Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

БАҒА мен БАЙЛАМ

09.04.2020, 11:06 682

Аты жаман  бәленің  ушығуын  жеке бас мүддесіне жаратып жатқандардың жаны кіріп, пайдаға шаш етектен кенеліп қалды. Мұқым елдің мұқтаждығын көзбен көре тұра қысылған халық­ты қыса түсу асылында мұсылмандыққа жатпайды. Азық-түлік бағасының карантинде күрт өсіп кетуі әлеум­етті әбігерге салып қойды. Әдеттегі бағасынан екі есеге көтерілген азық-түлік бағасына байлам болмай тұр. Алыпсатар ағайындарға ешкімнің «әй» дегені әсер етпейді, дегенмен әр асқанға бір тосқанның болуы қажет екенін билік біліп отыруы тиіс. Жер­гілікті билік жұрттың жағдайын ескерген болып азық-түлікті тұрақтандыру қорынан 800  миллионға  жуық теңгені бөліп қойды. Халық игілігіне  қарал­ған қаржыға сатып алынатын азық-түліктер тізімі жарияланып, олардың қаладағы бірқатар әлеуметтік дүкендерде арзан бағада сатылатын­дығы хабарланды. Бірақ, жұртшылықтың  сөзіне  сенсек, мұнда бір  шикіліктің  бары  білінгендей.

Қызылорда облысы әкімдігінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, бұл қаржыға «Байқоңыр» ӘКК» акционерлік қоғамы ар­қылы 1 575,1 тонна ұн, 500 тонна күріш,  134 тонна қант, 100 тонна макарон өнімі, 500 тонна картоп, 200 тонна сәбіз, 100 тонна пияз, 35 тонна қырыққабат, 153 тонна өсімдік майы, 100 тонна сиыр еті, 50 тонна тауық еті, 59 тонна сүт өнімі, 300 келі ірімшік, 500 келі сары май және 2 млн дана тауық жұмыртқасы сатып алынады. Азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі «Байқоңыр» корпорациясына тиесілі қоймаларда сақталы­п, 26 әлеуметтік дүкені арқылы нарық­тан төмен бағада босатылады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға ықпал етуі тиіс. Әлеуметтік дүкендерде нан бағасы – 55, бірінші сортты ұнның келісі – 132, күріш – 212, қант – 240, макарон 150 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ, картопты – 83, сәбізді – 82, жуаны – 55, қырық­қабатты – 95, өсімдік майын – 1700, қара­құмық жармасын – 310 және ас тұзын 33 теңгеден табуға болады екен. Әлеуметтік деген­ аты болмаса, тұрғындар арасында осы дүкендерге  көңілі  толмайтындар  бар.

– «Құлагер» шағын ауданында орналасқан әлеуметтік дүкенге­ азық-түлік алуға барғанмын. Сұраған азық-түліктің дені ондай болмай шығады немесе «өтіп кетті» дегеннен өзге жауап ала алмайсың. Бағасы арзан болғандықтан ба, ондағы кезекте тұрған халықтың қарасы қалың. Қымбатшылық қысқа­н тұста бәрі арзан азық алғысы келеді. Сосын осындай әлеуметтік дүкендердің алдында үймелей қалады. Іздеген азығымы­з болмаған соң амалсыз өзге дүкендерге баруымызға тура  келеді,– дейді қала тұрғыны Нұрлан Еспембетов.

Карантин кезінде бір жерге көп адамның шоғырлануы өте қауіпті. Бірақ, тірі адам тамақсыз отыра алмайтындықтан қалтасына тиімді жерден зат алғанды тәуір көріп тұрады. Әлеу­меттік дүкендерге деген халықтың назы мұнымен тоқтамай­ды. Оны Қызылорда облысы әкімдігінің Facebook-тегі ресми парақшасында жұрттың ой-пікірлерінен айқын аңғаруға болады.

•         Нейля  Қалабекқызы: Екі күн бардым. Сол екі күнде де картоп, пияз, кырыққабат «жоқ, таусылып қалды» деді.

•         Фариза Madenova: Барлығы дұрыс. Ендігі кезек сол әлеуметтік дүкендерді қадағаласаңыздар. Себебі сол әлеуметтік дүкен иелері келген тауарларды толық көлемде сатылымға қоймайды.

•         Agilash Kushekbaeva: Тасбөгеттегі әлеуметтік дүкенде күнде жоқ, «1 қап сәбіз келеді, кімге жетсін?» дейді. Қант – 240 теңге, басқа магазинде де солай!

•         Жалгас Садыкбаев: Қанттың бағасы «Қызыл­орда» супермаркетінде – 235 теңге, ал әлеуметтік дүкенде – 240 теңге, енді сұрақ, сонда бұның қай жері әлеуметтік  дүкен?

•         Айдар Кан: Әлеуметтік  дүкендерге  қандай  азық-түлік, қандай көлемде, қай уақытта жеткізіле­тінін онлайн­ режимде хабарлап тұрса. Сонда ұрлық, коррупция туралы сөз болмайды. Әйтпесе халыққа көмекке ақша бөлінеді, ал оны бақылау жоқ.

•         Нур Болат: 776 миллион бөлінді деген бос сөз. 18 миллион халыққа 1 миллионнан берсе де жетіп жатыр.

«Халық айтса, қалт айтпайды». Әлеуметтік дүкен деген аты  болмаса, нарықтағы  бағасынан  айырмашылығы  шамал­ы ғана дейді көпшілігі. Дәл қазір Қызылорда қала­сында 30 шақты әлеуметтік дүкен болса, солардың әрқайсысына тауыққа шашқан тарыдай өлшеп әкеліп сатқан азық-түлігі ешкімнің де жыртығына жамау болмайды.

Қайсыбір күні аймақ басшысы Г.Әбдіқалықованың «ет өнімдерінің бағасын бақылауда ұстаймыз» дегені бар-тын. Әзірге ет, картоп, жуа мен сәбіз бағасында тұрақтылық бар. Өзге азық-түлік бағалары шарықтап кеткен. «Осыларды жесең коронавирусқа шалдықпайды екенсің» дегенді естіген жұрт сарымсақ, лимон мен зімбірді жапа-тармағай дүкендерден талап әкете бастады. Сұранысқа ие тауардың сапасын­ан бұрын бағасын көтеруге бейім кәсіпкерлер де өздеріне оңтайлы тұсты пайдаланып, оларға адам ойына­ келмейт­ін  бағаны қоя салады.  Қазақ  «иттің  боғы  дәрі  болса суға т…» деуші еді. Нақ соның кері келді. Лимон – 3000 теңге­, зімбір – 5000 теңге, ал сарымсақ кей дүкен­дерде 2000 теңгеге­ дейін барады. Бұл үштік те антисептикалық заттард­ың  кебін киіп тұр. Әншейінде сөрелерде арзан бағада­ ­ самсап тұратын дүниелер қазір халықтың қолжетпесіне  айналды.­

ТҮЙІН. Қысылтаяң кезде онсыз да мұқтаж халықты қыса түсуді мұсылмандыққа да салып қажеті жоқ. Мұндайдың теріс қылық екенін кеудесінде демі бар әрбір пенде ұғынуы керек секілді. Азыққа ақшасы жеткіліксіз елде  жазық жоқ. Тек  құны  түскен  теңгесін  тиімді  жұм­сағыс­ы  келеді бәрі.

(Суреттер  Қызылорда  қаласы  әкімдігінің

фейсбуктегі  парақшасынан  алынды.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: