Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сәтбаев шахтёрларының ереуілі: екі тарап келіссөз басталғанын хабарлады

15.08.2023, 10:24 361

HALYQLINE.KZ

Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында «Қазақмыс» шахтёрлары мен өзге де кәсіпорын қызметкерлері ереуілге шығып, оларымен келіссөзге «Қазақмыс» корпорациясының жетекшілігі келген. Бұл ақпаратты екі жақ та растады. Бастамашыл топпен келіссөз басталған.

– Корпорация жетекшілігі келіссөз жүргізу үшін шахтаға түсті. Бірақ талабымыз орындалғанша ереуілді тоқтатпаймыз, – деді «Азаттыққа» ереуілшілердің бірі.

«Қазақмыс» корпорациясы болып жатқан жағдайды түсіндіріп, кеніште жұмыс тоқтап қалғанын айтты. Компания мәліметіне қарағанда, шахтёрларға мердігер мекемелердің қызметкерлері де қосылған. Алайда компания ереуілге шыққандардың да, тоқтап қалған кәсіпорындардың да нақты санын айтпады.

– 14 тамызда шахтерлар мен Сәтбаев өндірістік алаңына түнгі ауысымға келген №65 шахтаның мердігер ұйымдарының қызметкерлері жұмысын тоқтататынын жариялады. Оларға «Қазақмыс» басшылығы, прокуратура мен ҰКҚ қызметкерлері, жергілікті билік өкілдері барды. Қазір келіссөз жүріп жатыр, жедел штаб жұмыс істеп тұр,- деді «Қазақмыстың» баспасөз қызметі «Азаттыққа».

Жұмысшылардың сөзінше, ереуілге жүздеген адам шыққан. Олардың айтуынша, еңбек жағдайының нашарлығына наразылық көптен бар. Шахталардың бірінде басталған жұмысшылар наразылығы әлеуметтік желіде дүмпу тудырып, Сәтбаев өндірістік алаңындағы кеніш кәсіпорындарына жайылған. Әлеуметтік желі қолданушылар шахтёрлар мен металлургтердің зейнет жасын, жұмысшылардың мүддесін ескере отырып, ұжымдық келісімшартты қайта қарау мәселесін де көтерген.

Ереуілшілердің хабарына қарағанда, олардың бір тобы шахтадан шықпай, 15 талап қойып отыр. Олардың негізгі талаптарының ішінде: еңбек жағдайын жақсарту, қызметкерлердің бір жылдық еңбек өтілін бір жарым жылға есептеу, ескі тау-кен жабдықтарын кондиционері бар жаңасымен ауыстыру, шахта жұмысшыларын қабылдап, жұмысшы тапшылығының себебін түсіндіру, технологиялық ауысым разрядын теңестіру, кейбір мамандарды кен қазатын топтарға қосу, еңбекке жарамсыз болғандарға төленетін өтемақыны жалақының 29 пайызынан 50 пайызға жеткізу, таяуда қаза болған жұмысшы Е.Ербосыновтың ұлын жұмысқа қабылдау, ақшалай үстемеақының бәрін жалақыға қосу, тікелей қазба жұмыстарымен айналысатындардың еңбек демалысын 48 күннен 54 күнге жеткізу мәселелері бар. Ереуілшілер мұнан өзге ерікті медициналық сақтандыру шартын қайта қарауды, Шахтёрлар күні 100 мың теңге сыйақы беруді, Шахтёр күніндегі демалысты алып тастауды талап етіп тұр.

«Қазақмыс» Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі ең ірі мыс өндіруші компания саналады. Компания құрамына геологиялық барлау мекемесі, 13 кеніш, 4 байыту комбинаты, екі мыс қорыту зауыты, екі көмір разрезі және жылу-энергетика кешені кіреді. Негізгі өндіріс Ұлытау және Қарағанды облыстарына шоғырланған. Компания мәліметіне қарағанда, «Қазақмыс» кәсіпорындарында 38 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: