Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Абайдың түсі

28.03.2021, 18:00 485

HALYQLINE.KZ …Камалия шешеймен менің де кездесуіме тура келді. Сонда Абай жайында айтқан естелігі бар еді.

– Бір күні атам таңертеңгі шайға күндегіден көңілсіздеу келіп отырды, – дейді Камалия. Әйтеуір жүзінен бір реніштің жайын анық аңғардым. Шай ішіліп болған соң, мына бір жайды қозғады.

– Бүгін түсімде өзім бұрын еш көріп білмеген төрт адам мені бір жаққа алып кеткісі келген ыңғаймен әурелей бастады. Егер бұл адамдар алып кеткендей болса, қайтып келмегім қиындайтын сияқтанып қысыламын да, көмекке біреулердің келуін өтініп дабыстадым. Менің бұл үрейлі даусымды ешкім де естімеді білем, көмекке тірі жан да келмеді. Қараңғыда әлгі төрт адамды тануға тырыстым. Бірақ, мен білетін адамдардың бірде-біреуіне ұқсамайды. Олардың менің қысылғаныма көңілдерін бөліп жүргендері бір байқалмады, керісінше қалай да мені әкетудің қамын ойластып жүр.

Кейін, мені әкетудің бір жайы жетіспегендей болды ма, ақыры өзара сөйлесіп, үш күнге дейін қажеттілерін жасап алып қайта оралмаққа уәделесіп қараңғылыққа еніп қарасын өшірді. Түсін осылайша ауыр тыныс алып айтып шыққан атам әлден соң, тағы да былай деді:

– Төрт адам мені қыспаққа алып жүрген төрт құбылам емес пе екен? Үш күнде қайта оралмағы үш ай болмасын. Сол үш айдан кейін дүниеден көшетін болам ба? – деді біртүрлі күңіреніп. Мен атамның сөзінің барлығын жақсылыққа жорыдым…

Бірақ, атам жоруымды еш естігенмендей сыңай танытып, жауап бермей үн-түнсіз отыра берді. Дәл сол үш айдың аяқталар тұсында атам қайтыс болды…

К.Оразалин,

«Абай ауылына саяхат» (113-114 беттер).

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: