Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

13 жылдан кейінгі той

22.01.2020, 11:58 1886

Біз қалтасы қалың болмаса да, бір-бірімізден қалыспайтын халықпыз. Расы сол, әсіресе той жасауда табанымыз жерге тимей кетеді. Бай-бағландарға ереміз деп жарлы-жақыбайлар да шашылуға бейім. Мұндайда «аттыға еремін деп жаяудың таңы айырылыпты» деген сөз еріксіз тіліңе оралады.  Тойға келгенде жастар арасында да өзара бітіспес бәсеке бар. О жағын айтпаса да белгілі. Бірақ, біздің қоғамда барлығы демесек те, ішінара шаруаны ақылға салып шеше алатын жұптар да бар екен. Олар отау құрып, алты баланың ата-анасы атанғаннан кейін ұлан-асыр той жасаған.

Қызылорда қаласының тұрғындары Талғат пен Махаббат осыдан он үш жыл бұрын тойда танысқан. Таныстықтарының соңы үлкен махаббатқа ұласып, екеуі үйленбекке шешім қабылдапты. Үйленген соң Талғат ағайын-туыс арасында кішігірім той жасамақ ниетте болады, алайда оған тұрмыс мәселесі кедергі келтіреді. Анасының жағдайына қарап, салмақ салғысы келмеген Талғат неке қидыру рәсімі кезінде мәһр сыйлығына келіншегіне үлкен той жасап беруге уәде етеді.

Арада он үш жыл өтеді. Жарасымды жұптардың алтын асықтай үш ұл, үш қызы дүниеге келеді. Осы уақыт аралығында отағасы жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істейді. Семейде вахталық әдісте жұмыс істеп көреді. Ара-тұра жұмыстан да қол үзіп, сәтсіздіктерге ұшырап қалады. Алайда Алла қосқан адал жарының алдында берген уәдесін орындау үшін барын салады. Ақша жинайды. Нәтижесінде Махаббаттың туған күніне (5 желтоқсан) сыйлық жасап, қаладағы «Меруерт» тойханасында ұлан-асыр той жасайды.

Отбасында бес ағайындымыз.  Әкем осыдан жиырма жылдай бұрын дүниеден өткен. Содан бері бізді анамыз жалғыз өзі тәрбиелеп, өсірді. Үйленгенімізде анамның жағдайына қарағаным да сол. Алла маған мені түсінетін, жағдайыма қарап, жаныма жалау болатын жар жолықтырғанына ризамын,- деді Талғат Аманжолов.

«Тойыңа бармаймыз, ұят жағдай» деп келмей қалғандар да, қызық көріп тойға келіп, бірақ орын жетпей қалғандар да болды» дейді ол. Ең бастысы, балалары дән риза. Ата-аналарының үйлену тойына қатысқан балаларда расында арман болсын ба?

P.S. «Тойымда ақ көйлек киіп, ағайындардың арасында шалқып жүрсем» деп армандайтын кәнігі арулардың арасында арманына араға он үш жыл салып барып жеткен Махаббаттай түсінігі мол қыздар көп болса екен деген ой орала берді. Әйтпесе «Той істемесек болмайды» деп тастабандап тұрып алатындар көп қазір.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: