Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адал еңбек – адам көркі

15.09.2022, 11:40 1352

Еңбек адамы деген кім?

Олар – адал еңбегімен, маңдай терімен, ел ішіндегі еңбекті қара қолдың күшімен жасайтын жандар. Ал мұндай кісілерді көбіне қаладағы қарбаластан емес, ауылдағы ағайынның ішінен таба аласыз. Мәселен, Сырдария ауданы, Бесарық ауылында Сыр елінің атағын жарты әлемге паш етіп отырған Сыр күрішін өндіретін еңбек адамдары бар.

Қар астынан қылтиып көк шыққаннан, қара суық болғанша жер тырмалап, күннің аптап ыстығына қарамастан, көліктеріне отырып, жұмыстарын аяқтауға кіріседі.

Бүгінгі біздің кейіпкерлеріміз – жүргізуші Әнуар Тумырзаев және жас комбайншы әрі тракторшы Асылхан Нұрғалиев.

Әнуар Тумырзаев 1959 жылы дүние дидары­на келген. 1967-1977 жылдар аралығында Бесарық ауылдық орта мектебінде оқыған. 1980 жылы Отан алдындағы борышын өтеп, әскерден елге аман-есен оралады. Сол уақыттан бастап, таңмен таласа оянып, ел игілігі үшін еңбек етуге кіріседі. «Бесарық» ЖШС-де үздіксіз, тынымсыз еңбектеніп, бүгінгі күні  зейнеткерлікке  шыққан.

– Жас жігіт шағымда осы сала­ға келіп, өзімнің дара жолым­ды қалыптастырдым. Алғашқы уақытта техниканың жоқтығы жа­нымыз­ға батса да, шыдамдылық таныта білдік. Елдің ырысы артсын деген ниет болса, екінші жағынан бос сенделіп, қала кезгенше егін даласында дән тасығаным жөн деген болатынмын. Сол кездегі ата-анамыздың берген тәрбиесі мені шыдамдылыққа дағдыландырғанын байқаймын. Бүгінгі жастар мүлдем бұл салаға келмейді деуден аулақпын. Артымыз­дан ерген ізбасарларымыз да бар. Мен жастарды мақтан тұтамын, – дейді  кейіпкеріміз.

Ширек ғасырға жуық уа­қытта жылдың үш мезгілінде, уақыт талғамай қызмет атқарған. Мәселен, көктемде тыңайтқыш, жаз айларында мал азығы шөппен ауылды қамтамасыз етсе, күз мезгілінде күріш және жем таситын. Бір әулеттің ардақты атасы және елдің ағасы болып жүрген, еңбекпен елге көмегін көрсеткен Әнуардай ағамызға  алғыс  білдіреміз.

«Еңбек етсең, қара жер де құр қалдырмайды» деп Абай атамыздың дөп айтқаны бар. Ал оның еңбегі де оңай емес. Барлығына шыдамдылық пен сабырлық, тіпті төзімділік қажет. Неге десеңіз, көктемнің жаңбырлы күніне, жаздың аптап ыстығына, күздің қара суығына төтеп беру қажет болады. Аға буынның жолы­мен жүріп, жас болса да өзінің қабілетімен көпке үлгі болып, алқаптағы адал еңбектен нәсібін тауып жүрген санаулы жастың бірі Асылхан Нұрғалиевті  тілге  тиек  етуді  жөн  көрдік.

Асылхан 1994 жылы Бесарық ауылында дүние­ге  келген. Ең  алғаш  «Бесарық»  ШҚ  2013 жылы өндірістік тәжірибеден өтіп, 2015 жылы жұмысқа қабылданады. Жұмысқа орна­ласқан сәттен бастап, көмекші-комбайнер және күріш жинау науқанына қатысады. Кейін­нен соңғы үлгідегі шетелден келген «Class» комбайншы-көмекші, 2018 жылы комбайншы болады. Көктемде трактормен жер тыр­малау жұмыстары, жаз айларында шөп жинау науқанына қаты­сады. Сонымен қатар «КСК 600» комбайнымен шөпті турап, сенаж дайындап шығарып,  елдің  ықыласына  бөленген  жас.

Бітік егін – ел ырысы. Дәнді егіп, оны  жинап, маңдай  терін  төккендер ас қадірін  жақсы  біледі. Егін  даласының ыстығы мен суығына, қиындығына төзіп  жүрген  еңбек  адамдары  қашанда мақтанышымыз  болмақ.

Маржан  ӘШІРАПБАЙ,

Сырдария  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: