Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралды құтқару қорына 30 жыл толды

28.03.2023, 9:25 172

HALYQLINE.KZ Арал аудандық мәдениет үйінде 26 наурыз – Арал теңізі күніне және Халықаралық Аралды құтқару қорының 30 жылдығына орай «Арал – бүгінгі тірлік тірегі, Арал ертеңнің өркен жүрегі» атты мерекелік кеш өткізілді.

Аталмыш іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әбсұлтанов қатысып: «Баршаңызды Халықаралық Аралды құтқару қорының 30 жылдығымен құттықтаймын! Аталған қор құрылғалы бері аудандағы елді мекендерге су таситын техникалар алуға, мектеп, балабақшалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, тартылған теңіздің табанына сексеуіл егуге, «Барсакелмес» қорығын кеңейтуге, «Қамыстыбас» балық питомнигін құрал-жабдықтармен қамтуға, мемлекеттік мекемелерге арнайы автокөлік алуға қаржы бөлуге көмек көрсетіп келеді. Бұдан бөлек аудандағы қолға алынған жобаларға да өз қолдауларын аяған емес. Тарихы теңізбен тамырлас ауданымыздың келешегі жарқын болып, ертеңі еңселі болсын» деп ізгі лебізін білдірді.

Мұнан соң «Бастамаларды қолдау» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Мадина Төлепова 1992 жылы қабылданған «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау» туралы Заңның алынып тасталған бірқатар бөліктерін қайта енгізу үшін жұмыстар жасалып жатқандығын айтып өтті. Олардың қатарында Арал өңірінде медициналық қызмет сапасын арттыру, зейнеткерлік жасты төмендету және әйелдерге жүктілікке байланысты берілетін демалыс уақытын азайту және экологиялық жағдайды жақсарту мәселелері бар екендігін тілге тиек етті. Бұл жұмыстарды атқару барысында Халықаралық Аралды құтқару қорының қолдауы зор екендігін айтып, алдағы жобаларының нәтижелі болуына тілектестік білдіріп, сәттілік тіледі.

Іс-шара барысында Халықаралық Аралды құтқару қоры директорының орынбасары Зәуреш Әлімбетова Арал теңізінің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатындағы Дүниежүзілік банктер мен ұйымдардың қолдауымен жүзеге асатын бірлескен жобаларды және теңіз ұлтанына сексеуіл егу, орман шаруашылығын дамыту, су бұрғылау жұмыстары бойынша қолға алынып жатқан пилоттық жобаларға тоқталып өтті. Мерекелік кеште Аралды құтқаруға үлес қосқан бірқатар азаматтарға қор тарапынан алғыс хаттар табысталды.

Аудан өнерпаздары ақын-жазушылардың Арал теңізіне арнап шығарған ән-жырларын орындады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: