Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлемде адам саны азайып бара ма?

08.06.2023, 12:20 152

Статистика – өте қызықты ақпарат. Десе де, біздің бүгінгі тақырыбымыздағы сандардың сөйлеуі қызықтан бұрын қорқынышты көрінуі мүмкін. Ranking.kz дерегіне сүйенсек, пандемия болған 2020 жылы қайтыс болғандар саны  2019 жылмен  салыстырғанда 9%-ға көбейіп, 63,2 млн адамға жетіпті. Ал,  2021 жылы әлемде 69,2 млн адам қайтыс болған, бұл бір жыл бұрынғыдан 9,6%-ға көп. Қайтыс  болғандардың басым бөлігі – ер адамдар  (ер адам – 37,5 млн, әйел адам – 31,7 млн).

2020 және 2021 жылдары әлемде өлім санының өсуі көп жылдар ішінде алғаш рет байқалған. Бұған дейін бұл көрсеткіш  тіпті 2%-ға да жетпеген болатын.

Ендеше, мына бір статистикаға көз жүгіртейік.

– 2011-2020 жылдары қайтыс болғандар саны 567 млн адамға жетіп, алдыңғы  онжылдықпен  салыстырғанда 6,5%-ға  өсті;

– 2001-2010 жылдары – 532,3 млн адам, 3,8%-ға көбейді;

– 1991-2000 жылдары – 512,7 млн адам, 5,7%-ға артты,

– 1981-1990 жылдары – 485,2 млн адам, 2%-ға өсті;

– 1971-1980 жылдары – 475,7 млн адам, бұл керісінше, алдыңғы онжылдықпен салыстырғанда 0,9%-ға аз.

Өткен онжылдықтарға жасалған сандарды мысал етіп көрсеттік, әрі ол – болары болып, бояуы сіңген статис­тика. Мамандар алдағы онжылдықтарда адамдардың қайтыс болу көрсеткіші туралы да болжап отыр. Тіпті, жыл өткен са­йын сан жағынан өсім де бола беретінін жазады. Хош, соны­мен…

2021-2030 жылдары әлем халқы 645,1 млн адамға, 2031-2040 жылдары 738,1 млн адамға, 2041-2050 жылдары 862,3 млн адамға, 2051-2060 жылдары 975,8 млн адамға азаяды деп болжанса, көрсеткіш 2061-2070 жылдары және 2071-2080 жылдары 1,1 млрд адамға, 2081-2090 және 2091-2100 жылдары 1,2 млрд адамға дейін жетеді дейді. Әрине, мұның бәрі – тек болжам. Оның үстіне «тумақ бар да өлмек бар» десе де, әлем халқында әртүрлі деңгейдегі өсіммен туу көрсеткішін де ұмытпаған жөн.

Бұл ретте, 1000 адамға шаққандағы өлім-жітім көрсеткіші болжам бойынша 2022 жылы 8,4 болса, 2030 жылы 7,9-ға дейін төмендеп, артынша қайта өседі. 2040 жылы – 8,6, 2050 жылы – 9,4, 2060 жылы – 10,2, 2070 жылы – 10,7, 2080 жылы – 11,2, 2090 жылы – 11,5, 2100 жылы 11,9 болады деп болжанған.

Айталық, елімізде соңғы 20 жылда алғаш рет жаңа туған нәрестелер бір жылда 9,5%-ға азайды. Былтыр 403,9 мың сәби дүниеге келсе, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 42,6 мыңға аз екен.

Жалпы туу көрсеткіші елдегі демография­лық жағдайға қалай әсер етеді? Осыны нақты көрсету үшін статистика мамандары халықтың табиғи өсу коэффициентін пайдаланады. Елімізде табиғи өсім коэффициенті сегізінші жыл қатарынан төмендеп келе жатқаны ашық айтылады. Бұл жағдай Қазақстанда туу өсімінен басқа халықтың қартаю үрдісінің байқалуымен, пандемия кезіндегі өлім-жітімнің көптігімен  түсіндіріледі.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: