Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі шиеліліктердің мұң-мұқтажын тыңдады

10.11.2022, 9:10 229

HALYQLINE.KZ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы кезге дейін 6 ауданда құқық қорғау саласының бірінші басшыларымен бірге жеке қабылдау өткізіп келді. Кеше аймақ басшысы халықпен кездесуін Шиелі ауданында қорытындылады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

БАҚ-та және әлеуметтік желіде алдын ала берілген хабарландыруды естіп келген азаматтар өз мәселесін ашық түрде қоюға мүмкіндік алды.

Аудандық мәдениет үйінде өткен жеке қабылдауға облыстық сот төрағасы Әділхады Шығамбаев, облыс прокуроры Нұрлан Бижанов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмырзаев, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысы Серікжан Мырзалы, облыстық полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков және мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов қатысты.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына негізделген қабылдауда барлығы 80-ге жуық азаматтың өтініші қаралды. Облыс әкіміне 34 тұрғын келді. Көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар жандар және жұмыссыз жүрген азаматтар өз мәселесін жеткізді. Басым бөлігі тұрғын үй алу жолдарын сұрап, денсаулық жағдайына байланысты медициналық көмекке мұқтаж екенін айтып, сауалдарын жолдады.

Облыс әкімі ауылдардағы жол сапасын жақсартуды сұрап, ауыз у желілерін тарту және жаңа мектеп салу сынды әлеуметтік мәселе көтерген тұрғындарға нақты жауап беріп, жауапты сала басшыларына тапсырма берді.

Жеке қабылдауға келген ардагер ұстаз Қали Дүйсеманов кенттегі №45 мектептің іргетасы мүжіліп, спорт зал қабырғалары құлағалы тұрғанын алға тартып, оқушыларға жаңа мектеп салу қажет екенін жеткізді. Облыс әкімі бұл мәселені «Жайлы мектеп» бағдарламасы арқылы шешуге мүмкіндік бар деп жауап берді.

Кездесуде мүгедектігі бар баласын емдетуге қол ұшын беруді сұрай келген шиелілік тұрғын отбасының әлеуметтік қиын жағдайына байланысты жұбайын жұмысқа орналастыруға жәрдем сұрады. Аймақ басшысы денсаулық сақтау басқармасының басшысына баланың денсаулық жағдайын бақылауға алып, ұсыныс беруді тапсырды. Ал, аудан әкіміне бос жұмыс орындар тізбесін саралай отырып, еңбекпен қамту жолдарын қарастыруды міндеттеді.

– Бұрын облыс орталығына барып, жеке қабылдауға кіру үшін кезегіңді күтіп, көптеген тексерістен өтесің. Облыс әкімі халықтың ортасына өзі келіп, өзекті мәселелерді шешуге ықпал жасағаны тұрғындар үшін өте қолайлы әрі қуантарлық жағдай болды. Мен бір себеппен әкімге де, құқық қорғау органдарының басшыларына да кіріп, мәселемді жеткіздім, – деді аудан тұрғыны Тілеубек Бабасов.

Құқық қорғау органдарының басшыларына 40-қа жуық азамат өз мәселесін жеткізіп, заң аясында тиісті түсіндірме алды. Жер үлестерін бөлу, заңдық негізде көмек алу, шаруашылықты тіркеу және салық төлемдеріндегі проблемаларды шешу жолдарын сұрады.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Президент Жарлығы аясында тұрғындармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.

Аймақ басшысы соңғы 6 ай ішінде өңірде жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеріп, демеушілердің қолдауымен кешенді жұмыстар басталғанын жеткізді. Ауыл тұрғындары үшін өзекті саналатын газдандыру, жол салу, ауызсу және аяқ су мәселелері де оңтайлы шешіліп келе жатқанын алға тартты.

Айта кетейік, 7 аудан бойынша облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 500-ден аса азаматтың өтінішін қараса, құқық қорғау органдарының басшылары 300-ге жуық тұрғынның талап-тілегін тыңдап, сауалдарына жауап берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: