Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қымбатшылық «құрығын» күнде салып жатыр

02.02.2023, 10:20 167

Өткен жылғы «Қаңтар оқиғасының» өзі халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігінен басталған еді. Яғни, жанар-жағармайдың, азық-түліктің, баспананың, т.с.с. халық аса қажет ететін заттардың қымбатшылығы көпшіліктің ашу-ызасын келтірді. Шынын айту керек, қазір ел арасында «айлық пен зейнетақы көбеймей-ақ қойсын, қосылатыны 10-20 пайыз ғана, есесіне азық-түлік екі есе қымбаттайды» дейтін болған. Мұны ойдан шығарып отырған біз жоқ. Екінің бірі осыны айтады қазір. Сондай-ақ, осы күні азық-түлікті несиеге алып жатқандар аз емес. Негізі, бағаны нарық реттейді. Сұраныс болса, баға да өседі. Ол – заңдылық. Бірақ бізде қымбатшылық «құрығын» күнде салып жатыр. Бұлай жалғаса берсе, не боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Халықта ақша жоқ дей алмаймыз. Тек бұл жерде бай мен кедейдің арасы едәуір алшақтап  кеткенін  байқаймыз. Жә, бұл – басқа тақырып. Баға бой бермей жатқанын билік те жақсы біледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет мүшелері мен әкімдерге өткен жылдың соңғы айында азық-түлік қауіпсіздігі  туралы қадап  айтқан  еді.

– …Келесі – баға белгілеу мәселесі. Бұл мәселе бойынша бірнеше талқылау болды. Азық-түлік бағасын өсірмеу үшін негізгі бағыттар бойынша нақты жұмыс жүргізу керек. Өнімнің өзіндік құнын төмендету, қажетсіз делдалдан арылу туралы біз бірнеше рет айттық. Сауда желілерін қолжетімді етіп, айналымға қаржы салу үшін арзан несие беру тәсілін де қолдануға болады. Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалды. Тауар өндірушіден алдын ала тікелей сатып алу ережесі қабылданды, – деді мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Ал, жыл басында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев азық-түлік бағаларының тұрақты болуын және егін егу мәселелерін ертерек жоспарлап, бақша өнімін егуге ынталы ауыл азаматтарына жер бөлу жұмыстарына жеткілікті деңгейде мән беру қажет екенін алға тартқан еді. Жалпы, басшылар жауаптыларға айтып-ақ жатыр. Тіпті, президент премьер-министр Әлихан Смайловты бірнеше рет сын садағына да алды. Өзгерген ештеңе жоқ, базар бағасы бет қаратпай барады…

Азық-түліктің қымбаттағаны бәріне де әсер етеді. Мысалы, қоғамдық тамақтану орындарының да бағасы өседі деген сөз. Біз бүгін ranking.kz зерттеуіне сүйене отырып, бірқатар мәліметпен бөлісеміз.

2022 жылдың қараша айының қорытындысы бойынша қоғамдық тамақтану ұйымдарының қызметі бір айда 2,7%-ға және бір жылда 23,4%-ға қымбаттаған. Ай сайын қымбаттағаны аса білінбесе де, жылдық статистикасы қалтаны едәуір қағатынын көрсетіп тұр. Баға ең көп өскен өңір – Жетісу облысы, мұнда қоғамдық тамақтану қызметі 13,9%-ға ұлғайған. Одан кейін Шымкент пен Алматы облысы: бір айда тиісінше 9,9% және 7,3%. Жеті өңірде баға қатты өзгермепті.

Жылдық динамикада да баға ең көп өскен өңір Жетісу облысы (бірден 44,7%) болып отыр. Сондай-ақ, Шымкентте (40,3%) және елордада (38,5%) айтарлықтай өсім бар. Бағаның ең аз өсуі Павлодар  облысында   (бір жылда 6,2%) байқалды.

Ең ерекше айта кететін жайт, қоғамдық тамақтану нысандарының  ішінде  асхана  қызметі   бір жылда – 26,6%, фастфуд ұйымдары қызметі – 17,1%, мейрамханалар, дәмханалар  және  ұқсас  мекемелердің қызметі 20,6%-ға қымбаттаған. Оның ішінде мейрамханадағы түскі ас бағасы – 19%, асханадағы түскі  ас 26,6%-ға өскен.

Жылдам қызмет көрсететін ұйымдар қызметі ең көп өскен – Атырау облысы (38%), ең азы Павлодар облысында (4,5%) байқалды. Асхана қызметі Жетісу облысында ең көп қымбаттаған (52%), ең азы Павлодар облысында (7%).

Сонымен бірге, 2022 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану нысандарын  жалға алу құны бір жылда 5%-ға  қымбаттады. Маңғыстау  облысында баға  бірден – 27,2%, Қарағанды облысында – 20,3%, Шымкентте 8,4%-ға өсті. Тағы бес облыста баға бір жыл бұрынғы деңгейде сақталды, ал Атырау облысында бағаның шамалы төмендеуі де байқалды – 0,6%. Сонымен, мейрамхананы жалға алу бағасы бір жылда – 8,9%, асхананы жалға алу – 0,9%, дәмхананы жалға алу 3,4%-ға қымбаттады деуге негіз бар. Бұған дейін қызылордалық тұрғын осы тақырыпта әлеуметтік желіге «Қызылорда қаласында бизнес орындарын жалға алу құны тым жоғары, миллион тұрғын тұрмайды, белгілі бір тауарға деген сұраныс та аз, бірақ баға мегаполистермен бірдей» деген сарында өз пікірін жазған еді.

Қазақстанда азық-түлік бағасы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) бойынша ең жоғары. Олай деп Еуразиялық экономикалық комиссия хабарлады.

ЕАЭО бойынша Қазақстанда азық-түлік 25,3 пайызға қымбаттаған. 2022 жылдың сәуір айында Қазақстан инфляция деңгейі  бойынша ЕАЭО-да екінші орынға шыққан. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда инфляция деңгейі 20,3 пайызға жетті.

Қазір дәрі де қымбат, бәрі де қымбат. Жоғарыда жазғанымыздай, басшылық қайта-қайта айтып-ақ жатқандай. Одан тоқтаған баға көрмедік. Ел президенті айтып жүрген «Жаңа Қазақстанға» осыдан кейін сену қиын. Тұрғындар айлығының басым бөлігін азық-түлікке жұмсайтыны жасырын емес. Бұлай жалғаса берсе, ішіп-жем де айлықтан артылмайтын шығар…

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: