ерлі-зайыптылар арасында психологиялық байланыс орнатады. Бәрінен бұрын, ажырасу үнділік әйелдер үшін қымбатқа түседі. Ажырасудың орташа құны 7500 долларды құрайды. Одан кейін ажырасу процесі ұзақ мерзімді  талап  етеді. Үнділік ерлі-зайыпты келісімі бойынша ажырасуы әдетте 18-24 айға созылады, тіпті даулы ажырасулар 3-5 жылға дейін барады  екен.

Үлгі-өнегені ұзақтан іздемей-ақ, Өзбекстанды мысалға алайықшы, өткен ғасырдың 90-жылдары ала шапандылар 17 млн адамды құраса, біздің елде 16 миллион тұрғын болды. Қазір өзбектер 36 миллионға жетіп, әлемде халық саны бойынша 43-орында тұр. Қазақстанның демографиялық жетістігі 19 миллион адамды құрайды (әлемде 62-орын). Африканың батысында Буркина-Фасо деген кедей мемлекет бар. Сенесіз бе, біздің демографиялық деңгейіміз  осы  елден  де  төмен.

Ұзақ жылдар жүргізілген реформалардың жемісі 3 миллион адам ғана қосты. Ал Өзбекстан 2 еседей көбейді. Міне, екі елдің бағыт-бағдары қаншалықты тиімді болғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Өйткені демографиялық көрсеткіштер елдің экономикалық дамуын айқындайтын негізгі индикатордан саналады. Елдің демографиялық ахуалына неке мен ажырасу  тікелей  әсер  ететіні  белгілі.

СЕБЕП-САЛДАРЫ  НЕДЕ?

Бұл сұраққа Президент жанын­дағы Әйелдер істері және отбасы­лық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, заңгер  Салтанат  Тұрсынбекова:

– Соңғы бес жылда әйелдердің қатысуы­мен  болған  ауыр  қылмыс­тар 153  пайызға, аса  ауыр  қылмыстар 20 пайызға өсті. Отбасылық өмірде 4,4 мың заңбұзушылық анықталды. Мұның бәрі ұлттық таным-түсініктегі отбасылық құндылықтар өзгеруінен, – деп  жауап  берді.

Бұл ойды қызылордалық кәсіби медиатор Ақылбек Жәнібеков те қуат­тап:

– Ұлттық құндылықтар әлсіреп, отбасы институтының рөлі төмендеп, адамдардың өмірге деген көз­қарасы мен қажеттілігі өзгеріп, бұрын ұят саналатын нәрселер, қазір қалыпты жағдайға айналды, – деді.

Ал «Медиацияны дамыту орталы­ғы» РҚБ президенті Азамат Жұлаев ажырасудың көбеюі материалдық жағдайға байланысты екенін айтады.

– Ажырасуға түрлі себеп әсер етеді. Көп жағдайда, жас отбасының материалдық жағдайының төмендігі, үйдегі жетіспеушілік ұрыс-керіс пен түсініспеушілікке әкеледі. Шаңырақтың шайқалуының тағы бір себебі – ерлі-зайыптының міне­зі үйлеспей жатады, – дейді Азамат Әлімғараұлы.

Әлеуметтанушы Айнұр Бахтияр­дың сөзінше, отбасылық өмірдің мәнді болуы ортақ жауапкершілікке тікелей  байланысты.

– Жастар отбасылық өмірге жеңіл қарайды. Олар отбасы құрып, сәбилі болғаннан кейін басына түс­кен тұрмыстық ауыртпалықты көте­ре алмай, ұрыс-керісті үдетіп, үйдің берекесін алады. Отбасындағы түсінбеушілікке ердің епсіз, қыздың қылықсыз әрекеті де әсер етеді. Неге десеңіз, қазір қыздар көбіне өзге әулетке сіңісуге дайын болмайды. Түске дейін ұйықтап, не тамақ істей алмайды, не үй-жайды дұрыс тазалай алмайды. Ондай бойжеткендер шаңырақтың  ұйытқысы бола ала ма? – деді  әлеуметтану  магистры.

Ажырасуға екі жақтың туыстары араласуы да әсер етеді. Мұндай ойды психолог  Айзат  Ибрагимова  айтты.

– Біріншіден, отбасының берекелі өміріне материалдық мұқтаждық, әлеуметтік теңсіздік, жұмыс­сыздық  проблемасы  әсер  етеді.

Екіншіден, маскүнемдік, құмарлық, қызғаныштық ерлі-зайып­ты­ның  арасына  сызат  түсіреді.

Үшіншіден, жұптардың арасына туыстары түсіп, ерлі-зайыптының жеке қарым-қатынасына араласуы­нан да туындап жатады, – деп жауап берді  психолог.

Елордаға Түркістан облысынан келген  жалғызбасты  ана  Тұрсынай:

– Еркектер арасында жігерсіздік басым. Жауапкершілікті мойнына көтере бермейді. Арамызда үш қызым бар. Оны қойшы, ұл тумайсың деп ұрыс-керісті көбейтті. Сосын қыздарымды алып, Астана қаласына тартып кеттім. Әрине, өміріміз оңай болып  жатқан  жоқ, – дейді.

ЗАЛАЛ-ЗАРДАБЫ  ҚАНДАЙ?

Ұлттың сапасы мен сынына, қасиеті мен қабілетіне әсер ететін дертке айналды. Жоқ! Ұлттық трагедия деу керек-ақ! Бұл сөзімізді әлеуметтанушы Айнұр  Бахтияр  қуаттап:

– Ажырасудың салдарынан толық емес отбасылар, жалғызбасты ана, жалғызбасты әке көбейді. Бәрінен бұрын «әлеу­меттік жетім балалар» саны артты. Мәселен, 3 мыңнан аса жасөспірім балалар үйі­не түседі. Жетім балаларды асырайтын үйлердегі жасөспірімнің 80 пайызы – ажырасқан отбасылардан шыққан «тірі жетімдер». Мұндай әлеуметтік жағдай баланың дүниетанымына, психологиясына жағымсыз жағы басым. Бұл дегеніміз – ұлттың сапасына кері әсер  ететін  фактор, – деді.

Семей ерлер гимназиясының офицер-тәрбиешісі Ерназ Тұрсын­бекұлының айтуынша, әкенің тәлі­мін көрмеген, әкенің мысын сезінбеген ұлдар көбейді. Мұндай ұлдар көбіне әлжуаз, еркетотай болып өседі. Ұлтқа төнетін қауіптің бірі – осы!

Енді Оқу-ағарту министрлігі балал­ардың құқығын қорғау комитетінің  жеті  жыл  бұрын келтірген дерегіне  қараңыз: «Елде  400  мыңнан астам ана, 40 мыңнан астам әке 1 миллионға жуық баланы жалғыз  өздері  әкесіз, не  анасыз тәрбиелеп  отыр».

Мұның салдары демографиялық ахуалға ғана емес, ұлттың зияткерлік сапасына, жастардың «толық адам» (Абай) болып қалыптасуына кері әсер  ететіні  анық.

Қоғамдық дерттің себебін ізде­мей, салдарын жою маңызды. Шындық көп, ақиқат біреу, ол – отбасының беріктігі, мемлекеттің қуаттылығын көрсетеді. Келешегінің қамына кіріскен Өзбекстан отбасының ажырасуын жергілікті жердегі әкімдерінен сұрап, тіпті басшылардың рейтингісін түзгенде ажырасудың деңгейін де саралауды жолға  қойды.

Ал бізде ажырасып жатқан отба­сылардың проблемасымен айналыспақ түгілі, өзі басқаратын елді мекені немесе аудан-қаласында қанша жас бар екенін, олар қайда, не істеп жүргенінен хабары аз. Білмейді, білгісі  келмейді  деуге  болады.

Ажырасудың залалы мен зардабы қандай? Мамандардың пікір-пайым­дарынан  мынадай ой түюге  болады.

Біріншіден, толық отбасында махаббат пен жылулықты сезінбеген балалар психологиялық күйзеліске тез түсетін, өзіне сенімсіз, жігерсіз болып қалыптасуы әбден мүмкін. Ал ондайлар біреу, екеу емес, мың-мыңдап саналады. Енді ондай балалардың ұлттың  сапасына  әсерін  ойша  есептеп  көріңіз.

Екіншіден, қоғамда ажырасқан әйелдерге ерлердің көзқарасы төмен болатынын байқауға болады. Мұндай жағдай әйелдің қоғамда өз орнын табуда қиындық тудырмай ма?

АЛДЫН  АЛУ  ЖОЛЫ  БАР  МА?

Бар. Ол үшін тарихтан тағылым алып көрейікші. Қазақ қоғамында ажырасу деген болмады, болған күннің өзінде өте сирек кездесті. «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген­ді берік ұстанып, «әмеңгерлік» институты арқылы жетім-жесірлер­дің  көбеюіне  жол  бермеді.

Ол кезде ажырасудың аз болуына заңдар жүйесінің де әсері оң болды. Жеті жарғы заң жинағында ажырасқан  жағдайда  бала әкесі жақта қалуы  тиіс-тұғын.

Қаламгер Қаныбек Әбдуов біздің заңға  да осындай бапты енгізуді ұсынады.

– Қазіргі отбасылық ұрыс-керіс­тер баланың тағдырының қасында ешнәрсе емес. Бәрінен баланың мазмұнды өмірі қымбат. Толық отба­сында қалыптасқан жастардың өзіне сенімділігі жоғары болады. Ал өзінің қабілет-қарымына сенген тұлғаның идея­сы өміршең, көзқарасы кемел, рухы асқақ, бәсекеге қабілетті болып қалыптасады. Егер осыны жіті түсінсек, «Неке (ерлі-­зайыптылық) және отбасы туралы» заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу қажет. Онда бір ғана сөз: «ажырасқан жағдайда, бала әкенің жағында қалады» дегенді қосу керек. Болды. Ажырасудың саны азаяды. Біз текті әкеден аламыз. Егер ажырасқан әйел басқа адамға тұрмысқа шықса, артынан ерген балалары өзге елге барады. Содан  балалары тегін білмей өсуі де мүмкін  ғой! – дейді  журналист.

Әлем бойынша ажырасу жөнінен алғашқы бестікке кіретін Ресей Федерациясы келеңсіз жағдайдың алдын алуға қамданып, ажырасқандарға салықтың көлемін 1000 АҚШ долларына дейін көтерудің жолын қарастыруда. Ал Вьетнамда жағдай мүлде басқа. Оңтүстік-Шығыс Азия елінде некені бұзғаны үшін 485-970 АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлейді. Соның  салдары  болар, 2015 жылы Вьетнамда ажырасу  0,4  пайыз­ды  құрады.

Бізде ше? Ерлі-зайыптының бірі сотқа арыз беріп, сот процесіне екі тараптың бірі 3 мәрте келмесе, олар ажырасқан болып есептеледі. Ажырасу  төлемінің  құны  800 теңгені ғана құрайды. Құдды, «жастар, ажыра­са беріңдер!» дейтіндей талап-­міндет…

Шетелдің кейбір елдерінде ажырасудың соттасу құны тым қымбат. Мәселен, Англияда округтік апелляциялық сотына теңгеге шаққанда 68460 теңге төлейсіз. Жоғарғы сотта 117360 теңге бересіз. Франция мен Германияда – 15000, Ресейде 10000 теңгені  құрайды.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

P.S. Біз ажырасудың себеп-салдарын талдап, залалы мен зардабын зерделедік. Статистиканы сөйлетіп, әлем елдерінің тәжірибесін сөз еттік. Сөйтіп, ұлт болып, елдігіміздің еңсесін көтеру жолында ажырасуды азайту жолдарын келтірдік. Біздікі – ұсыну! Басшылардыкі – ел болудың жайын ойлап, шешім шығару…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: