Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан әкімі жайдарманшыларды қабылдады

18.11.2022, 15:30 266

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев республикалық «Жоғарғы лига» Жайдарман ойынында вице-чемпион атанған «Қазалы құрамасын» қабылдап, тарихи жеңістерімен құттықтады.

– «Жайдарман» – жалынды жастарды өнер әлеміне жетелейтін, киелі сахнада қадам басуына жол ашатын бірден бір мүмкіндік.

Жастар арасындағы танымал платформада қазалылық жайдарманшылар астарлы ой, қағытпа қалжың арқылы қоғам шындығын жеңіл әзілмен түйреп, үздік ойын көрсете білді.

Жайдарман ойындарында тәжірибесі мол, Сыр елінің мақтанышы Әліби Басаров өзін қазалылық жастардың көшбасшысы ретінде танытып, команданың жоғары жетістікке жетуіне ерекше үлес қосты. Оған Әлібидің жоғары лигада үздік ойын өрнегін көрсетіп, «Үздік ойыншы» атағын иеленгені дәлел бола алады деп ойлаймын.

Сондықтан да Сізге қасиетті Қазалы жұртшылығының атынан, жалынды жастардың атынан шынайы алғысымды білдіремін.

Қазақ халқында «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген жақсы сөз бар. Сондықтан команданың жеңіске жетуіне Руслан мен Бекарыс, Нұрбақыт, Елдос, Нұрдәулет, Мырзабектердің де қосқан үлестері аз емес, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, Мұхтар Әуесұлы Жайдарман ойындарында «Қазалы құрамасы» екінші орын алғанымен жерлестеріміз үшін жеңімпаз екенін ерекше атап өтті.

Мұнан соң команданың көшбасшысы Әліби Басаровты аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттап, «Қазалы құрамасына» «Құттықтау хатты» тапсырды.

Кездесуде Әліби Басаров командаға сенім білдіріп, қолдау көрсеткен аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа ерекше алғысын білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: