Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлем халқының саны қанша?

17.11.2022, 12:00 375

«Әлемде қанша қазақ бар?» деген сұрақ әлеуметтік желілерде жиі-жиі қойылып жүр. Бірақ, бұған нақты жауап беру қиын секілді. Дәл осы сұрақ төңірегінде ізденгендердің материалдарына көз жүгіртіп, әр жерде әртүрлі цифрдың қолданылғанын байқадық. Бір анығы, XX ғасырдың басында Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың «Әлхамдулиллах, халқымыздың саны 6 миллионға жетті» дегенін көпшілік жақсы біледі. Ал, былтыр ғана ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда он тоғыз  миллионыншы адам дүниеге келді» деп өзінің әлеуметтік  желідегі  парақшасында  жазған  болатын.   2022  жылдың  1 қазандағы жағдай бойынша еліміздегі халық саны 19 млн  691,9 мың адамға жетіп отыр. Бірді айтып, екіге кетіп жатырмыз. Десе де, қазақ даласындағы геноцидтер болмағанда қазіргі санымыздан жер қайысар еді. Көп қорқытады, терең батырады. Халық санының көптігі экономикаға да оң әсерін тигізеді. Бұл сөзімізді экономистер растайды. Осы күні мың өліп, мың тірілген халықтың өкілдері әлемнің әр қиырында тіршілік етіп жатыр. Жазушы Мұхтар Мағауин  «10 миллионнан асқан халықтың тілі құрымайды. Құриды деген адамның тіліне шоқ түссін» дейді. Әрине, саны аз ұлт пен ұлыстардың өлі тілге айналуы қазір-ақ. Тіпті, алыптарға жұтылып кетіп, тілінің тарихын таппай қалып  жатқандары  қаншама?!

– 1991 жылы Тәуелсіздігімізді жария­лаған кезде қазақтар Қазақстан халқының тек 40% үлесін құраған еді. Қазір  қазақтардың  үлесі 70%-дан асады. Құдайға шүкір, осы жылдары біз Қазақ­стан халқының санын сақтап қалдық. Жыл сайын елімізде 400 мыңнан аса бала дүниеге келеді. Мен 1 шілдеде Қазақстан халқының саны 18 млн болатынын мәлімдеймін, – деген еді 2017 жылы экс-президент Нұрсұлтан  Назарбаев.

Жалпы, статистика – өте қызық тақырып. Сандарды сөйлету, цифрларды сұрақ ету арқылы оқырманның құлшынысын арттыруға болады. Сондықтан біз «Әлем халқының саны қанша?» деп тақырып қойдық.

Қараша айының ортасында әлем халқының саны 8 млрд адамға жетеді деп болжануда. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің БАҚ-қа арналған үндеуінде  айтылды.

Онда БҰҰ басшысы алдағы онжылдықтарда халық өсімінің ең жоғары көрсеткіштері бар елдер орнықты даму мен өркендеудің локомотивіне айналады деген үмітін білдірді.

– Қараша айының ортасында әлем халқының саны сегіз миллиардқа жетеді, бұл – тамақтану, денсаулық сақтау және санитария саласындағы ғылыми жетістіктердің дәлелі, – деді БҰҰ басшысы.

Сонымен бірге ол бұл демографиялық жетістіктер миллиардтаған адамның  қиын  жағдайда өмір сүруіне, жүздеген миллионының тамақтанбауына және тіпті аштыққа ұшырауына байланысты екенін атап өтті. Көптеген адам соғыс пен климаттық апат салдарынан  үйлерінен  кетуге  мәжбүр.

«Егер біз байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты жоймасақ, сегіз миллиард халқы бар әлемде шиеленістер мен сенімсіздіктер, дағдарыстар мен қақтығыстар жалғаса бермек», – деп  ескертті  БҰҰ  Бас  хатшысы.

Оның айтуынша, бірнеше миллиардер адамзаттың ең кедей жартысындай байлықты басқарады екен. Әлемдегі ең бай адамдардың бір пайызы әлемдік табыстың бестен бір бөлігін құрайды. Ойланып көріңіз, сөйлемді тағы бір қайталап оқып шығыңыз. Бұл әлемде бай мен кедей арасының алшақтап кеткенін еске салады. Ең бай елдердегі адамдар кедей елдердің тұрғындарына қарағанда  30 жылға  ұзағырақ  өмір сүретіні  тағы  бар…

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: