Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралда танауқұрт түйені тұншықтырып жатыр

28.05.2020, 19:00 1347 2

Арал ауданына қарасты бірнеше ауылдық округте (Сексеуіл кенті, Сазды, Октябрь, Қосаман, Жақсықылыш кенті, Қарақұм, Жіңішкеқұм) түйе өлімі тіркеліп отыр. Қызылорда облыстық ветеринария басқармасының хабарлауынша, өлген Ойсылқара тұқымынан «цефалопиноз» (танауқұрт) жұқпалы емес паразитарлық ауруы екендігін анықталған. Мамандардың сөзінше, жаз мезгілінде эктопаразиттердің (бөгелек, сона, маса, шыбын, т.б) ұшу кезінде түйелердің мұрын қуысына личинкаларын (жұмыртқаларын) тастайды. Күз, қыс айларында личинкалар мұрын қуысында дамып, ересек құрттарға айналады. Сөйтіп, құрттар тыныс жолын жауып, тұншықтырады. Азық шайнай алмай аузын ашып дем алады. Күйісінен жаңылады, басын шұлғи береді. Осылай мал көмейін паразиттер бітегеннен кейін тұншығып (асфиксия), тұрған түйе бірден құлап өледі.

Мал өліміне байланысты ауданға қарасты ауылдық округтермен байланысқа шықтық. Сазды ауылдық округінің әкімі Әділхан Таңымбетовпен телефон арқылы тілдестік.

– Ауылдағы «Нұр» шаруашылығында 2 бас түйе өлу фактісі тіркелді, – деді ол.

Ал аудандық мал дәрігерлік стансасының эпизоотолог-дәрігері Бақытбек Жұбанышов:

– Бүгінге дейін ауданда 33 бас түйе өлді. Кеше және бүгін аталған аурудан өлген мал тіркелген жоқ, – деді.

Айта кетейік, «цефалопиноз» (танауқұрт) паразиттік ауру болғандықтан Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің «Ветеринария саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді бекіту туралы» 2014 жылғы 30 қазандағы №7-1/559 бұйрығымен бекітілген «Профилактикасы, диагностикасы және жойылуы бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын жануарлардың аса қауiптi аурулар» тізбесіне енгізілмеген. Сондықтан алдын алу және емдеу шаралары мал иесінің өз қаражаты есебінен жүргізіледі.

(Фото ашық дереккөзден алынды).

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: