Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жеңілдетілген автонесие дұрыс жоба емес – Мәжіліс депутаты

26.05.2023, 13:47 205

HALYQLINE.KZ

Парламент мәжілісінің депутаты Болатбек Әлиев журналист Абай Сейфуллаға берген сұхбатында 4 пайыздық жеңілдетілген автонесиелендіру бағдарламасына теріс пікір білдірді. Оның сөзінше, несиені ауыл шаруашылығы техникаларын алуға бағыттау керек. Несиелендірушілер елді қарызға батырып отыр.

– Бізде «халықта ақша жоқ» деген түсінік бар. Онда несиеге автокөлік берсеңіз, оның өтеуін қалай төлейді? Несиені адамдар мемлекеттің қолдауымен банктен алады. Неге сол несиені ауыл шаруашылығы техникасын алуға бермеске? Сонда шаруа жұмыс істеп, өнім шығарып, сатып, ақша табар еді. Тапқан қаржысына автокөлігін өзі-ақ алады.

Мемлекет 100 млрд теңгені жеңілдетілген автонесиеге бергенше, техника алуға берсін. Керісінше, техникаға бөлінген 30 млрд теңгені жеңіл автокөлік алу үшін бөлсін. Халық шаруашылықпен айналысып, өнім өндіріп, жағдайын дұрыстап жатса қаржысын бала-шағасына, азық-түлікке, көлікке жұмсайды. Есесіне банкке тәуелді болмайды.

Автонесие бағдарламасымен берілетін көліктер отандық, яғни Қазақстанда құрастырылған дегенмен, оның бөлшектерінің бәрі Қытай, Кореядан әкелінеді. Сәйкесінше, ақша сол елдердің экономикасына кетіп жатыр. Мұның бәрі – тұтыну кредиті. Көлік телефонмен алғанмен бірдей, екеуі де өнім шығармайды. Оны тек тұтынасыз.

Ал тұтыну кредиті инфляцияны күшейте береді. Үкімет тұтыну несиесін беру арқылы инфляциямен күресудің орнына керісінше жасап отыр. Анығында, халық көшеге көлігі болмағандықтан емес, айлығының аздығынан, табысының төмендігінен шығады. Ал біз адамдардың мойнына тағы да кредит салмағын салып жатырмыз. Қазақстан бүгінде суперәлеуметтік мемлекетке айналып отыр, – деді Болатбек Әлиев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: