Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Негізгі басымдық – халықты жұмыспен қамту

21.09.2022, 17:00 454

HALYQLINE.KZ

Жұмыссыздық мәселесі қоғамның ең өзекті түйткілі деуге болады. Бұл күресумен келе жатқан жаһандық мәселелер деп айтсақ та саяды. Дегенмен, еліміз осы проблемаларды шешу жолында аянбай, әрдайым білек сыбана кірісіп жұмыс істеуде. Мемлекет басшысының пәрменді жүктеген тапсырмаларының бірі – жаңа жұмыс орындарын ашу, халықты тұрақты жұмыспен қамту. Сол себепті де, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – негізгі міндет. Осы тұрғыда, қаламыздағы тұрақты жаңа жұмыс орындарының сапасы мен санын, жұмысқа тұрақтанған қанша тұрғын бар екенін білгенді жөн көрдік.

Қазіргі таңда тұрғындардың әлеуетін жақсарту, жұмыссыздардың санын азайту, елімізді алға қарай қарыштатып, дамыту мақсатында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама аясында да кәсіпкерлеріміз қызмет бастап, біршама қала тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Атап айтсақ, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» бойынша қалада көптеген жұмыстар атқарылуда. Мәселен, қалада қысқамерзімді кәсіптік оқу бойынша 120 жұмыссыз азаматты 4 мамандық барысында оқуға жіберу жоспарланып, оқу аяқталғаннан кейін жұмысқа орналастыру көзделуде. Осы тұста, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлім басшылығына хат жолдап, сұрау салған болатынбыз.

Ұлттық жобаның бір бағыты халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу іс-шаралары бойынша биылғы жылы қоғамдық жұмыстарға 2583 адам жолданып, оның 78-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 177 адам жолданып, оның 35-і тұрақты жұмысқа алынды. Жастар тәжірибесіне жыл басынан бастап 891 адамға жолдама беріліп, 23-і тұрақты жұмысқа орналасты. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына жыл басынан 50 адам жұмысқа жолданды. Ал «Күміс жас» жобасына 20 зейнеталды жастағы адамға ұсынылды. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 5 азаматқа жолдама беріліп, межеленген жоспардың толығымен  орындалуына жұмыс істеледі, – деді қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің қызметкері А.Торғаева.

Бұл кәсіпкерлік саласында атқарылған міндеттер болса, мемлекеттік бағдарлама аясында Ұлттық жобаның басым бөлігі жаңа тұрақты жұмыс орындару ашу басты мақсат екені анық. Биылғы жылы қала бойынша 31 жоба арқылы 375-ке жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарға алынып, бүгінгі күнге дейін 236 жаңа жұмыс орны ашылып, онда қала тұрғындары тұрақты еңбек етуде. Дәлірек айтсақ, жаңадан ашылған жұмыс орындарына 3022 адам орналасқан.

Сондай-ақ, жаңа жұмысқа тұру үшін Enbek.kz мемлекеттік порталының тиімді тұстары өте көп.

Электронды еңбек биржасында әрбір жұмыс іздеуші азамат жеке кабинеті арқылы түйіндемесін жұмыс берушілер тарапынан жарияланған бос жұмыс орындарына ұсына алады. Әр азаматтың «Enbek.kz» порталы арқылы тұрақты немесе уақытша жұмыс орындарына орналасуға мүмкіндік қарастырылған. Порталда жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған азаматтарға түйіндемесіне сәйкес келетін тұрақты жұмыс орындары ұялы телефондарына хабарлама арқылы ұсынылып отырады. Сонымен қатар, жыл басынан Жастар ресурстық орталығы мен жұмыспен қамту орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында «Мүмкіндіктер алаңы» іс-шарасы өткізілуде. Жұмыссыз азаматтарға жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік бағдарламалар бойынша кең ауқымды түсіндірме беру үшін жәрмеңкеге түрлі сала мамандары шақырылуда. Ай сайын өткізілетін бұл іс-шараның тиімділігін арттыру барысында оны өткізу орындары қаланың шет аймақтарына белгіленіп, тұрғындарды толық қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді сала маманы.

Айта кетейік, бұған дейін мамыр айында Тасбөгет кентінде және маусым айында Титов шағын ауданында орналасқан М.Ерәлиева атындағы мәдениет үйінде, тамыз айында қалалық мәдени демалыс паркінде, қыркүйек айында «Arai City Mall» сауда үйінде жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Бұдан кейін де жұмыспен қамтуға арналған жәрмеңкелер өткізіледі. Сондықтан жұмыссыздықтан бас көтеріп, әрекет қылсақ, өзімізге берекеті болатыны анық.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: