Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Арманда» ақмешіттіктердің арманын тыңдады

17.10.2023, 9:25 285

HALYQLINE.KZ

Қаржылық сауаттылық, гендерлік теңсіздік, отбасы құндылығының құнсыздануы – бүгінгі күннің ауқымды мәселелері. Бұл тақырыптарда сөз қозғап, жұртқа мотивация беріп жүргендер көп-ақ. Бірақ, ол кісілердің курсын сатып алу, біркүндік семинар-тренингіне қатысуды қарапайым халықтың көп бөлігінің қалтасы көтермейді. Қытымыр заманда өмір сүріп жатқаннан кейін бұл жағдайға түсіністікпен қараймыз. Дегенмен, бар білгенін қарапайым халыққа су тегін үйретіп жүргендер де жоқ емес. Бүгінгі заманның ағартушылығымен айналысып жүрген медиа-бизнес өкілдері мен қоғам қайраткерлері бас қосып, «Арманда» Халықаралық білім беру бизнес форумын бастады. Алғашқы сапарын Сыр өңірінен бастаған спикерлер Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында бас қосты. Белгілі тұлғалардың дәрісін алғысы келген жұртшылықтың қарасы қалың, көрермен залы лық толы.

Алдымен тележурналист әрі әйел құқығын қорғаушы Ләйлә Сұлтанқызы сөз сөйледі. Отбасындағы әйел рөлі мен қосымша табыс табу көзін тілге тиек еткен ол, келушілермен ашық-жарқын сөйлесіп, кері байланыс жасап, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. Тіпті кейбір нәзік жандылар ішіндегісімен бөлісіп, сезімге беріліп жатты.

Келесі сөз кезегі психология ғылымдарының кандидаты, медиаменеджер Арман Давлетяровқа келді. Ол отанға деген сағынышы жайында және басынан өткен тіл мәселесі туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, жетістікке жетудің, бақытты болудың жолын айтты.

Одан кейін сахна төріне халықтың ұлы атанған айтыскер ақын әрі тележүргізуші Жандарбек Бүлғақов шықты. Өзінің импровизациялық қабілетімен әрі сөз шеберлігімен жұртшылықтың таңдайын қақтырған ол, көпшіліктің алдында сөйлеу шеберлігін алға тартты. Сонымен қатар, дүйім жұрттың көкейтесті сұрақтарына жауап беріп, астарлы әзілдерімен көпшіліктің көңілінен орын таба білді.

Соңғы сөз сөйлеу бақыты әлеуметтік желінің арқасында халықтың сүйіктісіне айналған теолог әрі діни психолог Нұрлан имамға бұйырды. Оның дін мен салт-дәстүр арасындағы кикілжіңдерге нүкте қойып, діни сұрақтарға көпшілікке түсінікті түрде жауап беру арқылы танымал атанғаны бәрімізге мәлім. Бұл форумда да әйел мен ер арасындағы қарым-қатынастың дұрысы мен бұрысы, діни пайымның жақсы жағы мен діни фанатизмнің қараңғы жағы жөнінде өз ойын айтты. Осылайша 3 сағатқа жуық уақытқа созылған бизнес-форум Нұрлан Асановтың ақ тілегімен аяқталды.

***

Аталға іс-шара басталмас бұрын делегация мүшелері өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі баспасөз конференциясына қатысты. Көшпелі брифингте белгілі теолог, психолог Нұрлан Асанов, психология ғылымдарының кандидаты, медиаменеджер Арман Давлетяров, тележүргізуші, журналист, қоғам белсендісі Ләйлә Сұлтанқызы, айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов жергілікті БАҚ өкілдеріне форумның негізгі мақсатын түсіндіріп өтті.

– Қызылорда төрінде өткізілейін деп отырған форумның жалпы мақсаты – кез келген тақырыпты халық алдында қозғай отырып, оларға мотивация беру. Қазір кез келген адамға сауал қойып сұрасаңыз, өз арманы туралы айта бастайды. Кейбірі кәсіп бастағысы келетінін айтса, бірі отбасы, бала тәрбиесі, тұлғалық даму тақырыптарында сөз қозғайды. Адамдардан естіген жеке пікірлерді жинақтай келе әр аймақта «Арманда» деп аталатын форум өткізіп, бағыт-бағдар іздеп жүрген адамдарға өз білгенімізді түсіндіруді жөн көрдік. Біздің форумда бизнес бастау, психологиялық кеңестер, көпшілік алдында еркін сөйлеуден қысылмау, отбасы құндылығы сынды бірқатар тақырып қозғалады, – деді Арман Давлетяров.

Өз кезегінде БАҚ өкілдері делегация мүшелеріне өз сауалдарын қойып, спикерлермен пікірлесті.

***

Ал сол күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Арманда» республикалық форумын өткізу үшін Қызылорда облысына іссапармен келген медиаменеджер, қоғам қайраткері Арман Давлетяров, қоғам белсендісі, журналист Ләйлә Сұлтанқызы және белгілі теолог Нұрлан имам Асановпен кездесті. Кездесуде форумның бастамашысы әрі ұйымдастырушысы Арман Давлетяров іс-шараның негізгі мақсаты туралы айтты.

Жексенбіде өткен жиында жойылуға таяу мамандықтар мен сұранысқа ие қызмет түрлері жөнінде кең мағлұмат берілді. Спикерлер өмірлік тәжірибелерін айтып берді. Отбасы құндылығы, гендерлік теңдік және әйелдің қоғамдағы рөлі туралы тақырыптар қозғалды. Дін мен ұлттық салт-дәстүрді ұштастыру, ұлттың болмысына сай жастарға әдет-ғұрыпты дәріптеу тетіктері де талқыға салынды. Қатысушылар түрлі сауал қойып, емін-еркін диалог өрбіді. Айта кетейік, бұл іс-шараны облыстар арасында алғашқы болып Қызылорда өңірі өткізуде.

Аталған жоба аясында форум спикерлері өңірлердегі балалар мен қарттар үйлерін және тағы басқа әлеуметтік мекемелерді аралап, студенттер мен аз қамтылған отбасылармен кездесіп, игі іс жасауға атсалысады. Олардың жалпы аудиториясы 10 миллионға жуық адамды құрайды.

Аймақ басшысы форум ұйымдастырушыларының жұмысына сәттілік тіледі.

Айтілес АБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: