Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Атың шықпаса, жер өрте!» немесе осы бір жайттар қай-қайдағыны еске түсірді-ау!

30.05.2022, 9:50 434

HALYQLINE.KZ

Қызық-ай!

Алғы  сөз

Әнші Бақыт Шадаеваның әлеуметтік желіде қазақ халқының мерейін  өнерімен әлемге танытып, қазақша ән салдырып жүрген аяулы баламыз Димашты «дауысы қойылмаған, мектебі жоқ, білімі жоқ Димашқа үлкен жолдаманы алып берген мен» – деп пікір айтып, айды аспаннан бір-ақ шығарған мәлімдемесі қарапайым адамдарды ғана емес, бүкіл әлем мойындаған вокал мамандарын таңырқатып, жағаларын ұстатқаны баршаға аян.

Бұл жайт менің есіме сонау өткен ғасырдың 60-жылдарының ішінде болған бір ерекше оқиғаны еріксіз есіме түсірді.

Жасыратыны жоқ, сол кездегі саясат халықты ащы суға әуестендіріп, бір-біріне айдап салып, саясаттан алыстату болатын. Кезінде мұндай саясат өз жемісін де берген. Басқаны қайдам, біздің ауылда азаннан қара кешке дейін жаппай арақ ішіп, «зарқом соғыс» салу сәнге айналған. Қорқақтар, жуастар, шаруақорларға көшеде орын жоқ. Тіпті, қарапайым адамдардың кейбірі далаға да шыға алмайтын. Сондықтан ба, жұрт шама-шарқынша төбелесе алатын халде жүретін.

Мұндай ахуал біз сияқты жыбырлақ балаларға таптырмайтын тегін «боевик кино» болатын. Ол кезде, қазіргідей емес, елге сөзі жүретін мықты ақсақалдар әлі де бар-ды. Өкініштісі сол, Кеңестік Үкіметтің әлгіндегідей зымиян саясаты олардың қадірін де, беделін де аяқасты етіп бара жатқан. Сол себептен, үлкенді сыйлау әлі де мықты болғанымен, асыл сөздері масаңдарға өте бермейтін. Расында да, ол кезде үнемі қызуы көтеріліп жүретін адамдар ақсақалдардың ұлағатты сөздерін ұқпауға айналған. Осындай келеңсіз сәттердің бірінде мынадай бір тосын оқиға болды.

Өзінің Құдай берген күшімен көпті таңырқатып, атағы алысқа кеткен жігіт пен өзі шынашақтай болғанымен, даусы тым ащы, ерегіскеннің соңынан қалмай, есін шығаратын адам екеуі орыс арағының күшімен әлденеге ерегісті де қалды. Ізінен қалмай шырылдап жүрген әлгі шынашақтай шырылдауықты сабауға көпшіліктен ұялды ма, «бәледен машайық қашыпты» дегендей, қара күш иесі қашып барып, бір биіктеу жерге отырғаны сол еді, бұл жеңісін місе тұтпаған жұдырықтай неме мерейін үстем ете түсуі үшін, «қосымша тұздық болсын» деді-ау, жайына қарап жайбарақат отырған дәудің өкпелігінен бір теуіп кеп қалғаны сол, мұнысы өте ағат іс болды. Оғаш іс-қимыл оқиға барысын күрт өзгертті. Шағын болса да шатақ адамның сілтеген аяғы нысанаға дөп тимей, дәудің күмпиген сырт киімінің ішіне сүңгіді де кетті. «Құланның қасынуы, мылтықтың атылуы» демекші, осы бір қас қағым сәтте соққыдан жалтарып үлгірген дәу орнынан атып тұрған-ды.

Міне, керемет! Құдайдың құдіреті ғой! Әлгі шырылдауық тапалдың аяғы кең күпінің ішіне енуін енгенімен, кейін қайтпай, бәтеңкесінің бауы дәудің кең қолтықты киімінің ілгегіне ілінді де қалды. Қырсыққанда, күпінің ілгегін қадаған жіп те сапалы, әрі жуан боп шығып, үзіле қоймады.

Бәрін айт та, бірін айт, шырылдауық тапалдың бәтеңкесінің бауы да оңайлықпен үзілмейтін боп шықты. Бұл жайт шырылдауықтың аяғын аспаннан келтіріп, осы бір қас-қағым сәтте шалқалақтатқан күйі, құдды қара күш иесі дәудің галстугі іспетті салбырады да қалды. Кенеттен, адамнан табан асты «галстукке» айналған тапал байғұс шарасыз күйде, жиналып қалған жұрттың күлкісіне ұшырады. Шырылдақтың құлақты қақ жарардай ащы даусы бүкіл ауылды саңырау қыла жаздады.

Ұялғаннан жерге кіріп кетердей дәу де шарасыздықтан:

– Кет, әй! Кет, әй! – деп зор дауысымен гүрілдегеннен әріге бара алмады. Ал, омырауына жабысқан пәле оңайлықпен түсіп қалар емес.

Мына көрініс ел-жұртты, жиналған көпшілікті күлкіге қарқ қылды. Тіпті, анау-мынауға еліге бермейтін намазы бар, иманды ақсақалдарды да күлкіге көмді. «Қой, анау бейшараға обал болды ғой! Жөніне жіберсейші!» – дейтін бір жан табылмады. Бәрінің қыран-топан күлкіден ауыздары да, қолдары да босар емес!

Кенет дәу шошала тиген бұқадай «Үфу!» деп, бір өкіріп алды да, мұрнын күректей алақанымен басқан күйі, өңки жөнелді. Адамнан «галустукке» айналған шырылдауық тапалдың бағанағы айқайы-айқай ма, ендігі айқайы құдды бауыздалып жатқан лақтың бақырғанына айнымай қалды.

Осыншама құлаққа түрпідей тиген ерекше дауыс жұрттың қыран-топан күлкісін одан әрі қоздырды. Жұрт есін жиын үлгергенше, мұрнын қос қолдап басқан дәу өгізше өкіріп, аспанға бір атылғанда, абырой болып, ілгегі үзіліп кетті де, омырауына жабысып, «галстук» боп тұрған шырылдауық тапал ұмар-жұмар жерге түсті. Онымен қоймай, еріксіз «тырқ» еткізгені жұртты одан әрі есінен адастыра жаздады.

Бағанағы күлкі бұл күлкінің қасында «қолға су құюға да» жарамай қалды. Жұртқа ақыл айтып, намаз оқып, тап-таза жүрген ақсақалдарға дейін күлге аунаған түйелердей күйге түсті. Бұл аз десеңіз, шырылдауық тапалдың «тырқ» еткізгеніне жауап ретінде «адам да осырған соң, дұрыстап осырмай ма?!» – дегендей, ұялғаннан қашып бара жатқан дәудің адам шошырлықтай «гүрс!» еткізгені, жұрттың жүдә рәсуасын шығарды.

«Күлкі – арсыз» деген ғой, ішек-сілесі қатқан жұрт жерде жатқан тасқа құйымшағымен түскен сорлы тапалдың табан асты соры қайнап, тыпырлап жатқанына да қарар емес.

Қанша дегенмен, намазы бар адамның иманы бойында ғой, алдымен естерін жиған ақсақалдар болды. Құйымшағы сынып, жерде тыпырлап жатқан тапалға жандары ашып кетті білем, әлгінде ғана аппақ күйде болған шапандарын қағып-сілкіп жатып:

  • -О-о, Құдай-ай, көрмегеніміз әлі алда екен ғой!
  • Бұлар өлген адамды да күлдіреді!
  • Ана тапалың сасық күзен секілді неме екен-ау!
  • Атадан жалғыз еді!… Жанды жеріне зақым келмесе, не қылсын!
  • Әлгі түйедей неме тапырақтап жүріп бірдеңесін басып кетті-ау!
  • Осырығы да тура атан түйенікіндей, осал емес екен!
  • Орыс арағының ойрандамайтын жері жоқ-ау! – десті бірінен-бірі асып түсіп. Орыс арағын айтқан ақсақал айтарын айтса да, дереу жан-жағына алақтай қарады. «Мұнымды үкіметке жеткізетін «құлақтар» естіп тұрған жоқ па?!» – деп сезіктенді-ау! Қуыстана берді.

Тапал да намысшыл екен. Дереу орнынан атып тұрды да, артын басып, талтаңдай жөнелді. Ешкімге қарамады.

«Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді» деген ғой, тапалың содан көп ұзамады, ауылдан көшіп кетті.

Дәудің де сырын кейін білдік! Сөйтсек, қанша жерден қайратты болғанымен, жағымсыз иістен аллергиясы бар екен ғой! Әйтеуір, алды-артына қарамастан қашып, жеңісті шырылдауыққа қолдан бергендей болды.

Сөйтіп, тапалың көзден ғайып болғанымен, «ерлігі» жұрттың көңілінде қалып қойды. Атағы жан-жаққа тарады. Жұртқа мысал болды. Бір-бірімен ілінісіп қалса болды, әлгі тапалды мысал ететіндер көбейді.

  • Әй, маған көп тиісе берме! Шырылдауық тапалға айтып, шаңыңды қақтыртып аламын! – дейтін сөз мақалға айналды.

Естен кетпес бұл оқиға Бақыт Шадаева сынды шырылдауықтардың Димаштай алыптың жағасына жармаспақ болғанына тым ұқсас екен! Сондықтан болар, дәу мен шырылдауықтың оқиғасын еріксіз еске алғаным!

Бүгінде Бақыт Шадаеваның дақпырты біздің атақты төбелескіш тапал сынды «даңқын» бүкіл Қазақ Еліне әйгілі етті. «Атағың шықпаса, жер өрте» деген осындайдан туындаса керек-ті.

Айтпақшы, нақ осы Бақыт Шадаеваны «Азат» газетінің 2003 жылғы 6 тамыздағы санында мен де сын садағыма іліктірген екем. Қане, оқып көрелік!

Намысымыз биік болсын, ағайын, мақтанайық сізбенен!

«Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді».

…Иә, қазақ намысты халық! Намыс үшін талай өліп-тірілген!…

Сонда намыс деген не?! Ол – күрделі ұғым. Намыс – жан тазалығы, ардың, тектіліктің ісі. Намыс – қанмен берілер ақыл-парасат, имандылық сынды адами қасиеттер мен өмірлік тәжірибе ұштастығының жемісі.

Намыс – кейбіреу үшін отбасы-ошақ қасы маңында болса, кейбіреу үшін ұлттық деңгейде!

Шынайы намыс, жалған намыс дейтін түрлері де бар. Демек, намыс та – махаббат секілді адамның ішкі жан сезімінен туындайтын қуат.  

Оны бірер сөзбен жеткізу мүмкін емес. Тек ақиқаты – жекелеген тұлғалардың бойындағы намыс жинақталып, белгілі бір өңірдің, одан әрі тұтастай халықтың ұлттық мінезін, намысын қалыптастыратындығы.

Кейбір білгірлер қазақ халқы ұлттық деңгейге көтеріле алмай отыр деп есептейді. Жаны бар сөз. Мінезіміздің де әр қилы болуы да осының дәлелі.

Қазақ – сөз жоқ рухты халық. Рух – жан қуаты, қайнар көзі десек те, осы қуатты өшіруге тырысқан ғасырлар бойғы отаршылдық әрекет қазақ даласының әр түкпіріне әртүрлі әсер еткен бе дейсің?! Қалай десек те, әзірге намысымыз да, мінезіміз де бір арнаға тоғыспай тұр.

Қазақ ұлтының іргесін бүтіндеп отырған халықтың бірі – Арал өңірі халқының мәрттігі, намысшылдығы, ерекшелігі осыған куә!

Тереңге бойламай-ақ, кейбір пікірлерді білдіре кетсек те, ой дұрыстығына көз жеткізуге болар.

Орыс зерттеушісі Л.Мейер 1840 жылы Сібір және Орынбор жағынан бір мезгілде бірнеше ірі жазалау топтарының Кенесары ханға қарсы қимылдарының өрістегенін талдай келе, осындай ауыр жағдайдың өзінде Кіші жүздің Шөмекей руының белгілі биі ханға қызын ұзатқанын мақтан еткенін, Төртқара, Шекті және бірнеше рулардың көтеріліс басшысын елдің ханы деп танығандығын ашық мойындаған.

Аталмыш рулардың Арал өңірінің халқы екені белгілі.

Өткен ХХ ғасырдың 80-жылдарының аяғына таман Азаттықтың асқақ туын желбіреткен Арал, Қазалы, Шалқар ауданының жұртшылығы қылышынан қаны тамған коммунистік режимнің қаһарынан қаймықпай, облысымыздағы (бәлкім, еліміздегі шығар!) алғаш «Азат» қозғалысын ұйымдастырған аудандардың бірі болды.

Намысымызды, әсіресе, ұлттық намысымызды өңір жастары да аса қастерлеп келеді. Оның ақиқатын «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Ақжүніс» бағдарламасында, ұмытпасам, «Басқа ұлтқа күйеуге шығу» және «Кәрі қыз» туралы пікірталасқа қатысқан ауданымыздың екі қызы – қаракөз қарындастарымыз өз пікірлерін білдіргенде дәлелдеген.

Еліміздің басқа өңірлеріндегі қаракөздеріміз берілген сұрақтарға «білмеймін» немесе «сүйсем, күйеуге шығам» деп күмілжи жауап беріп, намысты жандардың қанын қайнатып жатқан. Әсіресе, өзге ұлтқа күйеуге шығып, ажырасып кеткен әнші Бақыт Шадаеваның «енді қазаққа күйеуге шығасың ба?» деген сұраққа бәлсініп, аударылып-төңкеріліп барып: «Мен оңтүстіктің қызымын. Қазаққа күйеуге шығып та қалуым мүмкін» – деген күмәнді жауабына залдағылар қуанғаннан еріксіз қол шапалақтап жіберген.

Бұл не сонда?! Өз қызымызға өзгеге шыға көрме деп, жалынуға дейін құлдырағанымыз ба?! Білгенге, бұл нағыз ұлтты қорлау ғой!

Шындыққа тура қарау керек! Қазақ халқының үстіне қара бұлт үйіріліп тұр. Ол – демографиялық қауіп! Елбасы 2015 жылға дейін халықты 20 миллионға жеткізу міндетін бекерден-бекер қойып отырған жоқ. Осыны «Қазақпын!» дейтін әрбір жанның түсінетін мезгілі жетті!

Жапония екінші дүниежүзілік соғыста жеңілгеннен кейін жапон ұлтының алдында бұл масқаралықтан құтылып, әлемдегі ең озық ұлт қатарына қосылу міндеті қойылған. Ұлтына деген сүйіспеншілік, жапондарды ұлттық тәжірибеге жүгіндіріп, отыз жастың маңайындағы әйелдердің ең ақылды балаларды дүниеге әкелетінін ескеріп, әскерилердің жесірлерін 17-18 жастағы бозбалаларға еркіне қарамай, жаппай үйлендірген. Нәтижесінде, 20 жылдан кейін робототехника, электроника, машина жасау сынды осы заманғы технологияларды игерген қабілетті ұрпақ жапондарды ең озық ұлтқа айналдырып, жапон ұлтының тәуелсіздігін баянды етіп қана қоймай, әлем сыйлайтын ұлт дәрежесіне жеткізді.

Жалпы, адамзатқа қашан да махаббаттан гөрі, Азаттық сезімі қымбат қой! Махаббат үшін екі адам қасірет шексе, Азаттық үшін миллиондап қырылған!

Біреудің құлдығында жүруден өткен қорлық жоқ әлемде! Рухты халық оған көнбейді. Азаттық үшін әрдайым күреседі.

1994 жылы орыс-шешен соғысы басталардан бұрын ОРТ каналынан ингуш қызының сөйлеген сөзі есімде қалыпты. «Мен, – дейді ол, – аз ұлттың өкілімін. Жасым жиырма сегізде. Сегіз балам бар. Құдай берсе, туа берем! Біздің халық көбеюі тиіс. Болашақта Азаттық үшін халық саны аса қажет».

Не деген намыс! Баланы намыс үшін туып жатыр!

Бақыт Шадаеваның жауабы қанымды қайнатып, ыстығымды көтеріп жіберген. Кенет өзін «аралдықпын» деп таныстырған қарындасыма (аты-жөні есімде қалмапты) сөз кезегі тигенде, қатты қобалжып кеттім. «Не дер екен?!».  

Айналып қана кетейін, аралдық қарындасымның: «Жоқ! Мен қанша жерден сүйсем де, өзге ұлтқа күйеуге шыға алмас ем. Өйткені, өзгенің отын жағу – біздің өңірдің халқы үшін нағыз масқара!» – дегені.

Қуанғаннан: «А, Құдай! А, Құдай! Намысыңнан, а, Құдай!» – дей беріппін.

«А, Құдай!» – біздің өңір үшін «айналайын» деген құдіретті сөзбен синонимдес пайдаланылатын, әрі ұранды сөз. (Бүгінде осы ерекшеліктеріміз үшін, біздің өңірдің халқын «ақұдайлар» деп атайды. – Н.Ж.)

Айналып қана кетейін, қарындасым! А, Құдай, қарындасым! Қазақтың намысы үшін отқа да күйген, суға да батқан аруақты бабаларымыз Жалаңтөс баһадүр, Абылай хан, Кенесары хан…, Сартай, Жанқожа, Ақтан батыр… Үш жүзге мәлім болған Әйтеке би, Төле би, Қазыбек би сынды барша бабаларымыздың рухы қолдасын сені!

Жоғарыда аталғандай, «Ақжүністің» «Кәрі қыздар туралы» пікірталасында Арал ауданының Шөмішкөл елді мекенінен шыққан журналист Күнсая Ермекқызы қарындасымның (аты-жөнін білетінім, маған құдаша болып келеді. – Н.Ж.) жігітімен танысқаннан кейін үш айдан соң: «Сен мені аласың ба, әлде мазақ қылғың келе ме?! Жауабыңды айт! Әйтпесе, басқа жігіт іздеймін!» – деп сөзді төтесінен қойып, ұзамай үйленіп, үйлі-баранды болғанын естігенде, көкірегім қуаныштан жарыла жаздады.

Міне, намыс! Біздің қазақ қызының намысы! Сонау біз білетін Кирді құртқан Тұмар ханым (Томирис) заманынан келе жатқан ер мінезді қазақ қыздарының намысы!…

Намыс!… Намыс!… Атақты боксшымыз, қазақтың біртуар ұлы Әбдісалан Нұрмахановты атып кеткенде, ауыл болып күйзелген намыс! Қанішерлер қолға түспей қашып кеткенде, күйінген намыс! Ұсталып, жазаларын алғанда қуанған намыс!…

Айта берсек, мұндай намыстылық біздің әр ауылымыздан табыла берері хақ!

Демек, біздің өңірдің қазақтары сөзбен емес, ісімен намыстылығын танытатын халық екенін мақтанышпен айтқым келеді. Ендеше, намысты халық, қосылыңдар біздермен! Намысымыз биік болсын, мақтанайық сіздермен!» – деппін.

Сөз соңы

Осы мақаланы дайындау үстінде Димаш баламыз туралы тағы бір ақпарат жарияланды. Авторы Қытайда 1975 жылы дүниеге келген Серікжан Біләш деген азамат екен. Айқайынан түсінгенім, «Қытайдың сахнасында ақша тапқан біздің шыңғырбай Америкадағы қаралардың құқығын қорғайық деп шықты» – деп, өзінің саз өнерінен алыста жатқанымен қоймай, нәсілшілдік қасиетін де ашық білдіріпті. Одан әрі: «Ол Қытайда сахнада шыңғырып ән айтып жүргенде, Қытай түрмесінде жарты миллион қазақ шыңғырып жатыр», – деп патриоттық сезімін де қалыс қалдырмапты.

Иә, бәріміз де Қытайдағы бауырларымызға қатты жанымыз ашиды. Бірақ, қолдан келер еш шара жоқ. «Күштінің көті диірмен тартады» деген. Бүгінде Қытаймен санаспайтын ел кемде-кем. Қытай мәселесін қарапайым адам түгілі, әнші түгілі, мемлекет дәрежесіндегі адамдардың да байқап-байқап сөйлеп, дипломатиялық жолмен ғана шешілетін жолды таңдауы – заңдылық!

Құдайға шүкір, Тәуелсіз еліміз – Қазақстанымыз бар! Отанымыз бар. Түптің түбі, «Сабыр түбі – сары алтын» дегендей, Қытайдағы қазақ мәселесі де рет-ретімен шешілері хақ!

Елі жоқ, Отаны күмәнді, ұтылары жоқ езілген ұлттардың немесе төрт құбыласы түгел, еліне еш қауіп жоқ елдердің патриоттарына еріп, айқайларына ойбай қосудың қажеті жоқ. Ол аз дегендей, Серікжан інім тағы да: «Ол шыңғырып, Қытайдың тонна-тонна юанын алып жатқанда, Қытайдың 700 мың қазағы түрмеде шыңғырып жатыр! Қандай арсыздық?! Бұдан өткен арсыздық бола ма?! Бұдан өткен намыссыздық бола ма?! Бұл – ақшаның, Қытайдың құлы екенін дәлелдеу!» дей келе, Димаштың тегіне де тілін безепті.

Мұндай пікірге не айтуға болады?! Не деген ауыр сөздер?! Бұл тұрпатты сөздерді көшедегі бейпіл ауыз қатындар да абайлап қолданады. Димаштай әлемді өнерімен таңдай қақтырып, қазақша ән салдырып жүрген қаршадай балаға осыншама ауыр сөздер арнау Серікжан інімнің деңгейін айқындап-ақ тұр!

Өз өнерімен ақша тапса, несі айып?! Сол да саясат па?! Димаш ешкімнің қалтасына түсіп жатқан жоқ. Абай атамыз: «Есектің көтін жусаң да, адалынан мал тап!» – деген жоқ па?!

«Ар, намыс, тек» туралы пікірді абайлап айту керек! Қазақтың тегі – әлемдегі халықтардың ең кереметі! Ең тазасы! Мұндай қателіктерге бой ұру – күнәнің ауыры! Күнә арқалау – ұрпақтарға жалғасып кетеді. Сондықтан, сақтанып сөйлеу керек.

Мен халқымның Азаттығы жолында көп тер төккен адамның бірімін. Осы жолда талай қазақтың асыл азаматтарымен жолдас болғанмын. Ақылдарын тыңдағанмын. Сондай қазақтың біртуар азаматтары – Жағда Бабалықұлы, Сәбетқазы Ақатай.

Олармен алғашқы кездесу 1991 жылдың 2 наурызы күні Сексеуіл қалашығында Арал аудандық «Азат» қозғалысының құрылтайы өткенде болды.

Жағда Бабалықұлы 1917 жылдың 3 сәуірінде Қытайдың Шыңжан өлкесінде туып, 2010 жылы Алматыда қайтыс болды. Тарихшы, этнограф-ғалым, шежіреші, қоғам қайраткері.

1940 жылдары қазақ жастарының басын қосып, астыртын ұлт-азаттық ұйым құрған. Әлденеше рет Қытай түрмесіне қамалған. Подполковник. Іле қазақ автономиялық облысының уәлиі болған.

Күрескер Қажығұмар Шабданұлы өзінің алты томдық «Қылмыс» романында Жағда Бабалықұлын адал азамат, білімдар тұлға, нағыз қазақ зиялысы ретінде суреттеген.

Сәбетқазы Ақатай 1938 жылы 11 қазанда Шығыс Қазақстан өңірінде дүниеге келген. 2003 жылы дүниеден өткен.

Философия ғылымының докторы. 1970 жылы Мәскеуде «Жас тұлпар» атты қазақ жастар ұйымының құрамында студенттер кеңесін басқарды.

«Азат» қозғалысының тең төрағаларының бірі болған. Жазушы. Бірнеше кітаптың авторы.

Осы екі арыстың дәрісін, пікірін, болашаққа деген ойларын естігенде, рухани ләззатқа бөленесің, өмірге деген құлшнысың артады екен.

Жағда ағамыз тарихтан, тіл мен мәдениет жөнінде құнды дүниелер айтса, Сәбетқазы ағамыз саясатқа терең бойлайды.

Жағда ағамыз: «Соғыс көбіне-көп мәдениет соқтығысынан, жалпы руханият мәселесінен туындайды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ұлыбританияның премьер-министрі Уинстон Черчилль ел бюджетін қарап отырып, қарамағындығыларға: «Мәдениет саласына неге ақша қарастырылмаған!» – деп сауал тастапты. Олар соғысты сылтау етсе керек. Сонда Черчилль: «Соғыс осы мәдениеттен тұтанып отырған жоқ па?!» – деп кейістік білдіріпті. Міне, руханияттың аса маңыздылығы осыдан-ақ белгілі емес пе?!» – деп руханияттың ұлт үшін маңызын насихаттап отырушы еді.

Сәбетқазы Ақатай ағамыздың: «Қазақтың жауы көп, қазаққа жаңа жау тауып бермесең, ол да көмек!», «Экстремизм – жаман нәрсе. Қазақ экстремисі мен грузин экстремисінің айырмашылығы: қазақ экстремисі төбелесті бастап беріп қашып кетеді. Грузин экстремисі төбелесті бастап, өзі жаққан отқа өзі күйеді», «Ұлтын сүюдің екі түрі бар: біріншісі – ұлтшылдық; бұл – ұлтын сүюдің актив түрі, яғни іс-әрекет үстіндегі ұлтшылдық. Екіншісі – ұлтжандылық; бұл – ұлтын сүюдің пассив түрі, яғни іс-әрекетсіз дастарқан басында қою шай ішіп отырып, лепіре сөйлейтін түрі», «Саясат – жас шыбық тәрізді, иілгенмен кәрі ағаш секілді омырылмайды, жіберіп қалсаң, бастапқы қалпына барады, бағытынан таймайды» – деп саясаттың жолы өте нәзік, оған үлкен парасат керек екенін ескертіп отыратын.

Осы қос ағамның дәрістерін тыңдап жүріп, көңілге тоқығаным, сөз өнері дарыған қазағымдай дана халық әлемде саусақпен санарлықтай екен. Соны ұқтым. Әсіресе, адамдардың басын біріктіруде, ажыратуда сөз өнерінің киесін барынша аша білген халық екен.

Ол «Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», «Іріген ауыздан шіріген сөз шығар», «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз киесін табады», деген сынды тағы көптеген санаға ой салар мақал-мәтел, даналық сөздердің шексіз кете беретінінен көрініс тауып тұр-ау!

Осы орайда, баяғыда біреу: «О, Құдайым, біліп істеген, білмей істеген күнәмді кешіре гөр!» – депті, жаны қысылып жатқанда. Сол айтпақшы, мәдениет жөнінде Бақыт Шадаеваның біліп істеген, Серікжан Біләштың білмей істеген күнәларын, Құдайым, кешіре гөр! – демекпін. Тағы да: «О-о, Құдайым, халық арасына от салып, қашып кететіндерден сақтасын!» – дегім де келеді.

Айтып айтпай не керек, бүгінде қадірі кеткен сөз өнерін қайта жаңғыртып, есімізді жиып, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның сөзімен айтқанда: «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана!» – демекші, қазағым, әрқашанда ынтымақта болайық!

Әйтпесе, «Атың шықпаса, жер өрте» деген ант ұрған, жексұрын қағидатты басшылыққа алам деп, сөз басында келтіріп кеткендей, әлдеріне қарамай орынсыз шырылдап жүргендер Димаш сынды алыптың омырауына «галстук» боп ілініп қап, масқарамыз шығар! Сондайлардың кесірінен қазақ күлкіге ұшырар! Жер боп қалармыз! Сондықтан, абайлайық! Сынымыз шын болсын!

Нұрбай  Жүсіп,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: