Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Аңсаған сәби»: арман мен ақиқат

16.02.2023, 16:30 399

Адам өмірінің мәні – бала. Ана мен баланың махаббатынан артық ештеңе жоқ екені де анық. Алайда құрсағын кеңітіп, жарып шығатын шарананың болмауы анаға үлкен қасірет болары сөзсіз. Қазір елімізде, тіпті әлем бойынша бір балаға зар болып жүргендер қаншама? Дегенмен, экстракорпоральді ұрықтандыру әдісі бойынша біраз ерлі-зайыпты бақытқа бөленіп, балалы болуда. Десек те, бұл жүйе шетелде дамып кеткенімен, біздің елде біржүйеге түспей тұр. Басты мәселе қалтаға түсетін қалың қаражатқа тіреледі. Расында да, бір отбасы толықтай тексеріліп, ЭКҰ арқылы бала сүйгілері келсе, емнің шарықтаған бағасы тұрмыстық жағдайға қарамайды. Салдарынан бала сүйгісі келетін отбасылардың қатары көбеюде.

Иә, өңірімізде 462 отбасы балалы болғысы келеді. Сондай-ақ, өткен жылы яғни 2021 жылы қабылданған «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы арқылы өңірімізде 119 бала дүниеге келген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова баяндады. Бағдарламаның мақсаты – қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық проблемаларды шешуге жәрдемдесу.

Қызылорда облысында бойынша 2015 жылы – 34, 2016 жылы – 35, 2017 жылы – 38, 2018 жылы – 38, 2019 жылы – 36, 2020 жылы – 44, 2021 жылы – 281, 2022 жылы – 277 квота беріліп, 2021 жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында ЭКҰ арқылы 119 бала туылып, 3 отбасында егіз сәби дүниеге келген. Ал 2022 жылға жолданған 277 квотаның орындалу үлес салмағы 100 пайызды құрап отыр. Жылдың басынан бері 161 жүктілік тіркеліп, оның ішінде 42 әйел босанған (26,0%), 72 әйелде жүктілік түсікпен аяқталған (44,7%), 45 әйел жүктілікке байланысты есепке алынып, бақылануда (27,9%), 98 әйелде ЭКҰ бағдарламасы нәтижесіз (35,7%), 19 әйел (14,2%) стимуляция (ұрықтандыру) сатысында, – деді Мая Миранбайқызы.

 Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің №272 бұйрығына сәйкес 2021-2026 жылға дейін бекітілген «Аңсаған сәби» жобасы  терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Сондай-ақ, міндетті түрде 18 бен 42 жастағы үміткердің жазбаша келісімі арқылы ЭКҰ-ға отбасылық жұптар да, жеке адам да қатыса алады. «Бірінші жылы сәтсіздікке ұшыраса, екінші жылы қайта мүмкіндігі бар» деген сала маманының айтуынша, жыл сайын сізге бұл мүмкіндік берілетінін ескерген жөн. Сонымен қатар «Аңсаған сәби» арнайы бағдарлама шеңберінде жүргізілген ЭКҰ циклдеріне мониторинг жүргізу, пациенттердің құжаттарын қабылдау және құрылған комиссияға ұсыну жұмыстары басқарма тарапынан жүргізіліп, толықтай тексеріс сіздің әлеуметтік медециналық сақтандыру қорыңыздан алынады. Бұл дегеніміз «Аңсаған сәби» жобасы арқылы өтініш беріп, тіркелген отбасындағы екі адам да тұрақты жұмыспен қамтылған болуы керек.

Ең алдымен үміткер тіркелген жері бойынша емханаға барып, бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тізіміне қосылуы қажет. Сосын тексеруден өтіп, маманның қорытындысымен пациенттің құжаттары жергілікті комиссияға жіберіледі. Оң шешімі шыққан соң, арнайы порталға тіркеп, дайындық басталады. Бағдарлама қатысушысы клиниканы өзі таңдайды, – деді Мая Мирзанова.

Брифинг барысында Мая Миранбайқызы «қандай отбасылар ЭКҰ арқылы сәбилі бола алады?» деген сұраққа жауап берді.

12 ай бойы жүктілік болмай, бедеу деп танылған отбасылар қаралады. Яғни, бұл жерде ер де, әйел де толықтай тексерістен өткізіледі. Әйел адамның жатырынан ақау болатын болса және ер адамның ұрық дамуы төмен көрсеткішті көрсетсе, барлық емнің түрлері жасалынып, суррогатты ана немесе донорлық-жыныстық клеткаларды пайданала алады. Бұл жерде суррогатты ана мен донорлық-жыныс жасушаларына емделушілер өз қалталарынан қаражат шығаратын болады, – деді ол. 

Бұдан бөлек, ұрықтандыру арқылы бала көтеретін әйел психодиспансерлік, наркологиялық есепте тұрмауы керек және қауіпті дертпен ауырмаған болса, дені сау баланы дүниеге әкеледі деп танылады.  Бүгінде «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 7 мыңға жуық отбасыға көмек көрсетіліп, нәтижесінде 2650 отбасында 3110 сәби дүние есігін ашқан.

Айта кетейік, елімізде сәби болмағандықтан, әрбір алтыншы отбасы ажырасып тынады. Ал қазіргі таңда «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында әрбір үшінші әйел сәбилі болуда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: