Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бензин бағасы өсті дегенше…

03.05.2023, 12:00 183

«Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» деген. Түртіп қалған дүниенің бағасы бензинге тікелей байланысты болып тұр. Ішіп-жем, киім-кешек,  жүріс-тұрыстың барлығы бензин бағасына байланысты өсті. Өйтпегенде ше? Базарға келетін заттың барлығы көлікпен келеді, ал көлік бензинмен жүреді. Демек, ол тұрмысқа тікелей әсер ете алады. Айтып-айтпай не керек, Президент Қ.Тоқаевтың өзі де осы мәселені мейлінше түсінгендей болып отыр. Онысын өткен аптадағы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы өткізген келелі кеңейтілген кеңесінде сөйлеген сөзінің ауанынан  байқадық.

– Барлығында жанармай  бағасы   бізден  жоғары. Жанар-жағармайдың бағасын көтеруден түскен қаржыны делдалдар, яғни алып­сатарлар иемденіп кетпеуі қажет. Оны жаңа мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға және мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға жұмсау керек. Сондықтан Үкімет мұнай өнімдерінің бағасын қайта қарау кезінде мемлекетке төленетін салықты арттыру жөнінде қосымша шара­лар қабылдауға тиіс. Жалпы, тариф сая­саты бойынша Үкіметке тауарлар мен қызметтерді реттейтін «тұтынудың әлеуметтік нормасын» енгізу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл – халықаралық  тәжірибе, – деді мемлекет  басшысы  Қ.Тоқаев.

Президенттің пәрмен берген тапсырмасы аяқсыз қалмаса, бұл қиындықтың да шығар шешімі болар деген үміт мол. Біздің өңірде де бұл мәселе күндей қызып тұр. Рөл ұстаған екі адамның бірі «бензин қымбат, бәрі қымбат» деп  етек-жеңі жасқа толып шыға келеді. Такси бағасын  төмендетіп  айтқандарға  айтар  жауа­бы  да – осы.

– Такси болып қызмет істеймін. Негізгі табы­сым да – осыдан. Бала-шаға, үй, олардың тамағы мен киім-кешегін тауып беру керек. Бензинді қымбатқа құйып алып, адамды арзан бағамен таси алмаймыз. Оны енді халыққа түсіндіріп көр. Ешкім түсінбейді, тіпті түсінгісі келмейді, – дейді  қала  тұрғыны А. Ешниязов.

Облыста жұмыс істеп тұрған 100-ден аса жанар-жағармай бекетінде АИ-92 – 202 теңге, дизель – 295 теңге, АИ-95 маркалы бензин бағасы 202 мен 207 теңге аралығында сатылып жатыр. Сәуірдің орта шенінен бастап көтерілген бағаны байламда ұстап тұрмаса да, тиімді пайдалану бойынша республикада жұмыс істеліп жатыр-мыс. Қызылорда облысы да бұл істе тартынып қалған жоқ. Мәселе жылт еткен бойда аймақ басшысы Н.Нәлібаев дереу  жауап­ты мамандарды шақырып, жоспарлы жиын  өткізді. Сонда  бүй  деген  еді.

–  Компаниялар арасында бағаны арнайылап көтеру келісіміне жол берілмеуі керек. Бағаның жоспарлы өскеніне қарамастан, кәсіпкерлік субъектілері жанар-жағармайды белгіленген баға бойынша уақытылы өткізуге міндетті. Монополияға қарсы заңдылықтар түсіндірілуі тиіс. Мұндай жағдай болса, жауапкершілігі қарала­тынын ескерту қажет. Көктемгі егін егу науқаны басталатын, тіршілік атаулыға жан бітетін кезде жұмыстың барлығы айналып келгенде жанар-жағармайға тіреледі. Сондықтан қолдан дефицит жасамауымыз керек, – деді ол.

«Бүгініміз өтті, ертеңгі күніміз не болар екен?» деп қымбатшылыққа күйіп, жұрт әрі-сәрі күйге еніп отыр. Бензин бағасы бәріне тиеді. Бірақ  үкімет басындағылар азық-түлікті «ұшырмаймыз»  деп  үміттендіріп  отыр.

– Тапшылық болмайды деп есептеймін. Қазір біздің сақтандыру қорларындағы тауарлардың көлемі жеткілікті. Ішінде картоп та, сәбіз де, қырыққабат та бар. Сол себептен, ешқандай проблема жоқ деп есептеймін. Соңғы бес аптада бағаның өсуі 0,3 пайыз болды. Өткен жолы айтқанымдай, бензин бағасының азық-түлікке әсері соншалықты көп емес – 2 пайыздан 5 па­йыз­ға дейін. Ал басқа, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың, қызметтердің бағасына әсер есептеуі керек. Мультипликативті әсер болады, әрине. Себебі, басқа тауарларға, басқа қызметтерге оның әсер етуі өте ерекше. Дизель отынын арзан бағамен, 1 литрін 204 теңгеден бердік. Ол баға өзгермейді. Сол себептен, бұл астық жинау науқанына ешқандай әсер етпейді. Біздің өз жоспарымыз бар. Оны орындап жатырмыз. Сақтандыру қорларында тауарлар жеткілікті, өндірушілерге субсидия беріп жатырмыз. Сол себептен, «ертең тапшылық болады, бағаның жоғары өсімі болады» деп әңгіме қозғау, менің ойымша, қазір қажет емес, – деді Премьер-Министр­дің орынбасары – Сауда және интегар­ция  министрі  Серік  Жұманғарин.

Енді сөзге сенгіш, үкіметке үміттенгіш елміз. Бұларын да дұрыс деп санайық. Ал Премьер-Министрдің өзі бензин бағасының инфляция­ға  тікелей  әсері  бар  дегенді  айтады.

– Жанар-жағармай бағасының өсімі белгілі бір деңгейде инфляцияға әсер етеді. Тікелей ықпалын алып қарасақ, 0,4 мөлшеріндегі дизель отыны  мен АИ-92 бензинінің тұтыну үлесін ескере отырып, орта есеппен жан басына шаққанда, инфляцияға әсері шамамен 0,35% болады. Бұл – тікелей әсер, – деді Үкіметбасы  Әлихан  Смайылов.

ТҮЙІН. Энергия  жеткізудің жаһандық тізбегінің бұзылуына байланысты бензин, электр энергиясы және табиғи газ бағасы шарықтап кеткен. Гонконг тұрғындары бензин үшін әлем бойынша ең көп ақы төлейді екен, яғни 11,10 доллар. Бұл әлемдегі орташа деңгейден екі есе көп. Энергетика бағасы қымбат елдер тізіміндегі екінші орында Орталық Африка Республикасы, онда «көгілдір отынның» құны бір баллон үшін 8,60 долларды құрайды. Электр энергиясының ең жоғары құны көбінесе Еуропада. Дания, Германия және Бельгиядағы бензин бағасы Франция мен Грекиядағы бағадан екі есе жоғары. Қымбаттады деп халық  қоғамнан қол үзіп қалмайды. Сонда да әрнәрсені үнем қылуға  тырысады. Байлаусыз  бағаның тоқтамы  болса  екен  дейміз.

Ә.КЕНЖЕ.

Суретті  түсірген  Н.Нұржаубай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: