Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Миллионер қалаға айналатын күн алыс па?

28.09.2023, 11:20 345

Елімізде жыл сайын 400 мыңнан аса бала дүниеге келеді екен. Ал, облыста орта есеппен күніне 55, айына 1600 сәби дүние есігін ашады. Республикада Қызылорда облысы туу көрсеткіші бойынша 4-орында келеді. Осы орайда «ерлерге қарағанда әйелдердің саны едәуір көп» деген статистиканың жалғандығын дәлелдейтін факт бар. Өңірде қыз-келіншектерге қарағанда ер-азаматтардың саны көп. Жалпы, республикалық статистиканы алып қарасақ та, ер мен әйел арасындағы айтарлықтай арақашықтықты байқамаймыз. Енді нақтылайық, Қызылорда облысындағы ерлердің саны 421 мыңнан асса, әйелдердің саны 418 мыңға жуықтап отыр. Ал халықтың 53 пайызы ауылда тұрып жатқан көрінеді. Статистика солай дейді. Бірақ, бұған сәл күмәнмен қарауға болатын секілді. Себебі, тұрғылықты мекенжайын өзгертпеген көп жерлесіміздің алыс-жақын шетелдерде, еліміздің үлкен қалаларында жүргені, одан қалды облыс орталығында нәпақасын тауып, сонда өмір сүріп жатқаны жасырын емес. Сондықтан, қазіргі күні құжат бойынша халықтың 47 пайызы қалада жүргенімен, жалпы саны одан көп екені белгілі жайт.

Сонымен, болжам бойынша жыл соңына дейін еліміздегі халық саны 20 миллионға жетеді. Мұны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауында айтқан болатын. Ал, Қызылорда облысы тұрғындарының саны қанша? Сыр өңірі қашан миллионер қалаға айналады? Бұл сұрақтарға жауап іздеу мақсатында Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы Қызылорда облысы бойынша департаменті мамандарының көмегіне жүгіндік.

Әлбетте, халықтың өмір сұру ұзақтығы артып жатқаны қуанышты жаңалық. Жастардың, әсіресе жаңаша ойлайтын жастардың көптігі қуан­тады. Бұл туралы мемлекет басшысы өз сөзінде дәйекті дәлелдер келтірді.

– Азаматтардың мүддесі мен сұранысы – Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі. Яғни, адамның қажеттілігі әрдайым басты назарда болады. Сол үшін біз шикізатқа тәуелді болудан біртіндеп арылуымыз қажет. Бұл жұмыс табанды түрде жүргізілуге тиіс. Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала  дүние­ге келеді. Жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 74 жастан  асты. Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтарымыздың орташа жасы – 32 жас. Тұрғындардың үштен бірі – жастар. Үкіметтің міндеті – қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану. Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондық­тан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге  тиіспіз, –  деді  президент.

Жалпы 2023 жылдың 1 шілдесіне дейінгі  Қызылорда  облысындағы халық саны 838 860 адамды құрап отыр, оның ішінде қалалықтар – 393,7 мың (46,9%), ауылдықтар – 445,2 мың адам (53,1%). Өткен  жылмен салыстырғанда халық саны 5,3 мың  адамға  өскен.

– 2023 жылғы қаңтар-маусым айла­рында облыс халқының табиғи өсімі өткен жылмен салыстырғанда 1,2%-ға  кеміп, 7 526 адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1 000 адамға шаққанда 18,09 адам болып тұр. АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2023 жылғы  қаңтар-маусымда  дүние­ге  келгендер  саны 9 664 адам болса, былтырғыға  қарағанда 2,8%-ға аз. Туудың  жалпы  коэффициенті 1 000 адамға  23,23  туғандарды  құрады.  Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс  болғандар саны – 2 138 адам, өткен жылмен салыстырғанда 8,2%-ға аз. Өлім-жітімнің жалпы коэффициен­ті 1 000 адамға 5,14 қайтыс болғандарды құрады, – деді ҚР Стратегия­лық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті  басшысының  орынбасары  Гүлмира  Нұрқабылова.

2023  жылғы қаңтар-маусым ай­ла­рында облыста 1 жасқа дейінгі шетінеген 76 нәресте тіркелген. Өткен  жылы 116 нәресте шетінеген еді. Нәресте өлім-жітімінің коэффи­циенті 1 000 туғандарға шаққанда 7,86  оқиғаны  құраған.

Жыл басынан бері Қызылорда облысына алыс және жақын шетел­дерден 13, республиканың басқа облыст­арынан 3 094 адам келген. Сондай-ақ, алыс және жақын шетел­дерге 31 адам көшсе, облыс­тың  6 808  тұрғыны Қызылорда аумағы­нан тұрғылықты орнын ауыстырған.

– Көші-қон қызметі органдары ұсынған  мәліметтерді  өңдеу нәтижесінде, 2023 жылғы қаңтар-мау­сымда облысымызға тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 9 915 адамды, облыстан кеткендердің саны 12 247 адамды, көші-қонның айырымы 2 332 адамды құрады. 2022 жылдың қаңтар-маусымымен салыс­тырғанда облысқа келгендер саны 3,9%, ал облыстан кеткендер саны 1,3%-ға көбейген, – дейді  Гүлмира  Жеткергенқызы.

Сонымен, 1 000 тұрғынға шақ­қандағы туу көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы Шымкент қала­сы, Маңғыстау, Түркістан облыс­тарынан кейінгі төртінші орында келеді. Облыста күніне орташа есеппен 55, айына 1 600 сәби дүние есігін ашады. Ал, облыстағы туу көрсеткіші мен өлім-жітімді салыстыра келе, математикалық есеп бойынша миллион тұрғынға жету үшін әлі 15-20 жыл керек екенін байқаймыз. Әрине, бұл тек математикалық болжам  ғана.

Рыскелді  ЖАХМАН.

Коллаж бен инфографиканы жасаған Айнұр Құрманқызы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: