Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлеуметтік дүкендердің әлеуеті қалай?

09.06.2022, 12:00 598

Әлеуметтік дүкен тауарының бағасы жеке сатып алу нысандарының затына қарағанда неге арзан? Алғаш рет шымылдығы  ашылып, жұмысын бастаған сәтте азық-түлік өнімдері халыққа қолжетімді бағада сатылып отырды. Дәл қазір осы жағдай тұрақты ма немесе өзгеріске ұшырады ма? Әлеуметтік дүкендерден тауарды тек тұрмысы төмен отбасылар алуы керек пе?

Қазіргі таңда Қазақстанның кез келген өңірінде әлеуметтік дүкендер көп десек те болады. Аталған нысанда халыққа қажетті жағдай жасалған ба? Сатып алушының сұранысына орай тиімді баға ұсынған әлеуметтік дүкен халық игілігіне сай жоспарды толық орындады ма? Қызылорда облысындағы әртүрлі аумақтағы әлеуметтік дүкендерді аралап, күнделікті қарашаға қажетті азық-түлік өнімдерінің бағасын салыстырып көрген едік.

КБИ мөлтек ауданы, Жаппасбай батыр көшес­інде орналасқан әлеуметтік дүкенге келе­тін тұтынушылар саны әжептәуір екен. Сату орнының маңында көптеген тұрғын үйлер шоғырланғаны сатушыға көп көмек көрінеді. Осы орайда дүкеншіге көкейтесті сауалымызды қоюға  мүмкіндік  туды.

– Халық көп тұтынатын өнімдер: нан, картоп, жуа, сәбіз бағасы тұрақты, бірнеше айдан бері  өзгермеді.  Мысалы, нан  екі  жарым  жылдан  бері  55   теңгеден   көтерілген   жоқ,  картоп – 130  теңгеден, сәбіз екеуінің бағасы бірдей, жуа 65 теңге сатылып жатыр. Күнделікті уақытылы келеді, сатып алушылар тез алып кетеді. Қант бағасы да өзгермеді. Жеткілікті деңгейде бізге келіп отыр. Төрт-бес қаппен бізге картоп жеткізілгендіктен, арасынан бұзыл­ғандары табыла­ды. Дегенмен келетін өнімдердің барлығының сапасы көңілден шығады. Халық кезегі көп, сауда жақсы жүріп жатыр. Ыстық лебізді де, ескертуді де қабылдап жатырмыз, – деді  сатушы  Бауыржан  Ибраев.

Осы орайда әлеуметтік дүкенде жиі сауда жасайтын тұрғындарды да әңгімеге тартып көрдік. Халық күнделікті қажетті тауарлардың сапасына қаншалықты мән береді? Өнімді арзан­ға сататын нысандарға көзқарасы қандай?  Ойымыздағы  сауалдарға  жауап  таптық.

– Бұл нысанның атауын жиі естіміз. Қазіргі таңда көптеген жерде бой көтеруде. Негізінде әлеуметтік дүкен деген жай ғана аты ғана, қара­пайым сатып алу орны секілді. Мұндағы басты артықшылық – қажетті өнімдерді біріктіріп арзан бағада сату. Біз баратын жеке дүкенге қарағанда бағасы төмен. Халыққа қажетті өнімнің барлығы бар. Осы себеппен елдің назарын өзіне аударды, – деп айтты тұтынушы Жан  Бектайұлы.

Расында, қаланың кез келген аумағынан «әлеуметтік дүкен» жазуы бар шағын ғимаратты табу қиынға соқпайды. Әйтсе де, барлығы бірдей өз жұмысын жоғары деңгейде атқарып жатыр деп айту мүмкін емес. Мәселен, «Құлагер» шағын ауданындағы әлеуметтік дүкен өз жұмы­сын тоқтатқан секілді. Дегенмен, Тасбөгет кентіндегі халыққа маңызы бар дүнгіршек жұмыс істеп тұр. Басқа сатып алу орнымен салыс­тырып қарайтын болсақ, мұндағы жағдай мәз емес. Қант және май өнімі жоқ. Бірақ кезекке тұрған халыққа бұл факторлар әсер етпейтін секілді. Бірінен кейін екінші келіп, қолда бар қажетті өнімді алып, әлеуметтік  дүкеннің  саудасын  жүргізуде.

– Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы тұрақты. Менің осы орында сатушы болғаныма 8 ай болды. Осы уақыт аралығында ешқандай өнімнің бағасы өзгерген жоқ. 10 күннен асты қазір қант жоқ, алдағы уақытта міндетті түрде болады. Құмшекердің болмай қалу себебі лимиттің бітіп қалуынан болып отыр. Дегенмен, барлық заттар уақытылы келеді. Әлеуметтік дүкен­ге халық риза, жақсы жұмыс істеліп жатыр. Қарсы тараптардан ескерту жоқ. Қарайым дүкендерге қарағанда баға әлдеқайда қолжетімді әрі сапалы. Сатып алушылар маған ерекше  алғысын айтады, – деді сатушы Назерке Жолдасбек.

Біздің жоспар бойынша үш әлеуметтік нысан­ға барып болып жатқан жұмыспен таныс­қымыз келген. Бірақ аталған себепке байланысты екі ғана дүкенде болдық. Қажетті өнімдердің барлығының бағасы бірдей. Сапа­сы тұрғысынан бір-бірімен шамалас десек те болады. Cөресі толы заттары бар сатып алу орнымен, тез саудасы өтіп кететін әлеуметтік дүнгіршекті  өз  бақылаумызда  ұстадық.

Соңғы кездері қала тұрғындарының шағымы көбейіп кетуіне байланысты шаһардағы әлеуметтік дүкендердің жұмысымен танысу және баға беру жұмыстары жүргізілуде. Осы тексеруден кейін мониторинг мүшесі Ляззат Бақтыбаева өз ойын жеткізді.

– Шағымдарға байланысты әлеуметтік дүкендерге мониторинг жасалынған болатын. Тексеріс барысында анықталғаны, көп сұранысқа ие зат – қант, сүт және май. Дегенмен де, сатушылармен сөйлесу барысында, бұл дүкен­нің әлеуметтік осал топ өкілдеріне арналғанына қарамастан, жақсы қамтылған отбасы яғни, қымбат көлік мінген тұлғалардың да келіп осы заттарды алуы жиіленгенін естідік. Негі­зі, әлеу­меттік дүкендер – әлеуметтік осал топ өкілдеріне арналған және де бұл бағалардың барлығы тек әлеуметтік маңызы бар күнделікті тұтынатын адамдарға көмек ретінде, атап айт­сақ зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі тұлғалар, көпбалалы отбасыларға, жалғыз бас­ты аналарға арналған дүкен, – дейді мониторинг  топ  мүшесі  Ляззат  Бақтыбаева.

Әлеуметтік маңызы бар өнімдер бай-бағланға да, орта тап өкіліне де қажет. Тұрмысы нашар отбасы ғана емес, барлық тұрғын үшін арзан баға таптырмас олжа іспетті. Дәл қазір осы нысандар көбеюде. Ал бұл жайт халық үшін қуанышты жаңалық десек те болады. Осындай алма ғайып заманда халық тұрмысы тең дей алмаймыз. Дегенмен, күнделікті тұтынатын өнімдеріміз бәріне қолжетімді болса, жағдай да тұрақты саналады. Десе де, мемлекетке деген масылдық көзқарастан арылу да керек. Осы орайда ұлы ақын Абай Құнанбаевтың «Тамағы тоқтық, көйлегі көктік, аздырар адам баласын» деген мысалы еріксіз еске түседі.

Нұрдәурен  ЖӘРДЕМХАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: