Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ашынған адамның айқайы ащы шығады

29.12.2022, 10:40 339

Жыл басында мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев әкімдердің халықпен кезде­су тәртібін реттейтін Жарлық енгізді. Соның арқасында халықтың әкімнің қабылдауына кіре алмадым деген сөзін жиі естімейтін болдық. Бұл да – ел үшін жасалған игі істің бірі. Міне, осы Жарлыққа сәйкес, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге  Қызылорда қаласының  тұрғындарымен «Достық үйінде» кездесті. Ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде БАҚ-та және әлеуметтік желілерде хабарландыру беріліп, жеке қабылдауға 250-ге жуық тұрғын келді. Оның ішінде аймақ басшысына келген 80-дей  тұрғын 100-ге тарта мәселесін жеткізді. Облыс әкіміне көбіне тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу немесе қаржылай көмек сұрау және бала денсаулығына қатысты ем алуға көмектесу бағытында сауалдар қойылды. Шыны керек, сала басшыларының жұмысқа немқұрайды қарауының ұяты облыс әкіміне тиеді  екен.  Әлқисса…

Ең алдымен, денсаулық саласы бойынша айтсақ. Ұлжан Аширбаева есімді қала тұрғыны өзінің немересі Жақсылық Оспановтың еміне көмек сұрауға келіпті. Айтуынша, бала шала туылып, 4  ай  «Ана мен балада» емделген. Одан балалар ауруханасына ауыстырылып, ауыр  аппарат­қа түсіпті. Алайда дәрігерлер анасын қасына кіргізбеген. Өкпесі ғана дамымай өскен  баланың  халі уақыт өткен сайын нашарлауда. Әжесінің айтуынша, баланың қолы-ая­ғы қозғалатын еді. Қазіргі күні бала сал болып қалды дейді. Балаларға ешқандай жағдай жасалмаған екен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловқа барса, көмек беруге қауқарсыз екенін көрсетіп қана қоймай, былай депті. «Сіз дәрігерлермен жақсы болмай, балаңыз жақсы болмайды». Бұл сөздің  астарын  шақалақтың әжесі жемқорлық­қа итермелеу деп түсінген. Ал, сонда Сәбит Пазылов не айтқысы келген? Шарасыз ана мен кейуана облыс әкімінен көмек сұрауға келді. Бірақ әкімнің кешігіп келуі­не байланысты облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қабылдады. Барлық жағдайды естіген Нұрымбет Сақтағанов мәселені аймақ басшысына айтып, қолдан келгенше көмек беретінін жеткізді. Облыс әкімінен еш қайыр болмаса, науқастың жақындары денсаулық  сақтау  министрі Ажар Ғинаятқа жүгінбекші. Жалпы, әкімнің қабылдауына келгендердің көбі денсаулыққа қатысты болды. Сол арқылы қай саланың жұмысы сұйы­лып  тұрғанын  аңғаруға  болады.

Сөзімізді «Қаңтар оқиғасында» қаза тап­қан ер-азаматтардың жақындарының сөзімен сабақтасақ. Бейбіт шеруге шыққан 25 азаматқа жалған айып тағылып, отбасына қысым көрсетіліпті. Олардың сөзінше, бейбіт шеруге шыққан біркелкі куәгерлердің сөзімен ол азаматтарды «террорист» деп қабыл­дауда. Бір жылға жуық уақыт бойы ер-азамат­тарымыздың ақ екенін ақтай алмай келеміз дейді. Өлгендерге тыныштық беруін облыс әкіміне айтуға келіпті. Сондай-ақ, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялады.

– Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев, еліміз бойынша 238 ата-ана сізден ұлымыздың ақ екенін дәлелдеуге көмектессеңіз. Иә, содырларға алдансаңыз, сіз алданған боларсыз. Бірақ біздің балаларымыз таза, террорист емес. Сол себепті өлген азаматтарға берілген баптарды алуыңызды өтінеміз, – деді  Бибігүл  Әлишева  есімді  ата-ана.

Кирилл Кан есімді қала тұрғыны мемлекет қызметкерлерінің бәрін ашумен «жемқор» деп атады. Бұлай айтуына негіз бар екен. Ол үй кезегі­не 2009 жылы тіркеліп, әлі күнге дейін ала алмай келе жатқанын мәлімдеді. Бірінші топтағы мүгедектігі бар болса да, қала әкіміне  жүгініп, басқа да есіктерді қағыпты. Бәрі желбуаз сөзбен шығарып салған екен. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала әкімі болған тұста осы мәселесін шешіп беремін деп «еркекше» сөз берген көрінеді. Алайда бүгінге дейін ешкім ештеңе шешпеді және тырысып та көрмеді. «Дегенмен, үмітім үзілмей, аймақ басшысына қайта келдім» дейді қала тұрғыны. Мәселесін  Нұрлыбек  Нәлібаев  тыңдап, жауап­тыларға  тапсыратынын  айтты.

Айта кету керек, үйге қатысты мәселе өткір екен. Жеке қабылдауға келген мүгедектігі бар азаматша көп жыл бойы жалдамалы пәтерде тұрғандықтан, үкіметтен алған қаражаты пәтер­ақыдан артылмайтынын алға тартып, баспана алуға жәрдем сұрады. Облыс әкімі тұрғын  үй тек заң аясында кезектілік тәртібімен берілетінін түсіндіріп, қала әкіміне көмек сұрап келген әйелдің тұрмыстық жағдайын зерттеп, оған  уақытша  баспана беру  мүмкіндігін  қарас­тыруды тапсырды. Бұл ретте кеше ғана көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан  осал  топтарына, жетім  және  ата-ана­сының  қамқорлығынсыз  қалған  балаларға  110 пәтер берілді және алдағы уақытта да бірқатар көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқ­талып, ел игілігіне табысталатынын мә­лімдеді. Бұған қоса, аймақ басшысына бір топ тұрғын үйлеріне күрделі жөндеу жасаған компанияның жұмысты сапасыз жүргізгеніне шағымданды. Облыс әкімі мәселені зерттеп, мердігердің жауап­кершілігін қарауды тапсырды.

Әкімнің қабылдауына келген қала тұрғындары шыдамсыздық танытып, бір-біріне кедергі жасайтыны бар. Дау-жанжалдан бұл қабылдау да кенде қалмады. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұйымдастырушыларға бірнеше мәрте ескерту берді. «Мен алдыма келген адамның сауалын естімей жатырмын. Халықты сабырға шақырып, кезек-кезек кіргізің­дер. Сендер жұмысты істей аласыңдар ма?  Алдыма   келген  тұрғынның  мәселесін алдын  ала  білесіңдер, неге жауапты маманмен бірге  әкелмейсіңдер» деп жекіді. Шыны керек, аймақ басшысы бұлай айтуының жаны бар. Қызылорда халқы бір-бірін сыйламай, тіпті журналистерге де айқайлап, ашуға булық­ты. Әрине, ашынған адамның айқайы ащы шығатыны анық. Десе де, сәл де болса сабыр­лық  танытуға  болар  еді.

Жеке қабылдаудан кейін Нұрлыбек Нәлі­баев қала тұғындарымен кездесіп, жыл қоры­тындысымен қол жеткізген жетістіктерді тізбектеп, алдағы кезеңде аймақтың даму бары­сын  талқылады.

– Өздеріңіз  білетіндей,  қазіргі  таңда Сыр  өңірінде  маңызды  бастамалар қолға  алынуда.  Ел  Президентін кезектен  тыс  сайлау секілді ауқымды саяси науқандарда аймағымыз үздіктер қатарынан көрінсе, жақында Қызылордаға жұмыс сапарымен келген Премьер-министр облыс дамуына оң баға беріп, көтерген мәселелерімізге қолдау білдіретінін жеткізді. Нәтижесінде аймақ үшін көптеген игі жоба жүзеге асырылмақ.

Бүгін, міне, қала тұрғындары үшін ашық қабылдау өткізіп, келген әрбір азаматтың жеке мәселелерін мұқият қарадық. Бұған дейін 7 ауданға барып, 800-ден аса азаматтың өтінішін тыңдап, бағыт-бағдар бердік. Мезетінде шешілгендері де аз емес. Бүгінгі қабылдауда да ешқандай шектеу болған жоқ, бұйымтайын айта келген барлық адамның ұсыныс-пікірлері тыңдалып, назарға алынды. Біз мұндай кездесулерді алдағы уақытта да ұйымдастыратын боламыз, – деді аймақ басшысы.

Биыл облыс әкімі 27 жеке қабылдау өткізіп, 600-ге жуық тұрғынды қабылдап, өзекті мәселелерін қарады. Бұл жолғы қабылдауға келген тұрғындардың мәселесі оңынан шешіледі деп сенейік.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: