Қазақ «Елу жылда – ел жаңа» деп, басынан өткесін айтады екен. Осыдан 40-50 жыл бұрын салған үйлерін бұзып, жерін биіктетіп, жаңа үй салу үрдіске айналды. Бұл, әрине, халықтың тұрмыс деңгейінің жақсарғаның білдіреді.
Кеңес заманында үй салу бір қиын шаруа еді, қазіргідей қаптаған құрылыс материалдарын сататын дүкендер жоқтың қасы, болса да тек шеге мен қарақағаз, ошақ қақпақтары мен шілтерінен басқа ешнәрсе жоқ еді. Құрылысқа қажеттті материалдардың барлығын құрылыс нысандарын салып жатқан жерден, прораб пен бригадирмен келісіп жасырын түрде алатын едік (шындығында мемлекет мүлкін талан-таражға салушылық), түнде күзетшімен де келісіп те алатын, ол енді ұрлыққа жатқандықтан қауіпті еді. Еден тақтайлары мен бөренелерді аудан орталығының шет жағында орналасқан, совхоздардың шаруашылық қоймасынын осындай жолмен бағасына келісіп алатынбыз. Аудан орталығының шет жағына, әсіресе 5-ші квартал атанып кеткен аймақ трассаға жақын болғандықтан, сол жаққа Байқоңыр, бұрынғы Ленинск қаласынан түнде әскерилер құрылыс материалдарын жасырын сатып кететін. Ол жақтағылар да әдісін алып, үйлеріне жәшіктеп арақ алып қойып, мүлдем арзанға түсіріп алып, біздерге қымбат бағамен сататын. Ал үй салып, шатырын жабарда аудандық атқару комитетінің төрағасына өтініш жазып барасың, ол өтінішке қол қойған соң, аудандық тұтынушылар одағына барып ақшасын төлеп, заңды түрде алатын осы шифер ғана еді. Бүгінгі әңгімеміз қазіргі заманда салып жатқан үйлердегі холл туралы болмақ.
Бірде құдамның үйіндегі басқосуда жасы 80-нен асқан, қадірлі қарияның мына сөзі ой тастады. «Бірде ағайынның баласы үйленгенде, қызға құда түсіп бардық. Үлкендер жағын дастарқан жайып қойған холлға орналастырды. Құдалармен таныстырып болғасын, әңгімеміз енді жараса бастағанда, холлдың төрінде есігі ашық тұрған екі залға қарай шай мен тамақ тасыған келіндер мен жас жігіттер ары-бері қатынап мазамызды ала бастады. Сол кезде басқарып жүрген құданың інісіне: «Біз үлкен болған соң ана екі залдың біріне бізді жайламадыңдар ма?» дегенімде, құдамыз: «Бұл үлкен холл ғой» деп ақталып сөйледі», – деген еді.
Бұрын үй салғанда, үй жобасын сызып, бөлменің үстінен бөлмеге қатынамайтындай етіп, есікті әр бөлмеге бөлек шығаратын. Бірінші кезекте қонақтың мазасын алмауды ойлайтын.
Үйдің бұл жобасы архитектураның классикалық үлгісіне жатады, яғни жылдар бойы сұрыпталған жайлы түрі. Қазіргі уақытта үй салғанда холл салу, оны безендіру бәсекеге айналды, жаңа үйге қоныстойын жасағанда холлдың үлкендігін айтып мақтанатын болды. Кейде холлдың көлемі залдан екі есе үлкен болып шығып, мен танитын ерлі-зайыптылар әлі күнге дейін ренжісіп жүргендерін де білемін. Ал, бір мекеме басшысы жаңа үй салғанда холлды өте үлкен қылып салып жібергендіктен, бір жылдан кейін бұзып, қайта салды.
Қазақ бұл холлға неге құштар болды, неге сәнге айналды дегенде, күнделікті үнді сериалдарының әсері болып отыр деп айта аламын. Мысалы, «Астана» телеарнасынан күнделікті көрсетілген үндінің «Абысындар» көбік сериалының бар оқиғасы осы холлда өтіп жатады.
Холл – ағылшынша « hall» деген сөзі. Ал, архитектуралық анықтамада: «Холл – театрға кіреберістегі, қойылым басталғанша күтетін зал» делінген. Холлдың қазақшасы, яғни кіреберістегі – дәліз, осы дәлізде қонақ күту ақылға қонбайды. «Конгресс-Холл» деп аталатын арнаулы ғимарат та бар, онда концерт пен түрлі іс-шаралар өткізіледі.
Орта ғасырларда англо-саксондық ақсүйектер өз әулетінің байлығын көрсету үшін осы холлды салуды сәнге айналдырды. Холлда екінші қабатқа екі жақтан көтерілетін салтанатты басқыш және бөлме санын көрсету үшін есіктер де осы холлдан шығарылған. Үндістан 1947 жылға дейін ағылшындардың отары болғандықтан, сол кезде салынған ғимараттар холлында қазіргі үнді сериалдары түсіріліп жүр.
Жалпы, қазақ халқының басқа халықтарға еліктегіші басым екендігін мойындау керек. Өткен ғасырдың 90-жылдарында салынған Қазалыдағы үйлердің шатырын Қытайдың будда храмына ұқсатып жапты. Сырт жағынан сиыр фермадағы қораға ұқсағандықтан, қазалылықтар оны «коровник» деп атап кетті. Кейін осы коровниктер көзге ерсі көрінгендіктен, үй иелері шатырын бұзып, «конверт» қылып қайта жапты. «Біреудің қаңсығы, біреуге таңсық» дегендей, қазіргі кездері үйдің үштен бір бөлігін алып жатқан холлы бар үйлер де 15-20 жылдан соң ерсі көрініп, қайта бұзылып, жаңадан салына бастайды. Әзірше холл қазіргі кезде сән болып тұр. Орыс халқы мұндайды «Мода меняется или пройдет» деп босқа айтпайды.
Осыдан 5 жыл бұрын, ескі үйді балам бұзып, қайта салғанда, осы холл деген бәлені ұнатпайтынымызды айтқанда, әке-шешесінің айтқанын қылып, үлкен холл орнына немерелерімізге арналған екі бөлме салғанына қуандық.
Бақытжан Абдул-Түменбаев,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Қазалы ауданы
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!