Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алғыс айту күні әуелгі саяси мәнінен алыстамауы тиіс

01.03.2024, 11:45 581

HALYQLINE.KZ

Ұлан-ғайыр алаптың тынысынан нәр алған Ұлы Дала ұрпақтары бабалар ізін жалғап, дала қасиетін дәуірден-дәуірге жеткізді. Сақара сары бел, орман-тау, айдын көл, ну қамысы мен шеңгелі, жусаны мен жыңғылының киесін арқалаған қазақ бабалардың қанымен, ананың сүтімен берілген сол қасиетті 21-ғасырда да жоғалтқан жоқ.

Ол қасиет – қазақтың даладай кең пейілі, дарқан көңілі, жүректің ашықтығы, қолының жомарттығы, қонақжайлылығы мен жанашыр, қамқор бола білуі, жығылғанды тұрғызуы, сүрінгенді демеуі, ақ дастарқанының байлығы, келген қонаққа бие мен түйе атап, жоқ болса, соңғы атын, не ешкісін сойса да, қонақасын беруі. Бұдан асқан қасиет бар ма?

Халықтың бәрі бірдей. Асыл дінімізде Жаратушымыз «Біз сендерді ұлт етіп жараттық» дейді. Қазақтың жүрегіне салсақ, адамға адам бауыр, бір болсаң, береке. Ынтымағың болса, ырысыңның тасығаны. Бұл да қазақтың қанына сіңген қағидасы.

Сонау ғасырларда жасыл бел, жазира даласына орыс патшалығының миллиондап қоныстандырған мұжықтарын да қазақ жатсынбап еді. Ұлы Даласының бір сүйемін қимаса да, бірлікке ұмтылып, пейілін кеңге салды. Сөйтіп сол мұжықпен де тамыр болды.

Кейін тілі басқа, тілегі бір, түрі басқа, жүрегі бір деген сөзді аталы ұғымға айналдырған да – осы қазақ. Қазақ (басынан өткен) зұлматты жылдардың табын кекке ұластырмады. Тұтас бір халықтың генофонын жұтқан ашаршылық, тұтас ұлттың пассионар тұлғаларына жасалған қанды репрессия тарыдай шашырап қалған қалың қазақтың сағын сындырса да, рухын сындырмады.

Елді налытқан нәубеттің жаңғырығы жадында қалса да, сол кеңдігі мен кемеңгерлігі Қазақ халқының ақ ниет, аңқылдақ жүрегін кішірейтпеді.

Сонау соғыс жылдарында туған жер бесігінен ажырап, советтердің ажал тырнағының ұшымен қазақ даласына жер аударылып келген түрлі халық мыңдаған шақырымды жеңіп, тірі қалғандары зорлық пен қиянаттан қажып, қазақ даласына тізесі бүгіле, жығыла жеткен еді.

Қазақ қайдан келдің деп жатырқамады. Қарсы алды. Құшағын ашты. Аяды. Жаны ашыды. Сосын да қамқор болды. Сосын да мейірімін аямады. Ата-анасы жолда мерт болғандардың балаларын асырап алды. Құдай алдында туған баласынан кем қылмады. Бес түйір бидайын балаларының аузынан жырып, жетімдердің аузына тосты.

Бәрін де адам қатарына қосты. Бөтен елде зар-құсадан жоғала жаздаған қаншама халықты даналық ұлылығымен ұлт етіп, сақтап қалды.

Қиын кезеңдер де жыл маусымындай ауысады емес пе? Жақсы уақыттар туып, тоқшылық заман орнады. Жылап-еңіреп келген қапқаз халықтары, қарашай, абхаз, шешендер, корей, неміс жұрты естерін жиды. Еңбектенді. Оқыды. Бірі кетпен, бірі ілім, бірі қалам, бірі балға ұстады. Енді бірі темір тұлпар тізгіндеді.

Одан бері де ғасыр алмасты. Жылдар жылжыды. Уақыт көші алға озып, 21-ғасырдың ғаламдық үдерісінде бір халық боп жұмылып, мемлекетті құрап отырған халықпен ел дамуының кемшілігін де, жетістігін де бірге көтеріп, бүгінге жетті.

Әлем мемлекеттерінің ішінде Президент жанынан саяси құрылым құрып, ол құрылым арқылы сол этностардың қоғамдағы ролін нығайтып, әр этностың мәртебесін қорғап отырған дәл біздей ел жоқ екен.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. 2007 жылы оған конституциялық мәртебе берілді. Сөйтіп ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Сөйтіп Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі артты.

Бұл тұрғыда қоғамда пікірлер қайшылығы болғанын да білеміз. Бейбіт қатар өмір сүріп отырған этнос өкілдерін мемлекетті құрап отырған қазақпен бірге халықтың өзі таңдап, сайласа не кедергі дегенді саясаттанушылар да талқылады, журналист ретінде өзім де ол туралы ойымды ашық жеткізіп те жүрмін.

Алайда Қазақ мемлекеті жапан түзде тігілген жалғыз үй емес. Айнала көрші. Жүздеген елдер көз тіккен дамушы мемлекетпіз. Қандай да бір саяси шешімнің тұтас еліміз үшін маңызды екенін қазақ боп түсіндік. Түсініп барып, қолдадық. Тағы да сол бір болу үшін. Ассамблеяға арқа сүйеген этностар, тұтас қазаққа арқа сүйейтініне сенгендіктен, тұтас қазақпен бірге ұлттық мүддеде бір боларына сенім артқандықтан, қолдадық. Біз сене білетін халықпыз.

Ассамблея туралы Заң қабылданды. Елдің тыныштығы мен бірлігіне жұмыс істейтін Заң деп қуандық. Ассамблеяның заңмен бекітілген мәртебесін – Қазақ Елінің әлем алдындағы мерейін үстем ететін, Тұтас Қазақ жұртының толерантты мемлекет құрып отырғанының айғағы деп таныдық. Елдегі осындай саяси қадамдарға қуана отырып, Ассамблеяның ұлттық ортақ мүдде үшін, қоғам бірлігі үшін не істеп, не бітірер іс-шараларына көз тіктік. Әлі де назарымызда.

Қазақ – қашаннан отбасының, әулеттің, рудың бірлігін, ынтымағын жарастырған ел. Қазақ жарастық пен тыныштықтан басқа өмірді білмейді де. Бабалар мен ұлы Аналарымыз ұрпағына солай үйретіп, ой-саналық деңгейде жадымызға солай жазып қалдырған.

Сондықтан да болар осы Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде қандай қиындық болса да, қандай ауыртпалықты арқаласа да, көршімен шекісіп не ұлтқа, не нәсілге бөлініп, не ұлттарды кемсітіп, бірін-бірі алалаған қазақ болған жоқ. Қашаннан қоғамның тыныштығы мен бірлігін сақтау – ел мен жердің киесін арқалаған қазақтың қасиеті.

Көрші отырған өзбек, не корей, не шешен байыса еңбекққор, Алла несібесін беріп жатыр деп қуандық. Алайда бір отбасының да кесе-аяғы сылдырайтыны сияқты, ел ішінде ағайынараздықтың болғанын жасыра алмаймыз. Зерттеп, ашып қарасақ, қазақтың сол кең қолтық, кең пішімі өзіне таяқ боп тигеніне куә боламыз.

Бір кездері осындай кикілжіңдер көбейіп, қазақ ағайын араша сұраған оқиғалар көбейген тұста, сол кездегі еліміз президенті осындай тәуелсіз елімізді бірге құрысып, ортақ мүддеге бірігіп, от пен судан бірге өтіп, шуақты уақытқа жеткенде, жиілеген ұрыс-керістің салдарын біліп, тігісін жатқызды. Әйтпесе ұлтаралық қақтығыс бұрқ етері анық еді.

Сол тұста Ассамблеяға иек арта, мойнымызды созғанымыз да жасырын емес. Дегенмен, дана халық сөзге тоқтап, мемлекеттілігіміздің тағы толеранттық қастерін алға шығарып, елімізде ынтымаққа бастайтын, идеялық маңызы зор «Алғыс айту күні» мерекесі пайда болды.

Осындай идеялық мән-мазмұнымен Алғыс айту күнін – қазақ халқы қуана қарсы алды. Мереке Қазағымыздың кең жайлау пейіліне дөп келіп, көрші отырған корей, орыс, неміс, татар, шешенді дастарқанға шақырып, ауыл іші мәре-сәре болды. Тілі өзге туыстар да қалыспады. Бір үйден ет жесе, бір үйден кимчи, келесі үйден шешен ағайынның дастарқанын құрметтеді.

Дегенмен, бұл күндері Алғыс айту күні өзінің әуел бастағы саяси мәнінен алыстап, отбасылық, өзара алғыс айту күніне ұласып кетті. Ия, ол да дұрыс, әрине.

Десек те еліміздің идеологтарына осы Алғыс айту күнінің саяси мәні мен маңызы, мазмұны жоғалмау керек дегенді айтқым келеді.

Өйткені Қазақ елінде туып-өсіп, өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілі Ассамблея болса да, болмаса да, қазақ халқының аңқылдаған жүрегі мен кең пейіл ақ ниетін алғыспен бағалап, өткен тарихқа салауат айтуды ұмытпаған жөн.

БҰЛ АЛҒЫС АЙТУ КЕРЕК ДЕП КЕРГІГЕНІМІЗ ЕМЕС. ЭТНОС ӨКІЛДЕРІНІҢ ЕҢ ӘУЕЛІ ҚАЗАҚҚА АЙТАР АЛҒЫСЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚҰРМЕТТЕП, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ СӨЙЛЕСІН. АЛҒЫСЫ ОСЫ БОЛСЫН!

Қазақстан халықтары Ассамблеясы мүшелері өз этностарының атынан ұлттық идеология, ортақ мүддеге топтасып, бір адамдай мемлекеттік тіл – қазақ тілінде сөйлеуге, ұлттық мемлекетті бірге құрысып, өркениет көшіне бірлігіміз жарасып, бірге ілесуге, Қазақ мемлекетін құраушы халық – қазақпен бірге аштықта да, тоқтықта да бір-біріне адал болуға, ел шекарасын бірге қорғауға, ел мүддесінде аянбауға, қандай жағдайда да бір болуға АССАМБЛЕЯ ТӨРІНДЕ АНТ БЕРСІН!

Айткүл  ШАЛҒЫНБАЕВА,

Ақпарат  саласының  үздігі

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: