Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауылдарда ауқымды жобалар жүзеге асуда

19.09.2023, 8:30 226

HALYQLINE.KZ

Қала әкімі А.Шаменов тұрғындармен кездесу үшін Қызылжарма ауылдық округіне барды. Бүгінде ауылдық округ қарқынды құрылыс алаңына айналды. Мәселен, бюджеттің барлық деңгейлерінен бөлінген 1 млрд 288,6 млн теңгеге округтегі 28 көше жөнделді. 24 көшеге жарық бағаналары орнатылды. Р.Батырбаев көшесі мен К.Сексенбаев көшелерінің қиылысына бағдаршам қойылып, 89 көшеге электр желісін тарту жұмыстарының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленді.

Жалпы сыйымдылығы 1 440 текше метр болатын 3 ұңғыманы бұрғылау жұмысының жобасы дайындалып, сараптама қорытындысын алуға жолданды. Сонымен қатар, келер жылы осы ауылдың орталығынан жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтереді деп жоспарлануда. Ол үшін тиісті құжаттар жинақталуда.

Келелі басқосуда тұрғындар атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, тілектерін білдірді. Ауылдағы ағайын ендігі жерде мал жайылымдық жерлерді көбейтуге күш салуды, қаңғыбас иттерді азайтуға шара қабылдауды сұрады. Шаһар басшысы мәселені өз бақылауына алатынын айтып, жаңадан сайланған округ әкіміне бірқатар міндеттер жүктеді.

***

Ақжарма ауылдық округіне де ерекше көңіл бөлініп, жылдар бойы өзекті мәселе саналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды. Бүгінде нысан аумағында қызу жұмыстар жүруде. Жоспар бойынша амбулаторияны жыл соңына дейін табыстау көзделуде.

Қала әкімімен кездесуде тұрғындар ең қажетті шаруаның шешімі табылғанына алғыстарын білдірді. Бұл елді мекенде мұнан да бөлек ауқымды жобалар жүзеге асуда. Яғни, инженерлік-инфрақұрылым дамып, жаңа аялдамалар, жарық бағаналары орнатылуда. Жыл басынан бері Талдыаралдағы электр желілері жаңартылып, қосымша ауызсу ұңғымасын қазуға жоба-сметалық құжаттары әзірленді.

Тұрғындар берекелі бастамаларға қолдау білдіретіндігін айтып, ауыл маңайындағы мал жайылымдық жерлерді ұлғайту бойынша ұсыныстарын жеткізді. Шаһар басшысы аталған мәселеге орай шаруашылық иелерімен нақты жұмыстар жасалатын болады деді.

***

Ақсуат ауылында да атқарылып жатқан игі іс көп. Оның дәлелі – биыл округке газ желісі тартылып, тұрғындар «көгілдір отынға» қосылды. Құны 4,8 млрд теңгені құрайтын бұл жобаға көпшілік алғысын жаудырды.

Бюджеттің барлық деңгейінен бөлінген 971,9 млн теңгеге 13 көше орташа жөндеу көрді. Жаңадан 2 аялдама қойылып, жарық бағаналары тартылды және жаяу жүргіншілер жолы салынды. Инженерлік-инфрақұрылымды дамытуда қосымша құрылыстар жүрді.

«Samruk-Kazyna Trust» ӘЖДҚ демеушілігімен 240 млн теңгеге спорт кешені салынып, пайдалануға берілді. Кәсіпкерлер демеушілік жасап, орталық алаңды абаттандырып, көркейту-көгалдандыру шараларына үлесін қосты.

Бұдан бөлек, бюджеттен тыс қаражат көздерінен 242 млн теңгенің жұмыстары атқарылуда.

Бұл кездесуде ақсуаттықтар ауызсудың жайын айтып, қосымша ұңғымалар қазуды сұрады. Аяқсу жетіспеушілігі бойынша да мәселе көтеріп, нақты шаралар қабылдау қажет екендігін жеткізді. Қала әкімі әрбір ұсыныс-тілек ескерусіз қалмайды деді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: