Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан әкімі: «Көпір құрылысы сапалы салынуы керек»

30.03.2023, 10:30 178

HALYQLINE.KZ Кеше Арал ауданы әкімдігінде теміржол арқылы өтетін көпірдің құрылысын сапалы ұйымдастыру жөніндегі техникалық мәжілістің отырысы өтті. Оған аудандағы коммуналдық қызмет, дербес бөлім басшылары мен жоба жетекшілері, мердігер мекеме өкілдері қатысты. Жиында алдымен сөз алған аудан әкімі Серік Сермағамбетов тұрғындар үшін маңызды мәселеге айналған темір жол үстінен өтетін көпір құрылысын сапалы жүргізу мен уақытылы орындау басты талап екендігін айтты.

Басқосуда сөз алған мердігер мекеме «Ритм» ЖШС-нің өкілі Евгений Усатов көпір құрылысына қажетті техникалардың Арал қаласына жеткізілгендігін баяндады.

«Қазіргі таңда құрылысқа керек материалдар жеткізілу үстінде. Қажетті мамандар да жеткілікті. Бірер күннен соң алғашқы жұмыстарды «Жылқыаман Батыр» көшесі беткейінен басталатын болады» – деді жоба басшысы.

Аудан әкімі құрылыс жұмыстарының тоқтаусыз жүруі үшін коммуналдық қызметтің басшылары мердігер мекемемен бірлесе отырып, жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.

«Көпір құрылысының сапалы жүргізілу – бәрімізге ортақ міндет. Құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сай жүруі тиіс. Оған ел азаматтары бір кісідей жұмыла, жанашырлықпен қарауымыз керек. Сондай-ақ құрылыс кезінде күнделікті тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін коммуналдық қызметтің үздіксіз жұмыс жасауын ұдайы бақылауда ұстау қажет» – деді аудан әкімі.

Жиын соңында аудан басшысы темір жол арқылы өтетін көпірдің құрылысына «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы жергілікті азаматарды көптеп тарту қажеттігін тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: