Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Демалыс паркінің құны – 790 миллион теңге

19.10.2022, 8:55 436

HALYQLINE.KZ

Республика күніне тарту ретінде Жаңақорған ауданында жаңа демалыс паркі ел игілігіне берілді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев заманауи үлгідегі мәдени нысанды аралап көріп, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Сондай-ақ, аудан халқымен кездесіп, ұлттық мереке аясында өңірде жүзеге асатын жаңа бастамалармен бөлісті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

– Туған жеріне тілеулес, ортақ іске жанашыр кәсіпкер азаматтардың қолдауымен аймағымызда жаңа нысандар бой көтеріп келеді. Бүгін, міне, тұрғындардың отбасымен бірге серуен құрып, ой сергітіп, бой жазуына мүмкіндік беретін жаңа демалыс паркі пайдалануға берілді.

Мұнан бөлек, «Балалар жылына» сый ретінде менің тапсырмаммен қала, аудандарда 80 ойын алаңы салынып, басым бөлігі тұрғындардың игілігіне берілуде. Соның ішінде Жаңақорған ауданында 10 шағын спорт алаңқайы қазан айының соңына қарай жерлестеріме тарту етілетін болады, – деді аймақ басшысы.

Заманауи парк белгілі кәсіпкер Марлен Ысқақов жетекшілік ететін «Азимут-М» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жеке қаржысы есебінен салынды. Жобаның құны 790 миллион теңгені құрайды. Мұнда тұрғындардың кешкі уақытта таза ауамен тыныстап, сауық құрып, серуендеуіне бар жағдай жасалған. Түрлі аттракциондар, субұрқақ, жазғы сахна, балалардың ойын алаңдары аудан тұрғындарға қызмет көрсететін болады.

Алдағы уақытта парк ішінен балаларға арналған кафе және неке сарайы салынбақ.

Демалыс паркі алаңында облыс әкімі Президент Жарлығы аясында халықпен кездесу өткізді. Басқосу барысында Нұрлыбек Нәлібаев жаңақорғандықтарды алаңдатып келген мәселелер рет-ретімен шешімін тапқанын тілге тиек етіп, ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

– Президентіміздің қолдауымен өңірде ауқымды жобаларды қолға алдық. Аз уақыттың ішінде түрлі деңгейде инвестиция тартып, қомақты жобаларға республикадан қаржы әкеліп, көкейлеріңізде жүрген көп мәселені шешуге жол таптық.

Қазіргі таңда Жаңақорған ауданындағы облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мәселесі шешімін тапты деуге болады. Бұл мақсатқа 180 млн теңге қаржы бөлінді. Енді тек ауылішілік жолдар мәселесі ғана қалды. Оны да рет-ретімен жасаймыз. Ал, білім саласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 19,5 млрд теңге қаржыға жаңа мектептер саламыз. Оның екеуі Жаңақорған ауданында заманауи үлгіде 600 және 300 орындық мектеп ретінде бой көтереді.

Ал, Байгенже ауылы тұрғындарының сұранысы бойынша жаңа білім ошағын тұрғызуға облыстық бюджеттен 100 млн тенге қаржы бөлдік. Келесі жылы құрылыс жұмыстарын бастайтын боламыз.

Биыл «көгілдір отынға» Бірлік пен Қыраш елді мекендері қосылады, оған 800 млн тенгеге жуық қаражат бөлінді. Келесі жылы тағы 5 елді мекенді қосу жоспарда бар, – деді Н.Нәлібаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: