Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шетел асырылған активтер қашан қайтарылады?

27.04.2023, 16:50 433

HALYQLINE.KZ Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидің «Үкімет шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы заң жобасын әзірлеуді әдейі кешіктіріп жатыр» деген сынына жауап берді.

Заң жобасын Әділет министрлігі әзірлеп жатыр екен. Ботагөз Жақселекова қазір оны мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдары жан-жақты талқылап жатқанын айтты.

 – Жақын арада заң жобасы ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланады. Халықтың да қарап, пікір білдіру мүмкіндігі бар. Заң жобасын жан-жақты талқылау үшін жұмыс белсенді жүргізілуде, өйткені мәселе кешенді. Бұл біраз уақытты алады, – деді Ботагөз Жақселекова

Кеше, яғни сәуірдің 26-сы күні Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ермұрат Бапи үкіметті заң жобасын әзірлеудегі жайбасарлығын қатты сынға алған.

Ермұрат Бапидің сөзінше, шетелдегі активтерді (ұрлық және басқа да жолмен қолды болған байлық – ред.) қайтару және оны халыққа табыстау – күн тәртібінде тұрған аса маңызды мәселе. Халқымыз оны қайтару процессінде биліктен жылдам, әрі батыл қадамдар күтіп отыр.

– Еліміздің байлығын игеру ісінде биліктің ескі жүйесі мен ұлттық табысты қайта бөлудің бұрынғы тәжірибесін тоқтататын кез келді. «Жаңа Қазақстан» мен ескі идеясы арасында қарама-қайшылық болып тұр. Олигархиялық кланды биліктен түпкілікті кетіруді, ұрланған байлықты қайтаруды және экономиканы ел мен халықтың әлеуметтік қажеттіліктеріне қызмет етуге жұмылдыруды талап еткен Қаңтар оқиғасы ескі биліктің зардабынан пайда болды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғам мен билік арасында жаңа қарым-қатынас орнату әрекеті олардың мүдделеріне сай келмеді. Міне сондықтан да активтерді қайтару және оны халыққа табыстау – күн тәртібінде тұрған аса маңызды мәселе.

Егер бірен-сараң бірдеңе істеліп жатса, бұл бізден, қоғамдағы азаматтардан құпия түрде өтіп жатыр. Халық атынан тікелей сайланған депутат ретінде, ең әуелі құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ескерту жасағым келеді: сіздер «ескі Қазақстанды» билеген әулет пен оның жақындары бақылаған кеден бекеттерінде арнайы астыртын салық режимін қамтамасыз еттіңіздер! Енді бұлай болмайды. Біз халықтың көмегімен сіздерді жіті бақылаймыз. Бұл мәселеде біз президенттің бастамасымен одақтаспыз немесе, бұл істе президент бізге – депутаттарға толықтай арқа сүйей алады. Дегенмен ескі кадрлардың саботажы ма, жоқ әлде ұлттық-экономикалық мүддеге қарсы жасалып отырған қастандық па – капиталды қайтару ісінде түсініксіз кібіртік көп.

Бұл сұрақтарды нақтылап отырған себебім – ұрылар жымқырған қаржысын басқа жаққа тығып үлгерсін деп, бүгінгі билікте оларға мұрша беріп отырған біреулер бар сияқты көрінеді. Біз ұрланған активтерді қайтару туралы заңды бірінші кезекте қабылдауды басты мақсат етіп отырмыз. Осы заңның арқасында біз капиталды қайтаруды неғұрлым тиімдірек бақылауға ала аламыз.

Әлихан Смайылов мырза, Үкімет басына жаңадан келген басшы емессіз, бұған дейінгі министрлер кабинетін басқардыңыз. Ендеше президент Тоқаев наурыздың 31-іне дейін дайын болсын деп, үкіметке тапсырған заң жобасын дайындау ісі созылып кеткенін қалай түсіндіресіз?

«Елден ұрланған миллиардтар туралы сөз болғанда, тағы мынадай сұрақтар туады: «Қазақмыс» компаниясы қазақ халқына тиесілі қазба байлықтың 30%-ына қалай ие болды? Сол сияқты, құрамында Назарбаевтық кланның үлесі бар «Еуразиялық топ» халықтық байлықтың 40%-ын қалай иемденіп кетті? Аталған осы екі компания соңғы он жыл көлемінде қазынаға қанша салық төледі? Осы кәсіпорындардың өндірістік-қаржылық қызметін қадағалауы тиіс «Самұрық-Қазына» Ұлттық қоры капиталды қайтару тақырыбында қандай әрекеттер жасап жатыр? Осы сұрақтарға байланысты үкіметтік түсініктеме жауапты жазбаша түрде қайыруыңызды сұраймын, – деген еді Ермұрат Бапи.

Бұл депутаттық сауалды Қазыбек Иса, Абзал Құспан, Ринат Зайытов, Жанарбек Әшімжандар қолдаған. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: