Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көз мүгедектері қоғамдық көлікте тегін жүреді

04.10.2022, 11:45 505

HALYQLINE.KZ

Қоғамдық көлікте «Қызылорда тазалығы» қызметкерлері тегін жүретінін білеміз. Бұл жөнінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы жылдың 2-тоқсанында айтып, қызметкерлердің қолына куәлігін табыстаған болатын. Естеріңізде болса, «Қызылорда тазалығы» КММ-нің жұмысшысы Гүлайым Қарғабаева 18 жылдан бері осы қызметті атқара жүріп, қоғамдық көлікпен жиі қатынайтынын және бұл қалтаға әжептеуір салмақ салатынын айтып, аймақ басшысынан көмек сұраған болатын. Облыс әкімі «Қызылорда тазалығы» мекемесінің жұмысшыларының еңбегі аса жауапты әрі қиын екенін алға тартып, қала әкімі Асылбек Шәменовке 1 маусымнан бастап қоғамдық көлікте тазалықшылар үшін тегін жүру билетін енгізу қажеттігін тапсырды. Шаһар басшысы жүктелген жауапкершілікті уақытында орындады. Жалпы, өңірде қоғамдық көлікте ерекше жандардың жеңілдікпен жүруі де қарастырылған. Мәселен, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиалындағы мүгедектер қоғамдық көлікте тегін жүруі мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі.

Осы тақырып аясында қалалық мәслихаттың кезектен тыс 25-інші сессиясы өтті. Сессия жұмысына қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебаймен қатар, тиісті қалалық дербес бөлімдерінің басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қалалық мәслихат хатшысы Ибайдулла Құттықожаевтың төрағалығымен өткен сессия отырысында «Қызылорда қаласы азаматтарының жекелеген санаттарына қалалық қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жеңілдікпен жол жүруді белгілеу туралы» мәселесі қаралды. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы» Заңының 13-бабында, Қазақстан Республикасы заңдарымен, Қазақстан Республикасы Үкiмет қаулыларымен, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың шешiмдерiмен жеңiлдiктер белгiленген жағдайда тасымалдаушылар жолаушылардың жекелеген санаттарын тегiн тасымалдауға немесе оларға жолақысын төлеу жөнiнде өзге де жеңiлдiктер беруге мiндеттi делінгенін айта кеткен жөн.

Жаңа айтып өткеніміздей, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиалының ақпаратына сәйкес қалада I және II топтағы көру қабілеттілігі бұзылған 631 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Орта есеппен алғанда  631 азаматтың 1 айда 40 рет (күніне 2 реттен 6 ай көлемінде айына 20 күн) қоғамдық көлік қызметін қолданған жағдайда тегін жүру үшін қажетті қаржысы 13,6 миллион теңгені құрайды екен. Қызылорда қалалық маслихатының 2022 жылғы 18 мамырдағы кезектен тыс 19-сессиясында 2022-2024 жылға арналған қалалық бюджетті нақтылау барысында қаладағы I және II топтағы көру қабілеттілігі бұзылған азаматтарға қоғамдық көлікте 2022 жылдың 2-ші жартыжылдығы көлемінде тегін жүруін қамтамасыз ету үшін 13,6 миллион теңгебөлініпті. Баяндамашы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғалымжан Қайназаров бөлінген бюджет қаржысы бойынша жеке-жеке талдауын жасап, атқарылған жұмыстар жайында есеп берді.

– Бұл игі істі қолданысқа енгізу үшін бірлескен Қызылорда қаласы әкімдігінің қаулысы мен Қызылорда қалалық мәслихатының шешім жобасы әзірленіп, тиісті сараптамалық, хаттамалық қорытындыларды алу үшін мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерге («Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Нәрікбаев атындағы КАЗГУУ университеті» АҚ, қалалық кәсіпкерлік бөлімі, қоғамдық кеңес) жолданып, қоғамдық талқылау мақсатында Ашық НҚА порталына және «Ақмешіт ақшамы» газетіне жарияланып, аталған қаулы және шешім жобасы ҚР Әділет Министрлігіне портал арқылы жолданып, келісім алынған, – деді ол.

Сессия барысында Қызылорда қаласында қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдіктерін пайдаланушылар үшін қала ішіндегі тасымалдаушылар тарапынан жеңілдік көзделген санаттарға бір жолғы билеттер берілетіні айтылды. Сонымен қатар, «Толем-Кью» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және Қызылорда қаласы әкімдігі арасында стратегиялық әріптестігін дамыту мақсатында екіжақты меморандумға қол қойылып, соның аясында тасымалдаушылар тарапынан келісімшартқа қол қою жұмыстары жүргізілуде. Келісімшарт негізінде электрондық төлем жүйесін енгізуші оператор өз тарапынан қала ішіндегі жеңілдік қарастырылған азаматтар санатына жол жүру төлем карталарын шығаруды толықтай қамтамасыз етеді.

Сонымен, «Қызылорда қаласы азаматтарының жекелеген санаттарына қалалық қоғамдық көлікте  (таксиден басқа) жеңілдікпен жол жүруді белгілеу туралы» бірлескен шешім қабылданды. Алдағы уақытта І және ІІ топтағы көз мүгедектеріне қалалық қоғамдық көлікте жеңілдіктер қарастырылатын болады. Сондай-ақ, жиында басқа да әлеуметтік топтарға жататын тұрғындарға жеңілдіктер қарастыру ұсынылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: