Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

70 пайызға жуық ас мәзірі қазақ тіліне көшірілді

31.01.2023, 15:00 234

HALYQLINE.KZ Бүгін қала әкімдігінің баспасөз орталығында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов мәдениет саласында атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер туралы баяндады.

– Жалпы, өткен жылы 1310 мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізіліп, оған 221 518 көрермен қамтылды. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы бойынша жас дарынды өнерпаздарды үлкен сахнаға дайындау үшін қала орталығындағы және кент, ауылдық округтердегі клубтар мен мәдениет үйлер жанынан барлығы 91 үйірме жұмыс істеп, оған 1032 көркемөнерпаз қатысты. Мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындары түрлі деңгейдегі 122 байқауға қатысып, жүлделі оралды, – деді бөлім басшысы Жағыпар Айтбайұлы.

Сонымен қатар, облыс бойынша мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында Қызылорда қаласында 280 мәдениет үйірмесі жұмыс істеп, 11 701 бала қамтылған. 2022 жылы қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі ғимаратының сыртқы жылу құбырларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз кіріп-шығуына толық жағдай жасау мақсатында мәдениет үйінің кіреберісіне пандус орнатылды.

Тіл саясатын насихаттау бағытында қала аумағында орналасқан мейрамханалар мен жылдам әзірленетін дәмханалардың ас мәзірлерін қазақ тілінде жазу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, бүгінде 70 пайызға жуық ас мәзірлері қазақ тіліне көшірілді. Сондай-ақ, «Қызылорда автобус паркі» теңгеріміндегі жаңа автобустарға GPS қондырғылары толығымен орнатылғаннан кейін электронды аялдама атаулары қазақ тілінде аталады және ұлттық нақыштағы әндер мен күйлер орындалып, «Қазақ» радиосы» арнасы қосылмақ.

Кітапханаға келген оқырман сұранысын қанағаттандыру, сапалы қызмет көрсету, кітап берілім жұмысын тездету мақсатында жүйеге қарасты барлық кітапханаларда әр түрлі сала бойынша 277 кітап сандық форматқа көшірілді.

Айта кету керек, биыл Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығы аясында түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастыру, «Көктем нұры» атты дәстүрлі республикалық оқушылар айтысы мен «Бұрымды қыз» облыстық телевизиялық байқауын өткізу жоспарға қойылған. Алдағы уақытта физиологиялық ерекшелігі бар жандардың талантын шыңдау мен өнерін көпшілікке насихаттау мақсатында қалалық Жастар театры жанынан ашылатын «Инклюзивті театрдың» тұсаукесері өтпек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: