Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ковидпен күрескен келіншек

15.07.2021, 9:30 655

Карикатураны   салған   Ғалым  СМАҒҰЛҰЛЫ

Әңгімемді әдемілеп, көркем сөзбен кестелегім келмейді. Бірақ бастан өткен оқиғаны сөзбе-сөз, қаз-қалпында, бояусыз баяндағым келді. Басында бәріміз сенбедік. Сен де, мен де көгілдір экраннан күнде көрсетіп жатқан аурулар статистикасын шындыққа жанаспайтын, саясаттың сылбыр әрекеті деп бағаладық. Күлдік, тіпті миығымыздан күлдік. «Кәне, кім ауырып жатыр? Сенің туыстарыңның немесе таныстарыңның арасында ковид жұқтырғандар бар ма? Неге жоқ? Сонда ауырып жатқандар кімдер?» дестік. Сергелдеңге сенбей селтеңдеп жүргенде «ковидты» танымай жүрсең, ол мен болам» деп маңдайыма ауру тарс етіп тигенде ғана дүние расында төңкеріліп түскендей болды. Негізі асылық айтуға болмайды екен.

О кезде менің аяғым ауыр-тын. Құрсағымдағы нәрестемді әне-міне құшағыма алам деп көңілім алып-ұшып жүрген кез. Мерзімі жеткенде жұмыс­тан кезекті еңбек демалысыма шығып, қалған уақытымды үйде, отбасымда өткіздім. Адам болған соң шаруа бітпейді. Ара-тұра қала ішінде бітпейтін майда-шүйде жұмыстармен жүгірдім, жасыратыны жоқ. Барлық жерде карантин деген­мен, елдің бәрі өзім сияқты шаруа  бітіргісі келіп соқтығысып жүр. Қанша арақашықтық сақтаймын десең де көпшілік жерде жүруге тура келеді. Вирус­тың қайдан, кімнен, қай уақытта, қандай жерде, тіпті қалай жұқтырғанымды білмеймін. О жағы бір Аллаға аян. Бірақ жүкті әйелдің иммундық жүйесі әлсіз, не болса соны қабылдағыш, нәзік болады дегенді естідім. Ол да бар шығар. Алдымен тамағым көтеріліп, артынша жөтел пайда болды. Дәм мен иіс сезбей, әлсіздікті көп  сезіндім.

Айы-күнім жақындап, шақырған жедел жәрдем қалад­ағы «Ана мен бала» перинаталды орталығына апарды. Ондағылар «сіз жөтеліп тұрсыз» деп қабылдаудан бас тартты. Сөйтсем, мен секілді жөтелі бар келіншектерді қала орталығындағы «Ана мен бала» перинаталды орталығының филиалында қабылдайды екен. Онда «лас аумақ», «таза аумақ» деп бөліп қояды екен. Анализдер қабылдап, «сізде ковидтің белгісі бар» деді де, «лас аумаққа» апарып жатқызды. Бала дүние­ге келген бойда, «ковидің» балаға жұғып кете­ді» деп дүние­ге енді келген нәрес­тені  ораған күйі көз алдым­да шырылдатып алды да кетті. Дүниеге  бала  әкеліп, о дүние мен бұ дүние­нің ортасын­да жатқан менің баланы бермей, алып қалуға да шамам  келген  жоқ.

Палатада жалғыз өзім. Ауру да меңдеп бара ма, тұла бойым дел-сал. Тамаққа мүлдем зауқым жоқ. Тек су ішіп, бір орында жата бергім келеді де тұрады. Палатаға ауық-ауық кірген медбикелерден баланы немен қоректендіріп жатқанын сұрағанымда жасанды сүт беріп жатқандықтарын айтты. О заман да бұ заман, туған бойы баласын анасынан айыр­ып, жетім қозыға сүт бергендей жасанды тамақ беріп қинағанын сол кезде көрдім. Ауру бір жағынан жесе, анасынан жырақ жатқан қорғансыз бала­паным­ның жай-күйі екінші жағынан жанымды жегідей жеп барады. Расында дәрменсіз күй кештім. Баламды не көрсетпейді, не жанына бір  көруге  жолатпайды.

Палатада жападан-жалғыз жатқаныма екінші күн. Ковидпен ауыр­ғаным үшін онда кемі он күндей жатуым керек екен. «Баланы ауруыңнан айыққан соң аласың» деді. Біздің медицина деңгейінің соншалықты төмен екендігін мен осы кезде анық аңғардым. Ковидпен босан­ған келіншек баласын емізуіне толықтай негіз бар. Өйткені, ана сүті арқылы балаға ауру жұқпайды. Оны сол кездің өзінде ДДСҰ-ның өзі дәлелдеп қойған. Әлде біздікілерге ол тақырып әлі жете қоймаған немесе дұрыс әрі сауатты жүйе жолға қо­йылмаған болу керек. Ал енді оны сол жерде жүрген ақ халат­тыларға түсіндіріп көр. Оларда бір ғана жауап: «Бізге приказ солай келді». Әй, сендердің  приказдарыңның…

Жаңа босанған келіншекке бауырына баласын алғаннан басқа не күй керек болуы мүмкін?! Айналасына аузын ашып ана омырауын іздеп арғы бөлмеде балам, бергі бөлмеде қол созым жердегі жаңа туған нәрес­тесіне жете алмаған ананың жағдайын түсініп, түйсікке салып жүрген бірде-бір адамзатты көрмедім. Соған налыдым, өмірге өкпеле­дім, күрсіндім, көңілім түсті. Арада артық-кемсіз ай­тайын жеті күн өтті. Босандым, бірақ бауырымда балам жоқ. «Ковидсің» деп енапат ем жасап жатса да бір жөн дер едім. Не ем жоқ. «Мен мұнда неғып жатырмын?»  деп ойладым. Дәл сол сәттегі менің ішкі дү­нием, психикалық жай-күйімді айтып жеткізу  шын  мүмкін емес. Әншейінде  «қаламым – қаруым», тілшілігімді тірек қыламын деп кеуде қағып дандайситын едім. Бұл жолы қармануға қара тал таппай, шөлде жұтаған жалғыз жо­лаушыдай күй кештім. Ақыры анасынан баласын айырып әкетіп жатқаннан кейін ауруханада арнайы психологтер жұмыс істеу керек деп ойлаймын. «Аузынан ковид кіріп, ковид шығып жатқан» жерге психологтер келіп, қызмет көрсете қояды деудің өзі дәл осы жерде артық­тау болып кетер. Бірақ, расында олардың қызметі керек-ақ.

Шерменде кетіп қал­майын деп, «мені шығарың­дар» деп шын байбалам салдым. Аурудан анау-мынау болып кетсем де, тым болмаса баламмен қауышып кетейін дедім де, мына бір «лас аумақтан» шықтым да кеттім. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де айтайын, өзім дүние­ге әкелген балама жеті күн дегенде  жеттім.

Үйге жеткеннен соң да ауруым асқынбаса, азайған жоқ. Дене қызуым, әлсіз­дік, жөтел, дәм мен иіс сезбеу, дел-сал күй барлығы үстін-үстіне  арта берді. Кеше ғана қауышқан сәбиді тағы үйде қалдырып, толық емделу курсын алуға шешім қабылдадым. Олай етпеске амалым қалмады. Қызыл­орда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасынан бір-ақ шықтым. Диагнозым – ковид, пневмония. Күні кеше көгілдір экраннан тамашалаған көрініс көз алдымда көлденең кеп тұра қалды. Мен барлығын өз көзіммен көрдім. Палаталар адамға толық. Әр палатада күрк-күрк, бірімен-бірі жарыса жөтелген дауыстар. Менің жанымда аппаратпен кислород жұтып, ауа жетпей әрең демалып жатқан емделуші жатты. Өзің стресстік күйде жүріп мынадай көрініске куә болғанда сонымен қоса өзің де ауыр жағдайға түсіп кетеді екенсің. Мұнда бірі өмір үшін, бірі өлмеу үшін жанталасып жатты. Тіпті көз алдыңда үзіліп кетуге шақ қалып жатқан адам­дарды көзің көргенде мына әлемнің түкпір-түкпіріндегі нәубетке  налисың.

Дәл сол уақытта қаншама тамыр-таныс, туған-туыс осы бір вирусты індеттің қармағына ілініп, о дүние­лік болды. Оны да көзіміз көрді, құлағымыз естіді. Мен сонда өмірге жаңа келген кішкентай сәбиім үшін жазылып шығуға, өмір сүруге талпындым, құлшындым. Әрбірде ауру жаныма батқан сайын дәрігерден «мен жазылып кетемін бе?» деп сұрағанымда, «100 пайыз жазылып шығасың» деген жылы сөзі жаныма шын желеу болды. Ал әрбір емделушінің қас-қабағын бағып, денсаулығына күзетші болып жүрген дәрігерлер мен медбикелер, палаталардың тазалығына жауапты техникалық қызметкерлердің еңбектері өзінше бір төбе әңгіме. Жаның мұрын ұшына келгенде әуелі Алла­ға, сәбиіммен екінші мәрте аман-есен қауышу үшін құрақ ұшып қызмет еткен дәрігерлерге алғысым шексіз. Адам  жанының  арашасы болған дәрігерлердің еңбегі мынадай нәубетті кезең­де бағалауға әбден  лайық-ақ.

ТҮЙІН. Вирус бар. Тек оның қайдан, қай жерде аяғыңнан шап етіп ұстай алатынын білмейсің. Қорғанып жүру керек. Оның үстіне соңғы екі жыл ақшасы бар адам емес, дені сау адамның бай екендігін дәлелдеп келеді. Негізі біз бай екенбіз. Реті келсе ауырмауға тырысып жүрмін, сіз де сөйтіңіз, ауырмаңыз!

Керім  ТАУАР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: