Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адам саудасы алаңдатып тұр

03.08.2023, 11:40 239

Әлемде құлдыққа  тыйым салынғанына қарамастан, қазіргі кезде 50 миллионнан астам адам өзінің еркінен тыс өмір сүреді. БҰҰ мамандарының мәліметі бойынша жыл сайын адам сатудан түсетін табыстың көлемі  150 млрд АҚШ долларын құрайды. Осыдан 10 жыл бұрын, «тірі тауар» бизнесінен түсетін табыс әлемде  5-7 млрд АҚШ долларын құраған болса, «батпанқұйрық» бизнестің бірнеше есеге өскенін көреміз.

Жыл сайын 30 шілдеде әлемнің барлық елдері Бүкілдүниежүзілік адам саудасымен күрес күнін (World Day against Trafficking in Persons) атап өтеді. Бұл күн  2013 жылы желтоқсан айында  БҰҰ  Бас Ассамблеясының резолюциясымен бекітілді. 30 шілденің таңдалған себебі: 2010 жылы 30 шілдеде адам саудасымен күрес жөніндегі жаһандық іс-қимылдар жоспары қабылданды. Қазақстан 2008 жылы адам саудасымен күрес бойынша алғашқы маңызды халықаралық құжат – 1926 жылы қабылданған «Құлдық туралы конвенцияны» ратификациялады. Осы тақырыпқа қысқаша сараптама жасап, еліміздегі адам саудасымен күрес бағытындағы жаңалықтарға үңіліп көруді жөн санадық.

АПТАСЫНА  1  МЛН  ТЕҢГЕ  ТАБЫС  ТАПҚАН

Жуырда астаналық полицейлер 6 адамнан құралған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүше­лерін қолға түсірді. Топ мүшелері бір жыл бойы притон ашып, ерікті-еріксіз әйелдерді жезөкшелік пен жеңгетайлыққа жұмылдырған. Олар елорданың элиталық тұрғын үйлерінің бірінен үш үлкен пәтерді жалға алып, қылмыстық жолмен жүйелі түрде табыс тауыпты. Кейіннен анықталғанындай, ұйым­дасқан қылмыстық топ мүшелері өздерінің қызметін жан баласына білдірмей, астыртын әрекет еткен. Ол үшін тұрғын үй кешенінің күзет­шілерімен «жақын» қарым-қатынас орна­тып, сұраған ақысын төлепті. Ал күзетшілер полиция қандай да бір рейд жүргізгенде, топ мүшелеріне жедел хабарлағандықтан олар жалға алған пәтерлерінен дер кезінде қашып кетіп  отырған.

Ал сырттан келетін тұтынушылар пәтер­лерге тек әкімшіге қоңырау соғып, соның рұқсатымен кірген. Сексуалдық қызмет көр­сететін қыздар мен әйелдерді интернетке «массаж жасайтын жұмыс береміз» деген жарнамалық хабарландыру арқылы тартып, әңгі­мелесу барысында жезөкшеліктен түсетін табысты 50/50 бөліп алуға келіскен. Өзара келісім жасалған соң, притон үзіліссіз жұмыс істеп, тәулік бойы табыс әкелуі үшін тәнін саудал­аушыларға күндізгі және түнгі жұмыс кестесін бекіткен. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері «батпанқұйрық» бизнестен орта­ша алғанда апта сайын 1 млн теңгеге де­йін табыс тапқан. Полицейлер жасырын жұмыс істеген притонды әшкерелегенде сексуал­дық қызмет көрсететін 11 адам ұсталды. Ал пәтерлерден 20 мың АҚШ доллары, 156 мың ресей  рублі және 720 еуро көлемінде ақша тәркіленді. Бір алаңдатарлығы, мұндай қылмыс  қанатын  кеңге  жаюда.

ҮШ  КҮНДЕ  –  47  ҚЫЛМЫС

Бүгінгі  таңда  халықаралық  еңбек  нары­ғына етене еніп кеткен Қазақстанда адам сау­дасы көбейіп келеді. Бір ғана нақты мысал. Биыл маусым айында жүргізілген «STOP-трафик» атты қылмыстың жедел алдын алу іс-шара­лары  аясында полицейлер адам саудасына қатысты 47 қылмысты анықтаған. Соның ішінде 3-еуі – адамның еңбегін қанау арқылы заңсыз еркінен айыруға, 10 факті адам саудалауға, соның ішінде 5-еуі – кәмелет жасына толмағандарға қатысты дерек, 7 факті әйелдерді жезөкшелікке тартуға, соның ішінде 3-еуі – кәмелетке толмағандарға қатысты дерек, 27 факті  жеңгетайлыққа  және жезөкшелікке жегетін  притондар  ұстауға  жатады.

Үш күнде құқық қорғау органдарының қызметкерлері жезөкшелікпен айналысқан адамдарға бөлме беруге қатысты 30 әкімшілік құқықбұзушылықты, қоғамдық орындарда адамдарға ақылы жыныстық қызмет ұсыну­ға қатысты 453 оқиғаны тіркеген. Жоғарыда айтыл­ған 47 қылмыстың ішінде көпшілігі адам еңбегін қанау, сәбилерді сату, адам ағзасының бөліктерін сату, сексуалдық қызметке мәжбүрлеу көп кездеседі. Нақты мысалдар келтірейік. Осыдан екі жыл бұрын Алматы облысының тұрғындарын елең еткізген оқиға болды. 39 жастағы әйел бала сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптыларға жаңа туған нәрестесін 500000  теңгеге  сатқан.  Әлбетте,  нәрестені  сатып алуға жай киіммен полицейлердің барғанын  ол білген жоқ. Безбүйрек әйел өзінің қолымен жасаған қылмысы үшін заң алдында  жауап  береді.

Биыл Қостанай облысының бір қаласында тұратын, колледжде оқитын өрімдей қыз ұшты-күйлі жоғалып кетті. Сөйтсе, 38 жастағы бір әйел әлгі қызды алдап-арбап, бопсалау арқылы жезөкшелікке тартыпты. Өзі бірнеше қалада жалға алған пәтерлеріне «тұтынушы­ларын» шақырып, жас қыздың тәнін саудалап, табысқа кенелген. Интернеттегі жарнамада бір шикілік барын сезген полицейлер жалға берілген пәтерден жеңгетай әйелді де, жас қызды да қолға түсірді. Алаяқ әйелден зардап шеккен қыз туыстарына қайтарылды. ҚР Қылмыстық кодексінің 134-бабы бойынша («Кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке тарту»)  қылмыстық  іс  қозғалды.

Қарағанды  облысында бір шаруа қожа­лы­ғының   жетекшісі  көп  жылдар  бойы   30  және 52 жастағы екі ер адамды қорқытып-­үркітіп, құлдық­та ұстаған. Еңбегі қаналған бейбақтар шаруа қожалығындағы барлық жұмысты (шаруа­шылық жүргізу, техниканы жөндеу, мал бағу, мал ұстайтын жерлерді күту мен тазалау) тегін атқарған. Олар бірнеше рет қашуға әрекет еткенімен, қожайын қуып жетіп, ұрып-соғып, қожалыққа қайтып әкеліп отыр­ған. Шаруа қожалығы сол маңдағы автокөлік жолынан 65 шақырым жерде болғандықтан, құлдықтан қашып құтылу оңайға соқпаған. Кейінірек, шаруа қожалығына сырттан барған адамның  көмегімен  құлдықтағы адамдар бос­тандыққа шықты. Құзырлы органдар адамның еңбегін қанау үшін заңсыз еркінен айыр­ған азаматқа қатысты тергеу жүргізіп, істің ақ-қара­сын  анықтауда.

БІР  ЖЫЛДА  100  АДАМ  ҚҰЛДЫҚҚА  ТАП  БОЛАДЫ

Мұндай адам шошытарлық деректі құқық қорғау органдарының өкілдері Мәжілісте «Адам саудасына қарсы іс-әрекет туралы» заң жобасының таныстырылымында жұртқа жария етті. Заң жобасын депутаттарға таныс­тырған Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Сәденов кез келген адамның мұндай қылмыстың құрбаны болуы мүмкін екенін ашық айтты. Ол адам саудасының әртүрлі формасы бар екенін, соның ішінде негізінен сексуалдық тұрғыдан қанау, еркінен айырып, еңбегін  қанау,  қайыр сұрауға мәжбүрлеу, асырап алуға жаңа туған сәбилерді сату, адам ағзасының бөлшектерін саудалау сияқты түрле­рі  көп  кездесетінін  мысалға  келтірді.

Құзырлы министрлік өкілі 2023 жылдың басы­нан бастап адам саудасына  жататын 65 қыл­мыс  тіркелгенін  мәлім  етті. Соның  ішінде, 37-сі – жеңгетайлық  және  притон  ұстауға; 16-сы – адам сатуға (осының 12-сі – кәмелетке толмағандар); 11-і – жезөкшелікке  тартуға (3-еуі – кәмелетке толмағандарды  тарту); 1-еуі еңбегін қанау мақсатымен еркінен айыру­ға  жатады. «Жалпы алғанда, жыл сайын адам  саудасына қатысты 100-ден аса қылмыс тіркеледі. 2020 жылы – 111 факті, 2021 жылы – 103  факті, 2022 жылы 77 факті тіркелді. Бір жылда  кем  деген­де 5  ұйымдасқан  қылмыстық топтың заңсыз іс-қимылдарын әшкерелейміз. Біздің азаматтардың Бахрейн королдігіне, Оңтүстік Кореяға және өзге елдерге еңбегін қанауға жөнелту арналары жабылғанын жария еткім келеді»  деді  Ержан  Сәденов.

Ішкі істер министрінің орынбасары адам сататындарды қылмыстық жауапкершілікке тарту және оларға қарсы күресу – бұл тек жаһандық тажалдың салдарымен ғана күресу екенін мойындады. Өйткені, үкіметтік емес ұйымдардың мәліметіне үңілсек, адам саудасынан зардап шегетіндердің саны ресми деректен бірнеше есеге көп екенін көреміз. Себебі, «батпанқұйрық» бизнестің таңғалдыратын табыстылығы, жоғары деңгейдегі құпиялығы, әлем елдерінің әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынасының тереңдеуі осы қылмыстың тез өршуіне жол ашып отыр. Яғни, адам саудалаушылар жан қинамай тез байып кету үшін өз құрбандарына алдау мен зорлық көрсетудің алуан түрлі формасын ойлап табады. Көбінесе аңқау адамдар құқықтық сауатының төмендігінен бума-бума ақшаға құныққан қаныпезерлердің құрығына түсіп қалады. Қатты алаңдатарлығы, бала сату да белең алуда. Көбінесе өмірдегі қиын жағдайға тап болған әйелдер баласын сатып, қиындықтан құтылуға ұмтылады. Қарызға белшесінен батқан бейбақтар шарасыздығынан өзінің ағза мүшелерін сатуға мәжбүр болады. Бұлардың бәрі заңнамамыздың осалдығынан, трафикке қарсы күресте күш біріктіре алмай отырғандығымыздан  болып  отыр.

ҚАЗАҚСТАН  ҚАНДАЙ  ЗАҢ  ҚАБЫЛДАЙДЫ?

Мемлекет  басшысы  Қасым-Жомарт То­қаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында адам сау­дасына тосқауыл қою үшін арнайы заң қабылдау қажеттігін тапсырды. Ішкі істер министр­лігі әзірлеген «Адам саудасына қарсы іс-әрекет туралы» заң жобасы шетелдердің үздік тәжірибесін ескере отырып, 50-ден аса кәсіби сарап­шының қатысуымен жазылып шыққан. Құжатта 6 тарау, 22 бап бар. Заң жоба­сында тұңғыш рет «адам саудасының құрбаны», «адам сау­дасының ықтималды құрбаны», «адамның осал жері», «адам саудасына қарсы күресетін субъек­тілер» деген ұғымдар енгізілген. Ең бас­тысы, «адам саудасы» деген ұғым БҰҰ-ның Палер­мо  хаттамасына  сәйкес  түсіндірілген.

Заң жобасын дайындаушы тараптар мына­дай негізгі тәсілдерді басшылыққа алыпты: біріншіден, мемлекеттік органдар мен азаматтық сектордың кешенді жұмысына негізделген адам саудасымен күрес жүйесін қалыптастыру. Өйткені, полицейлер мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдармен, коммерциялық емес ұйымдармен, туристік қызмет субъектілерімен және жұмыс ұсынатын жекеменшік агенттіктермен қоян-қолтық жұмыс істегенде ғана белгілі бір нәтиже болатынын біліп  отыр.

Екінші маңызды тәсілдің бірі – осы қылмыстың алдын алу, адамдарды құлдықтан сақтандыру мен тәуекелдерді азайту. Тәуекелдерге талдау жасамас бұрын, адам саудасына жол ашатын себептерді сараптап алған абзал. «Бұл бағытты заңдық актілер арқылы реттеуді ұйғардық. Адамдарды алдын ала сақтандыру іс-шаралары, өз кезегінде нақты ұйымдастырушылық, құқықтық, зерттеу, ақпараттық және әлеуметтік-экономикалық бағыттарды бекітеді. Заң жобасында адамның ізіне түсу қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғатыны заңнамамызда жазылған» деп түсіндірді заң жобасын Ержан Сәденов. Үшінші тәсіл – адам саудасының құрбандарын қорғау. Адам саудасының құрбандарына көмек беру мен қорғау барлық халықаралық келісімдердегі міндетті нормалардың бірі болып табылады. Сол себептен, құрбандардың барлық құқық­тары заң жобасында тайға таңба басқандай етіп жазылған. Оларды біртұтас дерек көзіне біріктіру қабылдау процесін жеңілдетеді және құрбандарға өз құқықтарын түсінуге, қорғауға көмектеседі.

Сондай-ақ, заңгерлер мен сарапшылар құлдыққа  түсуі ықтимал азаматтарды сақ­тандыру мен қорғау мәселесіне де ерекше ден қойып отыр. Заң жобасында кәмелетке толмаған адам саудасының құрбандарының құқықтарын қорғауға бөлек тарау енгізілген. Ең  бастысы, осы қадам арқылы ҚР Қылмыс­тық кодексіне адам саудасына жататын қылмыстар  деген  жаңа  санат  енгізілмек.

САРАПШЫЛАР  НЕ  ДЕЙДІ?

Зейнал ГАДЖИЕВ, БҰҰ Көші-қон жөніндегі ұйымының Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Өзбекстандағы миссиясының жетекшісі:

«Адам саудасымен күресте түпкілікті нәтиже беретін бағдарлама әлі жоқ, демек оны жақсарту мен дамытуға мүмкіндік мол деген сөз. Десек те, бұл саладағы Скандинавия елдерінің және Ұлыбританияның табысты тәжірибесін атап көрсетуге болады. Оларда адам саудасының құрбандарын анықтау, заңға сәйкестендіру, көмек көрсетудің дамыған механизмі қолданылады. Ал Қазақстанға бұл бағытта Гүржістан, Молдова және Беларусьтің тәжірибесі барынша пайдалы болады және сәйкес келеді. Адам сату жасырын қылмысқа жатады, көбінесе онда ұйымдасқан қылмыс­тық топтар әрекет етеді, ал құрбандарды сауық­тыру мен реинтеграциялау аса маңызды. Бұл жерде мынадай тізбек бар: құқық қорғау органдары қылмысты анықтайды және жолын кеседі; әлеуметтік қызмет ұйымдары құрбандарға қажетті көмек көрсетеді; еңбек инспекциясы адам еңбегін қанауға жол бермеу үшін заңнаманың қатаң сақталуын қадағалайды; ҮЕҰ ақпараттық науқандарды жүргізеді, құрбандарды емдеп-сауықтыратын баспана ашады, құқықтарын қорғайды; БАҚ адам сау­дасымен күрестегі іс-шараларды бұқараға жеткізіп, құқықтық сауатын ашады. Бұл тізбекті одан әрі жалғастыруға болады. Ең бастысы, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі, сапалы және адал жасалуы қажет. Әрбір ұйым бөлек өз жұмысын сапалы атқаруы мүмкін. Алайда, барлығымыз күш-жігерімізді біріктірсек, одан ұтпасақ, ешқашан  ұтылмайтынымыз  анық».

Эльвира  ӘЗІМОВА,

Конституциялық соттың төрағасы:

«Салалық заңның болмауына қарамастан, Қазақстан қылмыстық кодексте адамның ағзасы мен клеткасын сатқаны үшін жазалайтын бап енгізген елдердің тізіміне кіреді. Азаматтық заңнамада мұндай қылмыстың алдын алатын шаралар қарастырылмаған. Тәжірибе көрсеткендей, адамдар екінші рет құлдыққа түсуі мүмкін. Бұл олардың әлеуметтік жағынан алғандағы осалдығын ғана емес, қайта жұмысқа тұруда көптеген қиындықтармен бетпе-бет келетінімен байланысты. Біз бұл қылмыстың өршуіне дем берушілер мен оңай олжаға кенелгісі келетіндерді тәубесіне түсіру үшін, мемлекеттік саясаттың қатаңдығын көрсете отырып, кешенді және сапалы алдын алу іс-шараларын тездетіп қабылдауға тиіспіз».

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: