Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Базардағы баға бас айналдырады

11.08.2022, 11:50 82

Өңірде   азық-түлік  пен  еттің құны шарықтап  кеткен.  Базарға   барсаң, бағадан  басың  айналады. Тек әлеуметтік дүкеннің тауарлары ғана салыстырмалы түрде арзан деуге болады. Дегенмен оны да қалтасы көтермейтін адамдар жетерлік. Бағаны  негізсіз көтергендерге елімізде арнайы заң бар. ҚР Сауда туралы заңнамасының бұзушылықтары анықталып, дәлелін тапқан жағдайда, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы»  ҚР  Кодексінің  204-4-бабына  сәйкес ӘМАТ  сауда  үстемесінің  мөлшерін  арттыру фактісіне  келесідей  әкімшілік  шаралар  қаралған. Алғашында  сізге  ескерту жасап, дегенмен  ол  үдеден  шығып  бір  жыл ішінде сол  олқылықты  қайталайтын  болса,  шағын  кәсіпкерлік  субъектілеріне – 10 АЕК   (30 630 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 75 АЕК (229 725 теңге), ірі кәсіпкерлік  субъектілерге – 300 АЕК  (918 900 теңге) бойынша айыппұл салынып, тиісті шара қолданылады. Дегенмен, соңғы уақытта базарда баға тұрақталып, бір қалыпқа түсуде. Себебі бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыстар атқарылып, арнайы тексеріс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Фердоуси Әбілқасымұлы бұған дейінгі  брифингтерде  мәлімдеген  болатын.

Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін облыстың тұрақтандыру қорынан тауарлық интервенциялар жүргізу, сондай-ақ «айналым схема» бойынша бағаны тұрақтандыру механиз­мі аясында заем беру арқылы шаралар қабылдануда. Қазіргі таңда, 671 тонна өнім тұрақтандыру қорында болса, 7109 тонна өнім контрактіленген. Облыста баға тұрақтан­дыру мақсатында  өңірлік тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Өнім қорларын қалыптастыру мақсатында облыстық бюджеттен соңғы үш жылда 3,9 млрд теңге бөлінген. «Айналым схемасы» аясында 20 келісімшарт негізінде 1 млрд 143 млн теңге қаржы кәсіпкерлерге заем ретінде берілді. Осы бойынша қарыз алған кәсіпкерлік субъектілермен 9 585 тонна өніммен қамтамасыз ету жөнінде міндеттемелерге қол қойылған.

Форвардтық негізде келісімшарттар жасақ­талып, өңірлік тұрақтандыру қорына барлығы 1050 тонна картоп, 450 тонна жуа, 150 тонна сәбіз, 150 тонна қырыққабат сатып алу жұмыс­тары  жүргізілуде.

– Қазіргі таңда, қант бағасын  тұрақтан­дыру және жетіспеушілігін болдырмау мақсатында өңірге тікелей Көксу қант зауытынан және азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы қант жеткізу бойынша жұмыс жолға қойылған. Бүгінгі күні статистикалық деректер бойынша облыста қант құны 517 теңгені құрады, – дейді  облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат  Дүйсебаев.

Жалпы, 1 780 тонна қант контрактіленген болса, оның бүгінгі күнге дейін 1 360 тоннасы облысқа жеткізілді (көтерме бағасы 471 теңге және бөлшек саудада 490 теңге). Бүгінгі күні облыста 478,2 тонна қант қоры бар. Жыл соңына дейін 3 155 тонна қант сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар, нан бағасын арзандату мақсатында Азық-түлік корпорациясы («Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ)  арқылы 7 айға 14 317 тонна астық бөлінді. Бүгінгі  күні 5  айға 9 971,1 тонна толығымен сатып алып, жоспар бойынша бекітілген көлемі толық алынып отыр.

Облысқа  ұн  өндіруші  кәсіпорынмен 3 879,6 тонна ұн босатылып (324,8 тонна жол үстінде), оның ішінде 3 661,7 тоннасы ірі наубай­ханаларға бөлке нанды төмендетілген бағада  сату  үшін  мақсатты  түрде  берілген.

«Байқоңыр»  ӘКК  тұрақтандыру  қорына тауар сатып алу үшін  облыстық бюджеттен 2022 жылдың 14 қаңтар күні 800 млн теңге қаржы бөлді. «Айналым схемасы» негізінде кәсіпкерлік субъектілеріне 0,1%  қарыз беру үшін   2022  жылдың 18 ақпан  күні  500 млн теңге қаржы қаралған. Шілде айында облыс­тық ауыл шаруашылығы және жер қатынас­тары басқармасы тарапынан 200 млн теңге халық­қа  ұн  және картоп сатып алуға қосымша қаржы  бөлінді.

«Байқоңыр» ӘКК»  АҚ басқарма төрағасы Самат Ерниязовтың айтуынша, «Азық-түлік келісімшарт  корпорациясы» ҰК» АҚ, Қр  Ауыл шаруашылығы  министрлігі  және Қызыл­орда облысының әкімдігі арасында нан бағасын тұрақтаныдыру  үшін арзандатылған бидай  алуға  меморандумға  қол  қойылған.

Мемарандум  негізінде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ «Alatau Agro Trade» ЖШС-не 90 теңгеден  бидай босаты­лып, нәтижесінде ұн өндіретін «Alatau Agro Trade» ЖШС-нен 10098,9 тонна бірінші сортты бидай ұнын 125 теңгеден сатып алуға келісімшарт жасалды. 3964,6 тоннасы жеткізілді. Бүгінде Қызылорда қаласы бойынша 12 наубайханаға және Қызылорда облысының 7 ауданы белгіленген операторларға бірінші сортты  ұн  босатылуда.

Қала  бойынша  39 әлеуметтік   дүкеннің   екеуі тауар өндірушіні қолдау  мақсатын­да KZOET жеке кәсіпкерлігіне сиыр етін белгілен­ген бағада сату үшін берілген. Қалған 37 дүкен кәсіпкерлік  субъектілеріне өтеу­сіз пайдалануға беріліп  отыр. Тұрақтан­дыру қоры­ның өнімдері және «айналым схемасы» шеңберінде қарыз  алған  кәсіпкерлік субъек­тілерінің  өнімдері  39 әлеуметтік  дүкен арқылы  және  облыс  орталығының 13 сауда үйінің әлеу­меттік бұрыштары  арқылы сатады. Әлеумет­тік  дүкен­дер мен сауда орнында өнімдер­дің бағасына күн сайын мониторинг жүргізу мақ­с­атын­да қоғам тарапынан бекі­тілген  жауап­ты  қызметкерлермен  тұрақты  бақылау  жасалады. Бүгінгі күні барлық әлеуметтік дүкендерде 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары белгіленген бағамен сатылу­да. Мәселен, нан 5 теңгеден, қант 370 теңге,  өсімдік  майы  630 теңге, картоп пен сәбіз 130  теңге, басты пияз 100 теңге, қырық­қабат  95 теңге, 1 сортты ұн 135 теңге, қара­құмық жармасы 415 теңге, күріш 175 теңге, макарон  200  теңге, сиыр еті 1700 теңге, тауық  еті 785 теңге,  жұмыртқа 29  теңге, сүт  280 теңге,  айран 225 теңге, сүзбе 1283 теңге, сары май  2504 теңге және  тұз 40 теңгеден сатылуда. Дегенмен бұл – санаулы ғана «арзан дүкенде» сатылатын тауарлардың бағалары. Әлеуметтік дүкендердегі өнімдердің бағасы нарықтағы бағадан төмен болғандықтан, тауарларды көтер­ме сатып алу және қайта сату фактілеріне жол бермеу, сондақ-ақ өнімдерді  әрбір отбасы­на жеткізу мақсатында тапшы  тауарларға  шектеу  енгізілген. Бір сатып алушыға нан – 3 дана, қант – 1 кг, картоп – 3 кг, сәбіз – 2 кг, өсімдік майы 1 литрден артық берілмейді. Әлеуеті жоғары әлеуметтік дүкен де тапшылықты үдетпеу үшін осындай шаруаға  көшкен.

Мұндай тексерістер тек азық-түлік бағасы қымбаттап, саудагерлердің цифрлары негізсіз өскенде емес, әркез бақылауда болуы қажет. Алайда біз көрсеткен бағаны барлық жерден таппауыңыз мүмкін. Себебі әлеуметтік дүкендер жоқтың қасы. Барларының өзінде күнделікті пайдаланатын өнімдер түгесіліп қалатыны тағы бар. Сол үшін осы статусқа ие дүкендерді көбейтіп, халыққа қолжетімді бағаны әлі де тұрақтандыру қажет. Ол үшін тиісті тапсырмалар  берілсе  жеткілікті…

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: