Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақтан батырға арналып түнеухана салынды

17.10.2022, 9:00 491

HALYQLINE.KZ Халқымыздың даңқты перзенті, әулие әрі батыр Жанқожа Нұрымбетұлының сенімді серігі болып, «Ақша бұлтты Ақтан» атанған Ақтан Ақайұлы бабамыздың есімі ел арасында кеңінен мәлім. Қазалы ауданында Ақтан Ақайұлының есімімен аталатын көрікті елді мекен бар. Ауыл ішімен өтетін Ұлы жолдың бойында Ақтан бабамызға арналып тұрғызылған еңселі кесененің салынғанына биыл тура 25 жыл толды. Күні кеше Ақтан Ақайұлы батыр бабамызға арналған түнеухана ауылдың көркіне ажар қосты. Ұлу тастан (ракушка) салынған еңселі де, көрікті түнеухана ел азаматтарының, баба ұрпақтарының демеушілігімен пайдалануға берілгенін атап кеткен жөн. Қолдан от жағу тәсілі арқылы жылытылатын түнеуханада зиярат жасаушыларға барынша жағдай жасалынған. Электр жарығы тартылып, аулаға түнгі жарықшамдар орнатылған. Игілікті істің басы-қасында жүрген Ақтан батыр бабамыздың ұрпағы Өмірбек Күлімбетовті сөзге тартқанымызда:

«Қазақтың санасының ұйытқысы – бабаларға тағзым мен ағайынға бауырмалдығы». Осынау қанатты сөздің мән-мағынасы бүгін айшықтала түскендей. «Ақша бұлтты Ақтан» атанған әулие әрі батыр бабамыздың түнеуханасын салу көптен бері ойда жүрген жұмыс еді. Бүгін сол мақсатымызға көпшіліктің демеушілігімен қол жеткіздік. Түнеухана ауласындағы қуатты екі түнгі жарықшам (прожектор) ғұмыр бойы ел-жұртын жаулардан қорғаған қос бабамыз Жанқожа батыр мен Ақтан батырдың ерлік жолының жарқын көрінісі тәрізді. Жас ұрпақтың бойына имандылық пен адамгершілікті, туған жерге деген құрмет сезімін терең сіңіруге бабалар есімінің тигізер септігі мол. Түнеухана жұмысына рухани әрі нақты қолдау жасаған Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев, жеке кәсіпкерлер Мерей Есқожаев, Бақытбек Қожабаев, Сағыныш Рсалиев бауырыма, ағайынды Ерболат пен Бекетай Мұхашев, Қартбай Сатаев, Жеткербай Медеубаев басқа да азаматтарға алғысымыз шексіз, – деді ағамыз.

Түнеухананың ашылу рәсіміне Ақтөбе қаласы мен Шалқардан, Арал, Қазалы аудандары мен Төретам кентінен келген 500-ге тарта адам қатысты.  «Әзілхан ишан» мешітінің имамы Бауыржан Жайлыбайұлы Ақтан баба, өзге де аруақтардың рухына құран бағыштап, №90 мектеп оқушылары арнау өлеңдерін оқыды. Құрылыс жұмыстарына белсене қатысқан бір топ азаматтарға ұйымдастыру комиссиясының алғыс хаттары тапсырылды.

Жұмабек Табынбаев,

Ақтан батыр ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: