Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алғыс айту күнінің саяси маңызы сақталуы тиіс

01.03.2021, 9:00 714

HALYQLINE.KZ

Ұлан-ғайыр алаптың тынысынан нәр алған Ұлы Дала ұрпақтары бабалар ізін жалғап, дала қасиетін дәуірден-дәуірге жеткізді. Сақара сары бел, орман-тау, айдын көл, ну қамысы мен шеңгелі, жусаны мен жыңғылының киесін арқалаған қазақ 21-ғасырда да бабалардың қанымен, ананың сүтімен берілген сол қасиетті жоғалтқан жоқ.

Ол қасиет – қазақтың даладай кең пейілі, дарқан көңілі, жүректің ашықтығы, қолының жомарттығы, қонақжайлылығы мен жанашыр, қамқор бола білуі, жығылғанды тұрғызуы, сүрінгенді демеуі, ақ дастарқанының байлығы, келген қонаққа бие мен түйе атап, жоқ болса, соңғы атын, не ешкісін сойса да, қонақасын беруі. Бұдан асқан қасиет бар ма?

Халықтың бәрі бірдей. Асыл дінімізде Жаратушымыз «Біз сендерді ұлт етіп жараттық» дейді. Қазақтың жүрегіне салсақ, адамға адам бауыр, бір болсаң, береке. Ынтымағың болса, ырысыңның тасығаны. Бұл да қазақтың қанына сіңген қағидасы.

Сонау ғасырларда жасыл бел, жазира даласына орыс патшалығының миллиондап қоныстандырған мұжықтарын да қазақ жатсынбап еді. Ұлы Даласының бір сүйемін қимаса да, бірлікке ұмтылып, пейілін кеңге салды. Сөйтіп сол мұжықпен де тамыр болды.

Кейін тілі басқа тілегі бір, түрі басқа жүрегі бір деген сөзді аталы ұғымға айналдырған да – осы қазақ. Қазақ (басынан өткен) зұлматты жылдардың табын кекке ұластырмады. Тұтас бір халықтың генофонын жұтқан ашаршылық, тұтас ұлттың пассионар тұлғаларына жасалған қанды репрессия тарыдай шашырап қалған қалың қазақтың сағын сындырса да, рухын сындармады.

Тұтас ұлтты налытқан нәубет жаңғырығы жадында қалса да, сол кеңдігі мен кемеңгерлігі Қазақ халқының ақ ниет, аңқылдақ жүрегін кішірейтпеді.

Сонау соғыс жылдарында туған жер бесігінен ажырап, советтердің ажал тырнағының ұшымен қазақ даласына жер аударылып келген түрлі халықтар мыңдаған шақырымды жеңіп, тірі қалғандары қазақ даласына жан мен тән ауруынан қажып, тізесі бүгіле, жығыла жеткен еді.

Қазақ қарсы алды. Құшағын ашты. Аяды. Жаны ашыды. Сосын да қамқор болды. Сосын да мейірімін аямады. Ата-анасы жолда мерт болғандардың балаларын асырап алды. Құдай алдында туған баласынан кем қылмады. Бес түйір бидайын балаларының аузынан жырып, жетімдердің аузына тосты.

Бәрін де адам қатарына қосты. Бөтен елде зар-кұсадан жоғала жаздаған қаншама халықты даналық ұлылығымен ұлт етіп, сақтап қалды.

Қиын кезеңдер де жыл маусымындай ауысады емес пе? Жақсы уақыттар туып, тоқшылық заман орнады. Жылап-еңіреп келген қапқаз халықтары, шешен, корей, неміс жұрты естерін жиды. Еңбектенді. Оқыды. Бірі кетпен, бірі ілім, бірі қалам, бірі балға ұстады. Енді бірі темір тұлпар тізгіндеді.

Одан бері де ғасыр алмасты. Жылдар жылжыды. Уақыт көші алға озып, 21-ғасырдың ғаламдық үдерісінде бір халық боп жұмылып, мемлекетті құрап отырған халықпен ел дамуының кемшілігін де, жетістігін де бірге көтеріп, бүгінге жетті.

Әлем мемлекеттерінің ішінде Президент жанынан саяси құрылым құрып, ол құрылым арқылы сол этностардың қоғамдағы ролін нығайтып, әр этностың мәртебесін қорғап отырған дәл біздей ел жоқ екен.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. 2007 жылы оған конституциялық мәртебе берілді. Сөйтіп ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Сөйтіп Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі артты.

Бұл тұрғыда қоғамда пікірлер қайшылығы орын алғанын да білеміз. Бейбіт қатар өмір сүріп отырған этнос өкілдерін мемлекетті құрап отырған қазақпен бірге халықтың өзі таңдап, сайласа не кедергі дегенді саясаттанушылар да талқылады, журналист ретінде өзім де ол туралы ойымды ашық жеткізген болатынмын.

Алайда Қазақ мемлекеті жапан түзде тігілген жалғыз үй емес. Айнала көрші. Жүздеген елдер көз тіккен дамушы мемлекетпіз. Қандай да бір саяси шешімнің тұтас еліміз үшін маңызды екенін қазақ боп түсіндік. Түсініп барып, қолдадық. Тағы да сол бір болу үшін. Ассамблеяға арқа сүйеген этностар, тұтас қазаққа арқа сүйейтініне сенгендіктен, тұтас қазақпен бірге ұлттық мүддеде бір боларына сенім артқандықтан, қолдадық. Біз сене білетін халықпыз.

Ассамблея туралы Заң қабылданды. Елдің тыныштығы мен бірлігіне жұмыс істейтін Заң деп қуандық. Ассамблеяның заңмен бекітілген мәртебесін – Қазақ Елінің әлем алдындағы мерейін үстем ететін, Тұтас Қазақ жұртының толерантты мемлекет құрып отырғанының айғағы деп таныдық. Елдегі осындай саяси қадамдарға қуана отырып, Ассамблеяның ұлттық ортақ мүдде үшін, қоғам бірлігі үшін не істеп, не бітірер шараларына көз тіктік.

Қазақ – қашаннан отбасының, әулеттің, рудың бірлігін, ынтымағын жарастырған ел. Қазақ жарастық пен тыныштықтан басқа өмірді білмейді де. Бабалар мен ұлы Аналарымыз ұрпағына солай үйретіп, ой-саналық деңгейде жадымызға солай жазып қалдырған.

Сондықтан да болар осы Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде қандай қиындық болса да, қандай ауыртпалықты арқаласа да, көршімен шекісіп не ұлтқа, не нәсілге бөлініп, не ұлттарды кемсітіп, бірін-бірі алалаған қазақ болған жоқ. Қашаннан қоғамның тыныштығы мен бірлігін сақтау – ел мен жердің киесін арқалаған қазақтың қасиеті.

Көрші отырған өзбек, не корей, не шешен байыса еңбекқор, Алла несібесін беріп жатыр деп қуандық. Алайда бір отбасының да кесе-аяғы сылдырайтыны сияқты, ел ішінде ағайынараздықтың болғанын жасыра алмаймыз. Зерттеп, ашып қарасақ, қазақтың сол кең қолтық, кең пішімі өзіне таяқ боп тигеніне куә боламыз.

Бір кездері осындай кикілжіңдер көбейіп, қазақ ағайын араша сұраған оқиғалар көбейген тұста, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай тәуелсіз елімізді бірге құрысып, мемлекетті құрап отырған халықтың айналасында ортақ мүддеге бірігіп, от пен судан бірге өтіп, шуақты уақытқа жеткенде, жиілеген ұрыс-керістің салдарын біліп, тігісін жатқызды.

Ел бірлігін нығайтатын аталы сөзін айтты. Кейіді. Ауызбірлікке шақырды. Сөйтіп мемлекеттілігіміздің тағы толеранттық қастерін паш етіп, халыққа Ынтымаққа бастайтын тамаша бір идеялық маңызы зор «Алғыс айту күні» мерекесін ұсынды.

Бұл әдемі мерекені халыққа бекітіп берген кезде Елбасы Нұрсұлан Назарбаев барлық этностар мемлекетті құрап отырған халықтың қасына топтасу керек. Барлық этностардың қазақ халқына алғыс айтатын күні болсын деп, Алғыс Айту күнінің саяси салмағы мен маңызын тағалап берген еді.

Алғыс айту күнін барлық халықтар қуана қарсы алды. Мереке Қазағымыздың кең жайлау пейіліне дөп келіп, көрші отырған корей, орыс, неміс, татар, шешенді дастарқанға шақырып, ауыл іші мәре-сәре болды. Тілі өзге туыстар да қалыспады. Бір үйден ет жесе, бір үйден кимчи, келесі үйден шешен ағайынның дастарқанын құрметтеді.

Дегенмен бұл күндері Алғыс айту күні Елбасы жүктеген әуелгі саяси мәнінен ажырап, бүгінде отбасылық алғыс айту күніне ұласып кеткен сияқты. Ия, ол да дұрыс шығар. Баласы анасына, әкесіне, бауырына алғыс айтып, мерекелеп жатса, ол да мемлекетіміздің бір бөлшегі – отбасының бірлігін нығайтпақ.

Десек те еліміздің идеологтарына осы Алғыс айту күнінің саяси мәні мен маңызы, мазмұны жоғалмау керек дегенді айтқым келеді.

Өйткені Қазақ елінде туып-өсіп, өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдері Ассамблея болса да, болмаса да, қазақ халқының аңқылдаған жүрегі мен кең пейіл ақ ниетіне тәнті.

Берекесіздіктен онсыз да аулақ жүретін, туған елінің тыныштығын бірінші боп ойлап, оны сақтап, бүгінге жеткізіп отырған қазаққа тілегі мен жүрегі бір өзге ұлттар Алғыс айтып, Қазақ та өз тарапынан туғанындай тамыр жайып, бір атаның баласындай келе жатқан ұлттар мен ұлыстарға өз алғысын білдіргеннан жарасымды не бар?

Бүгінгідей мереке күні сөйлеудің сәті түсіп тұрғанда, бірлікке бастайтын тамаша ұсынысым бар.

Қазақстан халықтары ұлттық идеология, ортақ мүддеге топтасып, бір адамдай мемлекеттік тіл – қазақ тілінде сөйлеуге, ұлттық мемлекетті бірге құрысып, өркениет көшіне бірлігіміз жарасып, бірге ілесуге, Ассамблея төрінде қалың Қазағы бастап, барлық этнос өкілдері қазағымен бірге аштықта да, тоқтықта да бір-біріне адал болуға, ел шекарасын бірге қорғауға, ел мүддесінде аянбауға, қандай жағдайда да бір болуға ант берсе деген ұсыныс дәл қазір жүрегімде сайрап тұр.

Айткүл Шалғынбаева,

тәуелсіз, сарапшы-журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: