Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

“Бір-ақ қоңыраумен шешеді”. Арбада отырған қызылордалық жұрттан көмегін аямайды

21.10.2023, 21:25 1337


Қызылордалық Зәуре Өксімбаева туғалы бері тағдырдың сынына төзіп келеді. Соған қарамастан айналасына жақсылық жасаудан аянып қалған емес.

44 жастағы кейіпкеріміз церебралды сал ауруымен дүниеге келді. Бүкіл өмірін мүгедектер арбасында, төрт қабырғаға таңылумен өткізіп келеді. Сөйтсе де санасы сергек, жетістігінде есеп жоқ.

Халықаралық мүгедектер күніне орай былтыр «Жылдың белсендісі» номинациясы бойынша облыс әкімінің марапатын иеленді. «Аманат» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырылған дәстүрлі «Жан шуақ» қоғамдық байқауында алғыс хат алды. Қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін биыл Оқу-ағарту министрлігінің «Ерен еңбегі үшін» және “Мейірім” төсбелгілерімен марапатталды.

“Қоларбаға отырғаным биіктерді бағындыруға кедергі келтіре алмайды. Өмірді қалай бар, солай қабылдаймын. Біле-білген адамға өмір деген – өлшеусіз несібе”, – деді ол.

Зәуре Өксімбаева – бір емес, екі мамандықтың иегері. 2013-2017 жылдары Қызылордадағы колледжде облыс әкімінің стипендиаты ретінде заңгерлікті оқыды. Ал 2017-2021 жылдары университеттен мемлекеттік білім гранты арқылы журналист мамандығын меңгеріп шықты.
Өкінішке қарай қос дипломды да кәдеге жарата алмай отыр. Есесіне қиындыққа ұшыраған, өзі секілді тағдыр теперішін көрген жандарға үнемі көмек қолын созып жүреді.

Оның жақсылығын көрген жандардың бірі – Қызылорда қаласының тұрғыны Гүлсәнім Аукенова.

“Жақында қатты ауырып, қалалық ауруханаға түстім. Онда науқастарға қолайлы жағдай жасалмаған. Ота жасатып, үйге шыққанмен дене қызуым көтеріліп кете берді. Ауруханаға қайта барғым келген жоқ. Зәуренің араласуымен ғана облыстық медицина орталығына жатып, жазылып шықтым. Зәуре қызымыз кез келген мәселені бір-ақ қоңыраумен шешеді. Аяқ-қолы сау адам да бұлай көмектесе алмайды. Біздің Тереза шешей ғой”, – деді ол.

Көңілі кең, жүрегі жомарт кейіпкеріміз тағдырдың ауыртпалығына тап болған жандардың жоғын түгендеуді парызы санайды.

“Оларға қолдан келгенше көмектесу арқылы өзімді қатарымнан кем сезінбеймін. Сау адамның ғұмырын сүргендей күйге енемін”, – деді Зәуре Өксімбаева.

Назерке Саниязова

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: