Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кеңшілік ТЫШХАН, дінтанушы ғалым: «Дінді дұрыс түсіндіру үшін бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі маңызды»

04.12.2023, 14:57 181

Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің. Баба діні мен ділі, тілі ұрпақ сабақтастығын құрап,  сан ғасырдан бері біздерге аманат болып жалғасып келе жатыр. Бірақ тым нәзік қаралатын дін тақырыбы көпшіліктің ойы мен ұстанымына, қабылдауына, кейбір нақты емес ғалымдардың сөзіне байланысты алауыздық тудыруға дейін алып баруы мүмкін. Соның әсерінен, ізгілік жолды нұсқайтын ислам діні бүгінде ашық талқыға түспей қалды. Шариғаттың әдебі мен ережесін сан жолға бөліп жіберген ұстанушылар діннің атын жамылып, жақсы мен жаманды көлегейлеп түсіндіру оқиғалары артты. Осының салдарынан, қоғамда діни ахуал тұрақсызданып, түрлі экстремистік, террорлық топтар құрылып, зиянын тигізуде. Дегенмен, бұл –ұлттық қауіпсіздік комитетінің басты назарында.

Өткен аптаның бейсенбісінде белгілі дінтанушы ғалым, философия ғылымдарының кандидаты Кеңшілік Тышхан Сыр еліне арнайы іссапармен келіп, өңір журналистерімен кездесті. Қоғамға ашық ақпарат таратып, дін жайлы аз-кем толғанатын тілші қауым ғалымның дәрісін тыңдап, сауалына жауап алды.

  • Дін мәселесі өте нәзік тақырып болғандықтан, оны қаузаған кезде күрделі тақырыптарға жолығуы мүмкін. «Неге?» десеңіз, қазір дінге, оның құндылығына және құқықтық сипатына қатысты әртүрлі өкімі бар. Мысалы, дұрыс жарияланбаған ақпарат кейін қайта талқылауға түссе, ол түрлі қиындыққа ұшырататыны секілді, дін тақырыбын жазғанда нақты форма мен бірегейлікті сақтамасаңыз, кейін діни сарапшылардың сараптамасынан өткенде дұрыс емес дүниелер байқалса, «діни алауыздықты тудырғаны үшін», «діни кемсітушілік», «нәсілдік, рулық алауыздықты қоздырды» деген айып арқалауы да ләзім. Десек те, дінді дұрыс түсіндіру үшін бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі маңызды, – деді дінтанушы ғалым.  

Қазір қоғамда кейбір тақырыптарға деген түсінік дұрыс қалыптаспаған. Яғни екіұшты пікір көп. Жай ғана орану (хиджаб) мәселесін алып қарасақ, оған қарсылық танытатындар да, қолдайтындар да табылады. Яғни бірі – Алланың үкімі, ол дұрыс деп тапса, енді бірі оны арабқұлдық сана деп бекітіп қойған. Бұл ғана емес, бұдан өзге де мәселелерде ақпарат саласының мамандары біржақты пікір тарататын болса, оның соңында өзі теріс пікір бағасын алуы мүмкін. Яғни дінге қатысты тақырыпты талқылағанда дінтанушылардың ғана емес, ҚМДБ-ның бекіткен имамдары мен өкілдерін де сөзге тартып, пікірін сұрау керек. Сонда тақырып ашылады. Ой толықтыру болады. Бұл жайында Кеңшілік Тышхан да өз ойымен бөлісті.

  •  Аяқ астынан діни мәселе туындай қалса немесе дінге құатысты жағдай болса, журналистер имамдардан, ұстаздардан пікір сұрап жатады. Ал ол алдымен осы ол сауалды ҚМДБ-ға жіберіп, сол жақ бекіткен жауапты беремін дегенше, бірнеше күн өтуі мүмкін. Сол кезде сіздер біз секілді исламтанушы ғалымдар немесе сала мамандарынан пікір аласыздар. Біздің тараптан оқиғаға қатысты дүниелер айтылады. Бірақ ол ҚМДБ дайындаған жауапқа сай келмеуі мүмкін. Сол үшін екі жақтан да пікір алып, сауалға толыққанды жауап алу керек. Сіздерге де, біздерге де керегі – осы. Ақпарат таратуда осы дүниелер ескерілмесе, жоғарыда айтқанымыздай, нәзік тақырып не бүлінуі, не үзілуі, не жыртылуы мүмкін. Ал оны өз деңгейінде ұстау – тұрғындардың тыныштығы мен елдегі діни ахуалдың тұрақтылығына алып келеді, – деді К.Тышхан.

Рас, қазірде дінді түсінбеген адамдар алашапқын пікір білдіріп, әлеуметтік желіде әлекке қалып жатыр. Оған мәйек болар ой мен пікір білдіру бізге байланысты. Ал біздің пікір сала мамандарынан алынатындықтан, олардың тілші қауымға ашық болғаны дұрыс. Сонда күрмеу шешіліп, түйін тарқайды. Дінтанушы ғалымның сөзінше, журналистер де, имамдар да осы дүниеге сақ болса, елдегі тыныштық ғана емес, әлемдегі дінаралық бейбітшіліктің орнағанын көреміз.

Семинар соңында қаламгерлер дінтанушыға бірнеше сауал қойып, көкейде жүрген мәселелерін ортаға салды. Аймақ тілшілері жиын барысында айтылған кеңесті пайдалану арқылы дін саласына өз үлесін қосады. Мұнымен қатар, дінтанушы ғалыммен байланыс орнатып, алдағы уақытта түрлі тақырып аясында ой бөлісетін болды.

 Халық-хабар

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: