Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалы: Қарқынды даму бар

30.01.2024, 17:25 169

Ақмешіт атырабындағы тұғырлы, тарихы кенен өлкенің бірі – Қазалы. Жыл өткен сайын Қазалы қаласы, оның төңірегіндегі елді мекендер гүлдей жайнап, қарқынды дамып келеді. Инфрақұрылымда да, халықтың әлеуметтік ахуалы мен өндірістік тұрғыда да қазыналы өңір өзгелерге дес берген емес. 2023 жылдың жартыжылдығы да аудан үшін жемісті болды. Былтырғы жылдың елеулі оқиғалары мен жүзеге асқан жұмыстарды қорытындылап, биылғы жылдың жоспарын жария етудің кезегі Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Әуесұлына да келді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде аймақтық БАҚ өкілдеріне брифинг берген Мұхтар Оразбаев «2023 жылы көздеген мақсат-міндеттер толығымен жүзеге асты» дейді. Айтуынша, 2023 жылға аудан бюджетінің кірістері 10,9 млрд теңге болып бекітілген. Жыл соңына таман 13,6 млрд теңгеге орындалған.

Қазалы ауданы бекер «екінші Түркістан» деп аталмағаны белгілі. Сыр елінде сауда-саттық, кәсіп саласында ауданның тұғыры биік. Бұған өткен жылы да куә болдық.

  • Өткен жылдың басынан бері ауданда 29 кәсіпкерлік нысан ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. 46 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Былтырғы жылы өнеркәсіп саласында 21,8 млрд теңге өнім өндіріліп, өсім 100,2 пайызды құрады, – дейді аудан әкімі.

Ауыл шаруашылығында да біршама өсім байқалады. Өндірілген өнім көлемі 24 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 101,5 пайызға жеткен. Ауданнан Ресей, Беларусь, Дания, Германия, Қытай сынды елдерге 1030 тонна балық өнімі және 1267 тонна қамыс экспортталды.

Ауданда инфрақұрылымды арттыру іс-шаралары да тұрақты жүріп жатыр. Аймақтағы жаңадан салынған үйлерге ауыз су, жарық, газ кіргізу жұмыстары тыңғылықты жүзеге асу үстінде. Өткен жылы аудан орталығында – Әйтеке би кентіндегі 4 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Аймақ басшысы газдандыру мәселесіне де тоқталды.

  • Қазіргі таңда Абай елді мекеніне орамшілік газ желілерін жүргізу құрылысы жүріп жатыр. Жоба құны – 357 млн теңге. Бүгінгі күнге 3 шақырым орта қысымды, 8,8 шақырым төмен қысымды газ құбыры жүргізілді. Сонымен қатар, демеушілік тарапынан 5 ауылға, яғни Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев елді мекендеріне газ құбырын жеткізу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан өткізілді, – дейді Мұхтар Әуесұлы.

Мәдениет пен спорт та жіті бақылауда. Бүгінде Қазалы ауданында саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен тұрақты түрде шұғылданатындардың саны көп. Дәлірек айтар болсақ, спортпен айналысатындар халықтың 39 пайызын құрайды. Былтырғы жыл аудан спортшылары үшін жемісті болды. Қазалылық Гүлсая Ержан Бангок қаласында өткен бокстан Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Жазғы Азия ойындарында дзюдодан Абылайхан Жұбаназар да қола жүлдегер атанып, Қазалы халқын бір марқайтты. Топырағынан Роза Бағланова, Мәдина Ералиева сынды талантты өнерпаз шыққан өлкенің мәдениетке бай болатыны даусыз. Осы жылы аудан орталығынан жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын «Руханият» орталығының кірпіші қаланып жатыр.

Қазыналы Қазалының жаңалығы – осы. «Екінші Түркістанның» әл-ауқаты көңіл қуантады. Алдағы уақытта аудан орталығында үлкен көлемде ұлт-азаттық көтеріліс батыры Жанқожа батырдың 250 жылдығы мен Кіші жүз биі Әйтеке бидің 380 жылдығы аталып өтілмек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: